Жарнама
Қоғам

МАХАМБЕТТЕ – «ДОСТЫҚ» АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Қазақстан халқының Бірлігі күнін махамбеттіктер жағымды жаңалықпен қарсылады. Мереке қарсаңында аудан орталығындағы саябақта «Достық» алаңы салтанатты түрде ашылды.

Осыған орайластырылған шарада сөз сөйлеген аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Самат Жайлашевтің айтуынша, мұның өзі былтырғы қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында Мемлекет басшысының тарапынан берілген тапсырманың нақты орындалысы болып табылады. Осылайша, бұл күні өңірді мекендейтін өзге ұлттың өкілдері осы алаңға келіп, әрқайсысы өзінің атаулы көшетін отырғызды.

–Бүгінде  Ассамблея  — еліміздегі этносаралық қарым-қатынасты дамыту, өзара келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатын көздейді. Ол қазіргі уақытта сан ұлт пен ұлыстың татулығы мен  достығын, бірлік пен берекені ту еткен іргесі берік үлкен шаңыраққа айналды. Ал, махамбеттіктер болса соның бір кішкентай бөлшегі, құрамдас бөлігі саналады. Ұйымдастырылып отырған шара осы айтқанымыздың айқын куәсі іспетті, — деді өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, аналар кеңесінің төрайымы Жібек Мұғауова.   

Дана халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек», – деп ықылым заманнан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан сөз бар. Бұл ретте, аудан тұрғындары, соның ішінде осында бірімен бірі туысқандықта, бауырластықта өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері ел көлемінде қолға алынған игілікті іске үлестерін қосуда. Айта кету керек, Махамбеттегі «Достық» алаңының ашылуына үнді жігіті  Магеш Баскаросы қаржылай демеушілік көрсеткен. 

– Өзіміз өсіп-өнген өлкемізді жасыл желекке бөлеп, тазалықты сақтау – баршамызға ортақ міндет. «Туған жерге туыңды тік» деген тамаша тәмсілдіің мәні де осында болса керек. Оған атсалысу әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымызға айналуы тиіс. Табиғаттың сұлулығынан, әсемдігінен бойыңа қуат  алып, жаныңа шуақ сыйлағандай әсерде боласың. Ендеше,осыған ұйытқы болған азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, — деп жылы лебізімен бөлісті мәдениет саласының ардагері, корей ұлтының өкілі, қазақтың келіні Антонида Дүсіпова.

Соңынан шараға қатысушылар қазақстандықтардың бейресми ұранына айналған «Атамекен» әнін қосыла шырқап, оның шырайын келтірді.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button