МАЙДАНГЕРДІҢ ҰЛЫ
Бір қолын майдан даласына қалдырып, ауылға оралған сол көкеміз «мүгедекпін ғой» деп қарап жатпай, бірден еңбекке араласып кетті. Тіпті, кейбір тепсе темір үзетін жігіттердің екі қолымен тындыра алмаған жұмысын майдангер бір қолымен-ақ атқарып, қыста қолындағы малға ырғақпен (шөп жұлатын құрал) мая-мая шөпті босатып, құдықтан бір қолымен қауғалап су тартып тұратын. Осы сурет санамда жатталып қалыпты.
Ол Көздіғара, Ойыл, Жамбыл ауылдық кеңестері атқару комитетінің төрағасы болып, абыройлы еңбек етті. Майданда көрсеткен ерлігі үшін 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталса, 1985 жылы «Құрмет белгісі» орденінің иесі атанды. Сол уақыттарда онымен бірге менің әкем Көрген Бақтығалиев та жұмыстас бола жүріп, партком хатшысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған еді. Әкеміздің Қабен көкеміз жайлы айтқандары әлі күнге есімде. «Ол кісі берілген жұмысты тап-тұйнақтай етіп, тиянақты бітірмей бір тыным таппайтын еді» дейтін. Оның жары Жүрек анамыз да иман жүзді, мейірімі мол жан-тұғын. Олар өмірге бір ұл, бір қыз әкеліп өсіріп, тәрбиеледі. Үлкені Сара апамыз бүгін еңбек жасындағы зейнеткер атанса, кішісі Сайын 1963 жылы мектепті бітірісімен туған ауылында бір жылдай еңбек етіп, шопанға көмекші де болды, жерден құдық та қазды, тракторист те болды.
Кейін арманы алысқа жетелеп, 1964 жылы Алматыға барып, Каз ГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Арада екі жыл өткенде жанұяның бас көтерген жалғыз ұлы ауылдағы ата-анасына қарайлап, туған жерге оралды, шаңырақ құрып, Валентинамен отау құрды. Бірақ, Алматыға қайтадан жол түспей, Атырау педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, өзінің Қоныстану ауылындағы Жаңашаруа орта мектебінде дәріс беріп, отыз жылдай жас ұрпақты тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосты.
«Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, Қабен көкеміздің тәрбиесін жасынан бойына сіңіріп өскен Сайын да кешегі тоқырау жылдары жазғы үш ай каникулда қарап жатпай, ауылдың іргесінен жер алып, балаларымен бірге егін салып, төрт-бес жыл қатарынан ауыл халқын көкөніспен қамтамасыз етті. Кейін жеке дүкен, монша ашуды қолға алды. Алайда, жиырма жылдан аса ауылдың білікті акушері атанып, Қоныстану селосындағы талай жанұяға қуаныш сыйлаған жұбайы Валентинаның қазасы Сайынға ауыр тиді. Сонда да ол қайғыны иығымен көтере жүріп, балаларына әрі әке, әрі ана бола білді. Соның дәлеліндей, үлкені Қуандық ауылда электрик болса, Жазирасы әке жолын таңдап ұстаз атанды. Динарасы саз мектебінде еңбек етсе, Ғабиты – дизайнер-суретші, Қуанайы – шаруагер. Ал, немересінің алды Азамат та қолғанат бола жүріп, атасының қасынан бір елі қалмай, одан көп нәрсені үйренуге бейім.
Міне, Ұлы Жеңістің жандай құрдасы Сайын Қабенұлы да бүгіндері жетпістің жотасына шықты. Жақында оның шағын өлеңдер топтамалары да жинақ болып жарық көрді. Сыршыл сезімге толы жырларын оқыған сәтте еріксіз тебіреніп, көзіңе жас аласың. «Әке көрген оқ жонар» деген ғой, бар күш-қайратын туған еліне арнаған майдангердің ұлы да осындай парасатты азамат атанып отыр.
Махмут КӨРГЕНОВ,
еңбек ардагері,
Атырау қаласы.