Майданда қол бастаған батыр еді…
Кешегі ел басына күн туған шақта елін, жерін жаудан қорғаған ерлердің бірі – Хамеден Жанғалиев болатын. Ол 1899 жылы қазіргі Құрманғазы ауданының Өлеңді ауылдық кеңесінде, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген.
Отбасы жағдайына, тұрмыстың қиындығына байланысты қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен еңбекке араласады. Еңбек жолын кіндік қаны тамған жерде балық аулаудан бастаған ол сол кездегі Бөкей губерниясы Теңіз уезіне қарасты №5 балық кәсіпшілігінде қатардағы жұмысшы, кейін балықшы болады. 1931-1932 жылдары Ганюшкиндегі (қазірде Құрманғазы) кеңес-партия мектебін бітіргесін жауапты, басшылық қызметтерді атқарады.
Әуелі Забурын селолық кеңесіндегі балықшы кооперативін басқарған. Орал қаласындағы Батыс Қазақстан жоғары комсомол ауыл шаруашылығы мектебін тәмамдағасын Теңіз ауданына қарасты «Елім-ай», «Қызыл Ту» ұжымшарларында партия ұйымдарына жетекшілік етеді. Көп кешікпей «Қызыл Ту» ұжымшарына басқарма төрағасы болып сайланады. Одан әрі еңбек жолы аудандық партия комитетінде нұсқаушы, нұсқаушылық бөлімнің меңгерушісі қызметтерінде жалғасады.
1939 жылы әскер қатарына шақырылғанға дейін Хамеден Жанғалиев Өзбек КСР-ның Шыршық қаласында орналасқан аға саяси жетекшілерді даярлайтын алты айлық курстан өтеді. Ұлы Отан соғысы басталғасын 1942 жылдың наурыз айында атқыштар батальоны құрамындағы роталардың біріне әскери жетекшілік қызметке тағайындалады. Сол жылдың маусымында Стерлитамак қаласындағы әскердегі саяси құрамды жетілдіру жөніндегі қысқа мерзімді оқу курсына тыңдаушы болып қабылданады. Ал, қырық екіншінің қыркүйек айынан бастап 12-ші запастағы атқыштар бригадасында рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып, бұл қызметті екі жылдан астам уақыт атқарады. Оңтүстік-Орал әскери округінде аға лейтенанттарды дайындау курсынан өткесін екінші Беларусь майданының үшінші әскери құрамасының құрамына алынған.
Содан соң 290-шы атқыштар дивизиясының 885-ші полкі құрамында взвод командирі шенінде қол бастап, қарауындағы сарбаздарымен бірге жауға қарсы шиеленіскен шайқастар мен кескілескен ұрыстарға қатысып, ерлігімен, өрлігімен көзге түседі. Өзін өжет, батыл да батыр сардар, нағыз офицер ретінде көрсетеді. 1945 жылдың 10 ақпанында Шығыс Пруссияның Кенигсберг қаласындағы өмір мен өлім белдескен сәттердің бірінде дәлдеп атылған жау оғынан қайран ер қаза табады. Осылайша, офицер Жанғалиевтің сүйегі қазіргі Калининград қаласына жер қойнына берілді.
Есімі елінің есінде қалған майдангер, Отанын жаудан қорғаған батыр Хамеден Жанғалиевтің жарқын бейнесі жерлестерінің жадында мәңгілікке сақталады. Өйткені, есімі 1941-1945 жылдардағы кеңес-герман соғысында қаза тапқан жауынгерлермен бірге туған жеріндегі мәрмәр тақтаға жазылды. Оның нағыз батырға тән ерлік істері ешқашан ұмытылмақ емес.
Дәулетқали АРУЕВ