Жарнама
Қоғам

МАХАМБЕТ МІНЕЗДІ АҚЫН

Мен даламды да қызғанам.

Отаны жат біреулер менсінбегенде,

Ей, ағайын, мені тым «жершіл» демеңдер!

Мен төзбеймін жат біреу қожасып жүрсе,

Бабаларымның қаны мен тері сіңген жерге, – деп өзінің кең даласына, байтақ Отанына деген махаббатын намыстың наркескенін жарқылдатып айтқан ақынның екінші өмірі, өзі айтқандай «жырға айналған ғұмыры» басталғанына да жыл жақындап қалыпты.

Дөңгеленген дүниеде айтарын ашып айтып, турап түсер кесек мінезімен «юбка киген Махамбет» атанған ақынның өзі кеткенмен, мұра боп қалған бай қазынасы оқырманымен сырласып, жан дүниені еркін ойларға, шын сезімді құрметтеуге, шындықты жақтауға шақырып тұратын сыңайлы.

Мынау өмірді өліп-өшіп сүйіп, соңына жасындай жарқылдаған ғажап поэзия қалдыру – екінің біріне бұйырмаған бақ. Сонау Кеңестік дәуірдің өзінде «Қарғыс» атты еркіндікке ұмтылған «Қара континент» әйелдері туралы толғау жазуы – ерлікпен пара-пар. Цензураның қылышынан қан тамып тұрған кезінде негр қызының монологы арқылы өзінің, қазақтың ақын қызының жан сырын ашып көрсетті.

«Топастар жанды ұға ма —

Еселер қайғы-мұңды.

Тентіреп қаңғығанға

Ақтарып байлығыңды.

Құлазып құлдыраған,

О, менің мұңды далам», – бұны тек Фариза ақын ғана айта алды. Құрсақта дөңбек-шіген шаранадай, тыншымас дауыл жаны өрекпіп, алабұртып мынау Ғаламның, Жер шарының мұңына алаңдады.

«Даланың ұқпай мұңын,

Жүргенге өшігер ем», – деп негр қызының аузына сөз салды. Сөйтіп, даласының, қазағының болашағын уайым қылған ақын жүрек жыр нөсерін жаудырды. «Қайткенде төсіңе мен, бақ құсын қондыра алам», – деп жаны шырқырады. Перзент болсаң, осындай бол! Ақын болсаң, осылай айт!

«Батыр ақын болмаса,

Ол бойына мін емес!

Ақын батыр болмаса,

Көрген күні-күн емес», – деп әріде ата-бабаларымыз айтып-ақ кеткен ғой!

М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында өткен Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 75 жасқа толуына арнап өткізілген шараларды қорытындылау кеші халқының ақынына деген махаббатының куәсіндей болғаны ақиқат.

Театр актерлері шеберлікпен сомдаған ақынның балауса кезі, жастық шағы, қоғам қайраткеріне айналған тұлғасы көрермендердің көз алдынан өтіп жатты. Ақын өлеңдерімен өріліп берілген әдеби композиция көпшілік көңілінен шықты. Оған залды кернеп кеткен разылық білдіріп, қошемет көрсеткен дауыстар айғақ.

Поэзия падишасына арнал-ған кеште сөз сөйлеген Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан тебірене тұрып: «Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың ортамыздан кеткеніне де бір жыл жақын. Ақын рухына тағзым ету мақсатында облыста жүйелі түрде шаралар тізбегі өткізіліп келеді.

Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы А.Нысанғалиевтың басшылық етуімен жоспарлы түрде ұйымдастырылып отырған бұл поэзия күндері халқымызға рух беріп, жаңа күндерге бастайтыны даусыз. Фариза апай туралы айтатын нәрсе көп болғанымен, көпшілік алдына шыққан кезде тіл-жағың қарысқандай күй кешесің. Ол – ақын жырының құдіреті.

Расы керек, апамызбен көзі тірісінде бірге сырлас болып жүрдік. Жалпы, бар нәрсе сөзден басталады. Жақсылық та, жамандық та. Жаратушы соның бәрін ақынның иығына арқалатады. Оны көтере алған да бар, көтере алмаған да бар. Осындай жыр арқылы артқан тағдырдың ауыртпалығын көтере алмай, өмірден ерте кеткен ақындар қаншама?! Фариза апамыз соның бәрін көтерді. Қасиетін де, қасіретін де жүрегіне теңдеп артты.

Ол жырларында өмірдің шындығын айтты. Артық кетпеді, кем қалмады! Дәл нысанаға көздеп, елдің ойын дөп басты. Өмір шындығын бұрмаламай, әсемдетіп те жібермей, не солдырмай өз күйінде берді. Апамыз сонысымен биік еді. Ол өткелі бір жыл.

Алайда сағынып, сарылып отыра беруге де болмайтыны анық. Сондықтан Республикалық ақындар мүшәйрасын, 1-ші Республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің конкурсын ұйымдастырдық. Атырау қаласының ең көрнекті жеріне апамыздың тас мүсін-ескерткішін орнату мақсатында конкурс жарияланды. Келесі жылы, бұйыртса, орнатылатын болады.

Бүгінгі шараны ұйымдастыруда күн-түн демей еңбектеніп жүрген Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы Атырау филиалының басшысы Қ.Жыл-қышиевтың еңбегі айтуға тұрарлықтай! Сондай-ақ, «Алтын топшы» әдеби бірлесті-гінің басшысы А.Яхудаға, облыстық драма театрдың режиссері Ж.Телтаевқа, барша актерлерге алғыс айтамын.

«Жыр – менің жалғыз тарланым,

Аялап өтер ардағым» атты республикалық жабық ақындар мүшәйрасының Бас жүлдесі ақын Б.Бабашқа тапсырылады. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 75 жылдығына арналған 1-ші Республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің конкурсында Бас жүлдені алған Нәзира Әшімді сахнаға шақырамын», – деп ақтарыла тұрып, көл-көсір пейілін білдірді.

Одан кейін сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының басшысы Қойшығұл Жылқышиев те ақын рухының биік екенін, халқымен бірге жасайтынын айтты.

Ақындар, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері Әлия Дәулетбаева, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Ұлмекен Шәукенова, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері Бақытгүл Бабаш ақын апаларына деген сағыныштарын жыр арқылы төкті.

Кеш соңы Фариза ақынның сөзіне жазылған әндерге ұласты.

Иә, «Мен бір қызық адаммын:

Қатал тағдыр сілкілеп, мың сынаған,

Құлап, тұрып сонда да тыншымаған», – деп өзі жырлағандай, өршіл мінезді дауылпаз жырлар халқының жүрегінде. Табиғаттың өзіндей шыншыл, адал, рухы биік ақынның отты жырлары, нәзік те сыршыл лирикасы болашақ мінберінде мәңгілік сөз алып тұрғаны сөзсіз.

Менде бір тебіреніс бар

(Кейде өзім де түсінбеймін).

Дауыл күнгі дарияның күшіндей бір.

Сондықтан ба – қыз-ғұмыр бұл өмірді,

Қуаныш-қайғысымен ішіп-жеймін.

Осы сезім алаулап бойда тұрса,

Асылы, кішірмеймін, – деген өлең жолдары бар оқырманның жүрегіне жол тауып, дәл бір өз көңілінен шыққандай сезімге бөлейтінін қайтерсіз! Халық Фаризасын ұмытпайды. Өлеңдерін жадында сақтап, рухымен сырласады. Асылында, ақын бақыты деген де сол шығар…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан СӘкембайұлы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button