Махамбеттік кәсіпкер «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін алды
Астана қаласында өткен Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік KazAgro/KazFarm-2022 көрмесінде махамбеттік кәсіпкер Анатолий Ли Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің қолынан «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін алды, деп хабарлайды Махамбет ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
-KazAgro/KazFarm көрмелерінің мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді көрсету және Қазақстанның фермерлерін бірегей алаңға біріктіру. KazAgro – өсімдік шаруашылығы, KazFarm – мал шаруашылығы мен ет-сүт өнеркәсібінің көрмесі. Көрменің жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрады. 20-дан астам елден 300-ден астам түрлі компания мен ұйым өкілдері қатысты. Германия, Түркия, Беларусь, Ресей, Австрия, Испания, Италия, Иран, Израиль, Қытай, Канада, Польша, Швеция және басқа да елдерден сарапшылар келді. Мұндай іс-шара біз секілді ауыл фермерлеріне тәжірибе жинақтауға, ауыл шаруашылығы саласының әлемдегі ең өзекті жаңалықтары мен жетістіктерін білуге көмектеседі. Министрдің қолынан алған марапатым — менің көп жылдан бері төккен терімнің жемісі, Махамбет ауданының ауылшаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесімнің бір бөлшегі деп білемін, деді Анатолий Ли.
Махамбет аудандық ауылшаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы О.Мырзабаевтың айтуынша Ли Анатолий алғашқы еңбек жолын 2002-2006 жылы Махамбет ауданының «Жұлдыз» шаруашылығында бастаған. 2007-2012жж «Асхат» шқ-да жұмыс істеген. 2012 жылдан бүгінге дейін Бақсай ауылдық округінде, «Наурыз» шаруа қожалығында тамшылатып суару әдісін қолдана отырып, егін егумен айналысады.
-«Наурыз» шаруа қожалығы — облыста жылына орташа 120-150 га аралығында суармалы алқапта тамшылатып суару технологиясы арқылы көкөніс, картоп дақылдарын өсіретін іргелі шаруашылықтардың бірі. Биыл да осы шаруашылықта 145 га көлемінде егістік өсірілуде. Шаруашылықта орташа 1 гектардан өндірілетін өнімділік, көкөністерден-500 цн/га, бақша-540 цн/га, картоптан-230 цн/га. Ли Анатолий, сонымен қатар әрдайым Бақсай ауылдық округіндегі әлеуметтік осал топтарға материалдық және қаржылай меценаттық көмегін көрсетіп келеді. Махамбет ауданында және Атырау қаласында, басқа өңірлерде өткізілетін жәрмеңкелерде облыс атынан тұрақты қатынасып тұрады, деді О.Мырзабаев.