Жарнама
Қоғам

МАЙДАНГЕР ЖОЛЫ

 

Жеті жасында Еңбекші селолық бастауыш мектебінде сауатын ашып, жеті жылдық Тегісшіл орта мектебінде білімін жалғастырады. Кейін Сарайшық орта мектебінде оқып, 1942 жылы өзі секілді жастармен бірге аудандық әскери комиссариатқа барып, майданға баруға өтініш жасайды. Бірақ, комиссариат жастары жетіңкіремеген бозбалаларды Гурьев-Астрахан темір жол құрылысына аттандырады. Кейін Бақсай аудандық әскери комиссариаты тарапынан кеңес әскерінің қатарына шақыртылып, жеделдетілген курстан өткен Таласбай әуе десанты бөлімшесіне қабылданады. Сөйтіп, майдан даласындағы алғашқы шайқасын Лодейное поле қаласы түбіндегі Свирь өзені тұсынан бастайды.

Өзеннен өту кезінде 98-ші гвардиялық әуе десанты дивизиясының құрамында болып жаудың мықты бекінісін бұзып, Карелияның Олонец, Петрозаводск қалаларын жаудан біржолата тазартады. Финляндия азат етіліп, Карелия соғысы аяқталғаннан кейін 1944 жылдың шілдесінде Украина майданында үлкен ерлік көрсетеді. Сондай-ақ, Мор, Веспрем, Варпалота қалаларын азат етуге қатысты. Таласбайға 1945 жылдың наурыз айында Сталиннің бұйрығымен Алғыс жарияланады.

Жеңіс күнін Таласбай Чехословакия жерінің Пиьзен қаласында қарсы алды. Қазір Мәскеу қаласының №13 Парк көшесіндегі №351 орта мектепте Т.Есенғазиев құрамында болған 98-ші гвардиялық Қызыл Тулы Свирь дивизиясына арналған мұражай бар. Онда дивизия құрамындағы жауынгерлердің майдан жолдары, естеліктері жинақталған. Сол мұражайда кейіпкерімізге арналған арнайы бұрыш та бар.

Таласбай «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны  жеңгені үшін» медалдарымен марапатталды. Кейінгі мерекелік марапаттар да Таласбайдың әскери шенін толтыра түсті. Жауды жайратып, жеңіске қол жеткізгеннен кейін де Кеңес әскери күштерінің қатарында болып, 1949 жылы ғана елге оралды.

Туған жеріне жеткен соң педагогтық қызметке орналасады. Гурьев облыстық халыққа білім беру бөлімінің кешкі мектеп бөлімінде инспектор қызметін атқарды. Жұбайы Жаніс те қырық жылдың үстінде ұстаздық етіп, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталған. Өмірге төрт ұл, бес қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген бұл отбасының ортамызда орны бөлек. Тірі болса, 90 жасқа толатын Таласбай Есенғазиевтің өмір жолы ұрпақтары үшін мәңгілік мақтанышқа айналды.

Өтеулі ХАСАНОВ,

Құрманғазы ауданы

Мақаш округі

ардагерлер ұйымының төрағасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button