МАХАМБЕТТІҢ АЛМАС ЖЫРЛАРЫ ЕРЛІККЕ ҮНДЕЙДІ
Махамбет Өтемісұлының туған жылы 1803 жыл екендігін архив құжаттары дәлелдеп отыр. Әрі ЮНЕСКО-ның шешімімен бұдан 10 жыл бұрын ұлы ақынның 200 жылдығы халықаралық деңгейде атап өтілді ғой. Бұл алалықты, басқа да бұрмалаушылықты өлкеміздегі махамбеттанушы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Шамғонов «Егемен Қазақстан» газетінде жеткізе жазды. (17.09.2013 ж.)
Тегінде атақты адамдардың еңбектерінің бағалануында, көпшілікке танылуында бір-біріне ұқсамайтын бақыт-баяны болады. Олардың бірқатарының ісі мен сөзі еліне бірден жетеді, ал, кейбіреулері зерттеушісін, жоқтаушысын күтіп жатып қалады. Мәселен, Махамбет өлгенде Шоқан тоғыз жаста, Ыбырай бес жаста болатын. Ал, ұлы Абай бесікте жатқан бір жастағы шарана еді. Яғни, Махамбет жырлары ХІХ ғасырдағы біртуар қазақ ұлдарының сөздерінен көп уақыт бұрын өмірге келген. Оларды Махамбетпен салыстыруға болмайтын басқа да жайлар жеткілікті. Шоқан мен Ыбырайдың жазғандары өздерінің көзі тірісінде жарық көрді. Олардың орыс замандастары бұлар жөнінде сол кезде-ақ айтты. Абай да ел-жұртына ерте танылды. Халқымыздың белгілі ұлтжанды зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов ақынды бірден түсініп, қазақтың бас ақыны, ұлы хакім деп көтеріп кетті, шығармаларын жинақтап, баспаға ұсынды. Содан бері Абай ел аузында келе жатыр. Оның шығармашылығынан 30-дан астам кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалған екен. Демек, осынша жаңалық ашылды деген сөз. М.Әуезовтің өзі оның өмірбаянын қайта-қайта өңдеп, толықтырып, төрт рет жазыпты. Ол жөнінде жазылғандардың тізімінің өзі (библиографиялық көрсеткіш) қалың екі кітап болып баспадан шықты.
Ал, Махамбет шығармашылығы туралы сөз одан өзгерек. Оны әуелі тарихшылар зерттеп, көтеріліс басшысы болған «Екі арыстың бірі» ретінде таныды. Обалы не, толымды пікір айтып, көтерілістің әділ бағасын беруге жақындаған орыс тарихшылары оралдық Никита Савичев пен орынборлық Александр Рязанов болды. Бұлар көтерілісті халықтың ұлт-азаттық көтерілісі дегенге меңзеді. Ал, бірқатар зерттеушілер «бүлікші», «халықты азғырушы», «ханға қарсы шығушы» деп тар шеңберде қарастырды. Кеңестік кезеңде оны «тап күресі» дегеннен аса алмады.
Ал, ақынның жырлары ел аузында, халықтың жүрегінде сақталды. Оның туындылары алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласында шыққан «Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны» деген жинақта басылды. Оған Махамбеттің үш толғауынан 150 жолдай жырлары ғана енген. Соның өзінде басылымға татар тілінің ықпалы тиіп, бірқатар сөздер мен тіркестер елеулі бұрмалаушылыққа ұшыраған. Одан кейін 1910 жылы Орынбор қаласындағы Каримовтер баспасынан шыққан «Шайыр» атты жинақта «Исатайдың қандасы Махамбет жыраудың сөзі» деген бөлім беріліп, ақынның тағы бір топ өлеңдері баспаға шықты. Ондағы «Ереуіл атқа ер салмай», «Мен – мен едім, мен едім» деген өлеңдері қазіргі біздің қолымызда жүрген кітаптарға кірмей жүрген сөздері бар нұсқада жарияланған көрінеді.
Мен – мен едім, мен едім,
Торыға мінсең қайыспас.
Қас қара нар мен едім
Шабуыл салса шаршамас,
Шыны тұлпар мен едім.
Қарсыласып келгенде,
Қап түбіне сыймаған,
Қара болат мен едім, — деген жолдарды мысалға келтіре отырып, ғалым Исатай Кенжәлиев: «Бұлардан басқа Махамбеттің тағы белгісіз екі өлеңі бар. Осы күнге дейін бұл өлеңдердің бізге жетпеуі оларды оқудың қиындығынан шығар… Қысқасы, жинақта бірталай дүние бар, тек зерттеушісін күтіп тұр», — деп жазады (И.Кенжәлиев «Исатай-Махамбет», А-А. 1991 ж.).
Махамбеттің жеке өлеңдер жинағы Ташкентте 1925 жылы, яғни, олар ақын аузынан шыққаннан кейін бір ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін жарық көреді. Толық болмағанмен, бұл барынша сауатты берілген. Ол ақынның кейінгі жинақтарына негіз болып жүр. «1927 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарияланған 304 жол өлеңінде бізге беймәлім «Кеше бір зынданда жатып құбылдық, қаумалаған көп дұшпанға қор болдық» деген жолдар бар» дейді зерттеушілер. Одан кейін де мерзімді баспасөзде Махамбет өлеңдерінен үзінділер беріліп, мақалалар жарияланып тұрды. Ал, оның ғылыми тұрғыдан зерттеліп-зерделенуі профессор Қажым Жұмалиевтен басталады. Ол ақын өлеңдерін жинап, алғысөз жазып, 1939 жылы қайта шығарды. Содан кейін 1958, 1960 жылдары да оның басылуына бастамашы болды.
Қ.Жұмалиев Махамбет шығармаларын одан бұрын да 1940 жылдан бастап өзі автор болған жоғары сынып оқушыларының (ол кезде VІІІ, қазір ІХ сынып) оқулықтарына енгізді. 1948 жылы көлемді монографиялық еңбек жазды. Сол еңбектерінде ол «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде толыққанды адам образын жасаған алғашқы ақын – Махамбет» деп дәлелдеді. Сондай-ақ, бұл еңбектерде ақын өлеңдері тақырыптық, кезеңдік жағынан топтастырылып, тілдік, құрылымдық жағынан сараланды. Абайды әлемге танытқан М.Әуезов болса, Махамбетті жарқырата ашқан Қ.Жұмалиев деуге толық негіз бар. Махамбетті танытуға, насихаттауға басқа қаламгерлер де атсалысты. Олардың ішінде Ы.Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанын, І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» пьесасын, Қ.Жұмалиевтың «Айқас» повесін, Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», Б.Аманшиннің «Махамбеттің семсері», Н.Әбутәлиевтің «Қайран Нарын» романдарын атап айтқан жөн. Ал, қазақ ақындарының ішінде оған өлең арнамағандары жоқ болар. Бұл – құптарлық та, қуантарлық іс болғанмен, олар ғылыми-зерттеу емес, көркем шығарма ғана. Бұларда жазылғандарды нақты тарихи дерек деп қабылдаудың керегі жоқ, ол – жазушылардың қиялынан туған дүние. Бұлардан шығатын қорытынды: Махамбеттің өмірін де, шығармашылығын да түбегейлі зерттеп болдық дей алмаймыз.
Сонда ол қандай бағытта болуы керек? Алдымен, Махамбеттің әлі де халқына жетпеген жырлары болуы керек. Оны И.Кенжәлиевтің жоғарыда айтқан пікірі дәлелдейді. Ондай ойды кезінде С.Мұқанов та айтқан. Осы жерде тағы бір болжам жасауға негіз бар. Қ.Жұмалиев кезінде «заманына қарай амалын» жасап, әйтеуір ақынның өлеңдерін баспадан шығару ниетімен саясатқа келіңкіремейтін тұстарын алып қалуы не өңдеп жіберуі мүмкін. Мысалы, Махамбеттің біз білетін өлеңдерінде отаршылдыққа, орыс шенеуніктері мен әпербақан казак-орыстарға қарсы сөздер ұшырасып жарымайды. Сондай-ақ, ақын өлеңдерінің текстологиясын қайта қарап, кейбір сөздер мен сөз тіркестерін нақтылап, түсінік берілуі керек. Күні кешеге дейін «Ереуіл атқа ер салмай» деген баршаға мәлім өлең жолдарындағы «ереуіл» сөзін біреулер «ерулі», біреулер «ерттеулі» ат деп, әр саққа жүгіртіп келді. Тіпті, қазақ салт-дәстүрінің білгірі С.Мұқановтың өзі «Халық мұрасы» кітабында бұл сөзге «бұрынғы жаугершілік заманда жолдастарының аты оққа ұшса, оны мінгестіріп алу үшін басы артық ері болады екен, бұл содан шыққан сөз» деп түсінік береді. Енді біреулері «жетектеп жүретін қосымша ат» деп түсіндіреді. Жан алып, жан беріскен қолма-қол шайқаста жауынгерлер бір атты жетектеп жүреді, болмаса басы артық ер алып жүреді деген ойдың өзі оғаш емес пе? Ал, «бір атқа екі ер салады» дегенге қалай қарайсыз?!
Осы сөзді Қ.Өмірәлиев моңғолдың «ирэгуль» (жекпе-жек) сөзімен байланыстырса, академик Ә.Қайдаров «біреуге не бір нәрсеге күш көрсету» деп түсіндіреді. Ал, ғалым Р.Сыздық моңғол, қалмақ тілдерімен салыстыра келіп: «Ереуіл» сөзі «ат» сөзімен тіркесе келіп, «мықты ат, тың ат» (мінбей сақтаған ат) деп әбден сыйымды пікір айтады. Шынында да, «бәйге ат» деген сияқты ереуілге, яғни жауға, я барымтаға мінетін ат деген түсінікті емес пе? Рабиға Сыздықова бұрынырақта «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Махамбет өлеңдерінің әр сөзін түсініп оқиық» деген мақаласында осындай 50-ге тарта сөз бен сөз тіркестерін талдайды. Ол мәселені ақи-тақи шешпейді, бұндай жұмыс әлі де жалғаса беруі керек, ол айналада пікірталас болуы да заңды, ол шындыққа жеткізеді.
Бұл тек бір сөздің төңірегіндегі айтылғандар, осындайлар қаншама? Мен Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Махамбет – ерлік пен елдіктің өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдарын қайталап қарап шыққан едім. 2003 жылы шыққан жинаққа 69 зерттеу-мақала, тәжірибелік баяндама кірген. Авторлардың осы қалайы жоқ, кілең ғалымдар, ең осалы – тәжірибелі деген озат мұғалімдер. Олардың талдауында Махамбет өлеңдеріне соқпай кетпейтіні белгілі. Салыстыра қарағанда, кейбір өлеңдердің әртүрлі болып келгенін көрдік. Енді содан бірнеше мысал келтіріп, сөзімізді дәлелдейік.
Қазақстан экономика және құқық институтының оқытушысы Ш.С.Ниятова Махамбеттің «Күн қайда?» деген өлеңінен:
«Кет Бұғадай билерден,
Ақыл сұрар күн қайда?» — деген үзінді алып талдайды.
Ал, Тараз мемлекеттік университетінің мұғалімдері О.С.Сәлімбаев пен М.К.Керімбаев осы жолдарды:
«Қарт бұғыдай билерден,
Ақыл сұрар күн қайда?» — деп алады. Қайсысы дұрыс? Кетбұға (бірге жазылады) – тарихта болған тұлға, Шыңғыс ханның заманында өмір сүрген жырау, күйші-композитор. Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда, қаралы хабарды жеткізуге ешкім бата алмайды. Сонда басын бәйгеге тігіп, ауыр міндетті өз мойнына алады. Әуелі: «Теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а ханым, Терек түптен жығылды, кім тұрғызар, а ханым», — деп ханды қаралы хабарға әзірлеп алады да, баласының өлімін күймен естіртеді. «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі осылай туыпты-мыс.
Қарт бұғы да жаман теңеу емес, тыңдаушының көзіне паңдықты, өрлікті, тазалықты елестетеді. Бірақ, қалай болғанда да, адамның жөні бөлек. Кетбұға көңілге қонымды.
Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің өкілі Б.У.Нұрдәулетова және Атырау университетінің оқытушысы А.Қ.Нұғыманова (баяндамалары бөлек) ақынның «Тарланым» өлеңінен:
«Кермиығым, кербезім,
Керіскендей шандозым», — деген егіз ұйқасты жолдарды алса, оны Астана қаласының №26 орта мектебінен келген Н.Қ.Қаратаева:
«Кермиығым кербезім,
Келіскендей шандозым», — деп алады.
Бұл да – бұрыннан бір ізге келе алмай жүрген жолдар. Алдыңғысын жақтаушылар керіскендей «сөзін керу», «тартысу», «күреске төзімділік» деп түсіндіреді. Ал «шандоз» – «кербездің синонимі» деп түйеді. Осы сөз тағы бір жерде «Қарағай шаптым шандоздап» деп келеді. Енді ағашты кербездеп емес, келістіріп шабатын болар. Сонда Қаратаеваның алуы өз-өзінен дұрысқа шықпай ма? «Кермиық» сөзі де түсіндіруді керек етеді. Ол керме иық (екі иығына екі кісі мінгендей, жауырыны қақпақтай деген мағынада) болса жөні бар. Бұл жерде қатар келген екі дауысты дыбыс кірігіп кетіп тұр. Ал, кермиық деп қарасақ, мүлде басқа мағына береді. Миық – езу (езуінен күлді, езуі жиылмады).
Тағы бір сөзді талдаудың реті келіп тұр. Әуелі өлеңге жүгінейік. Жоғарыда аталған жинақта Б.У.Нұрдәулетова:
«Томағалы сұңқар мен едім,
Томағалы найзамен,
Толықсып жауға шапқанда
Бір озғанмын жұртымнан», — деген үзінді алады. Томағалы қыран құс болатыны белгілі. Ал, найзаға томаға кигізбеген, тіпті ондай бола қалған күнде де жауға шабарда алып тастамай ма? Ол толғымалы (яғни, толғап-толғап шаншатын) болса дұрыс. Ал, Махамбеттің жырларында найзаға байланысты тіркестер көп (егеулі найза, алты құлаш ақ найза, болат найза, көк найза, ақ сүңгі т.б.), бірақ томағалы деген метафора кездеспейді.
Махамбет Өтемісұлы туралы айтылар сөз таусылмақ емес. Оның өлеңдері де сирек, әрі азғантай таралыммен шығады. Ол әр үйде болуы үшін кемінде 25-30 мың данамен таралуы қажет қой, ал бізде әрі кеткенде бес мың данамен ғана басылады. Ол жөнінде жазылғандар да жинақталмай жүр. Мәселен, Қажым Жұмалиевтың ақын туралы зерттеуін қазір табу қиын. Бұл адам А.Байтұрсыновтан кейінгі әдебиет теориясын жазған кісі. Ол тіл-әдебиет факультетіндегілерге 40 жылдай оқулық болған еді. Қазір атымен жоқ.
Меніңше, семсер ақын Махамбетке қатысты әрбір дерек, әрбір сөздің нақтылығы ауадай қажет.
Мұрат АТАШҰЛЫ,
Ақтоғай селосы,
Махамбет ауданы.