МАЙДАНГЕР ЖОЛЫ
Ол 1914 жылы 14 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Жанқала ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген.
Партия-кеңес жұмыстарында болған Исламғали Баймұқашев соғыстың алғашқы жылында сұранып майданға аттанады. Калининград майданында 100-ші қазақ ұлттық бригадасы құрамында саяси бөлім командирінің орынбасары міндетін атқарады. Одан әрі Украина майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы И.С.Коневтің армиясы құрамында болып Польша, Австрия, Венгрия, Чехословакия, Румынияны азат етуге қатысады. Бұдан кейін, неміс-фашистерінің ордасы Германияға дейін барып, осындағы атақты «Уманско-Ботошанск» шайқасының бел ортасында болады. Осы қиян-кескі ұрыста ерлік көрсеткен Исламғалиға 1-ші танк Армиясының қолбасшысы П.С.Рыбалко «атаулы Бельгия сағатын» сыйға тартады.
Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан аға лейтенант Исламғали Баймұқашев екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін» бірнеше орден, медальдармен марапатталған.
Елге жеңіспен оралған Исекең Бақсай аудандық партия комитетінде хатшы қызметін атқарады. Одан соң Гурьев облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы болады. Бұл қызметте біліктілігі мен ұйымдастырушылық қырынан танылған Исламғали Баймұқашев Жылыой аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып істейді. Осы салада жүріп екі жылдық жоғары партия мектебін тәмамдап, 1958 жылы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалады. Көп кешікпей оны «Заготзерно» кәсіпорнына басшы етіп жібереді.
Азаматтық ары мен кісілік келбетіне дақ түсірмеген ол аталмыш кәсіпорынды озаттар қатарына шығарады. Кәсіпорын жоғары жетістіктері үшін ауыспалы Қызыл туға ие болып, Орталық Комитеттің Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің «Алтын кітабына» жазылады.
Кешегі майдангер, облысымыздың экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға елеулі үлес қосқан Исламғали Баймұқашевтің ерлік істері мен есімі мұрағат құжаттары арқылы насихатталып, ұрпақтар жадында сақталатын болады.