Жарнама
Қоғам

МАҚСАТ ТА, МІНДЕТ ТЕ АУҚЫМДЫ

 Құрылыс ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?

Жыл ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 253,2 млрд.теңгені немесе алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 84,4 пайызды құраған. Жалпы ауданы 515,9 мың шаршы метр тұрғын алаң (оның 109,6 мың шаршы метрі бюджет қаражаты есебінен салынса, 378,3 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй) пайдалануға берілген.

Есепті мерзімде тұрғын үй жинақтау жүйесі арқылы 60 пәтерлік бір несиелік үй, сонымен қатар 870 пәтерлік 19 үй тапсырылды. Бұдан бөлек 13 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысаны іске қосылды.

Соған қарамастан, құрылыс саласында жоспарланған жұмыстардың толықтай орындалмағандығы аңғарылды. Осылайша, тұрғын үй жинақтау жүйесі бойынша 720 пәтерлік 15, қазына қаражатына салынып, жалға берілетін 480 пәтерлік 11 үйдің, сол секілді 12 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысанының құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылға ауыстырылған. Мұның сыртында, бюджет қаржысына тұрғызылып, жалға берілуі жоспарланған 405 пәтерлік тоғыз, қалалық әкімдіктің кезегіне тіркелген азаматтар үшін 315 пәтерлік жеті және жас отбасыларына арналған 90 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысын жалғастыру да 2014 жылдың еншісіне қалдырылған.

Құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, өткен жылы білім беру саласында 1344 орындық төрт мектеп пен 480 орынға шақталған екі балабақша пайдалануға берілсе, тағы да төрт мектеп пен жеті мектепке дейінгі балалар мекемесінің құрылысы басталған. Бұған қоса, биылғы жылы 1944-2745 орындық алты мектеп пен 12 балабақшаның және 75 орынға лайықталған бір жатақхананың құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасады. Сонымен бірге, алдағы уақытта бой көтеретін бірқатар білім беру нысандары мен лицей, колледж тәрізді кәсіптік білім беру орындарының оқушылары мен студенттеріне арналған бірнеше жатақхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде.

Денсаулық сақтау саласы бойынша да былтыр сегіз дәрігерлік амбулатория мен бір фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталса, соның ішінде бір мезгілде 50 емделушіні қабылдауға есептелген екі амбулаторияның құрылысы аяқталып, игілікке берілген. Сәйкесінше, мұнда да 2014 жылы 12 медицина мекемесі жаңадан бой түзеп, тәулігіне 250 емделушіге қызмет көрсету мүмкіндігі бар емхана, СПИД орталығы, жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық балалар ауруханасына жапсаржай құрылыстары аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Баяндамада аталып кеткеніндей, коммуналдық шаруашылық, мәдениет, спорт, қоршаған ортану қорғау нысандарының құрылысын дамытуға да қазынадан қомақты қаржы қарастырылған. Нақтылай кетсек, Атырау қаласында 100 орындық монша-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғастырылып, Салтанат сарайы, Еркінқала селосында 200 орындық мәдениет үйі салынады. 

 ЖОЛДЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ ЖӨНДЕУДІ КҮТЕДІ 

Келесі кезекте талқыланған автокөлік жолдарының жайын Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аманжан Тәкешев баяндады.

Айтылғанындай, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3051,6 шақырымды құрайды. Оның 990 шақырымы республикалық, 2061, 6 шақырымы жергілікті маңыздылықтағы жолдар болып табылады. Осы келтіріліп отырған жергілікті маңызға ие автокөлік жолдарының 37 пайызы ғана қанағаттанарлық жағдайда деп есептелінсе, қалған 63 пайызының қазіргі жай-күйі ешқандай сын көтермейді.

Арнайы бағдарлама аясындағы іс-шараларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 15059,8 млн.теңге (былтырғы деңгеймен салыстырғанда 62,7 пайызға артық) қаржы бөлінген. 2013 жылы бұл мақсатқа қаралған 9441,7 млн. теңге қаражат толығымен игерілген. Биыл да ескіріп, тозығы жеткен жолдарды күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыруға қазынадан тағы да 2,5 млрд. теңге бөлініп отыр.

Осылайша, 2013 жылы «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» облыстық маңыздылығы бар автомобиль жолының 114 шақырымы жаңғыртылса, 123 шақырымдық «Қарабау-Миялы» трассасының 16 шақырымы қайта жаңғыртылған. Жоспарланғанындай, 2014 жылы республикалық трансферттен бөлінген қаржыға Тұрғызба (Жылыой ауданы), Бейбарыс (Махамбет) және Ганюшкино-Приморье-Утера-Котяевка» (Құрманғазы) ауылдарын байланыстыратын жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады, бұған 1635,6 млн.теңге көлемінде қаражат шығындалады.

Бұдан бөлек, 2013 жылы облыстық маңыздылықтағы 150 шақырымдық «Атырау-Индер» автокөлік жолының тең жартысынан астамы күрделі жөнделді, бұл шаруа да 2014-те өз мәресіне жетеді деп межеленген.

2014-2015 жылдарға межеленген жұмыстарды жоспарлы жүзеге асырғанның өзінде жергілікті маңыздылықтағы жолдардың 42-47 пайызын, ал республикалық маңыздылыққа ие автотрассалардың тең жартысын ғана қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге болады екен.

СӘУЛЕТ ДӘУЛЕТКЕ САЙ БОЛУЫ ТИІС

Күн тәртібіндегі мәселеге орай облыс әкімінің алдында есеп берген Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Төлеп Орынбасаров та өзі жетекшілік ететін саланың тынысына тереңірек тоқталды.

Бүгінгі таңда облыста 168 елді мекен (оның екеуі қала, 166-сы село немесе ауыл) бар деп есептелінеді. Осылардың арасынан тек төртеуі немесе 2,4 пайызы ғана (облыс орталығы Атырау қаласы, Доссор, Мақат және Индербор кенттері) бас жоспармен қамтылған.

Мәселен, айтылып отырған елді мекендердің бас жоспармен байланысты жұмыстарды атқаруға, жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға былтыр 562,8 млн. теңге қаралса, биыл бұл мақсатқа 624,4 млн. теңге қаражат бөлінген. 

Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы айтылған ұсыныс-пікірлермен толықтай келісетіндігін және толғақты мәселелердің оңтайлы шешімін табуына қолдау көрсететіндігін жеткізді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button