МАҢЫЗДЫ НАУҚАНҒА – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН
— Белгілі себептерге байланысты өндіріс көлемі азайып кетті. Дегенмен, біз жұмысшылардың еңбекақысын кідіртпей, салықты уақытылы төлеп келеміз. Енді алдымызда жаңа өнім түрін шығаратын өндірісті іске қосу міндеті тұр. Тапсырысшыларымыздың талабын бұлжытпай орындауымыз қажет. Ол үшін бәріміз бірігіп, көп болып жұмылуымыз керек. Жалпы, Қазақстанда қаржылық қиындықтарға қарамастан, әлеуметтік тұрақтылық сақталып, жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары құрылуда. Демек, біз бұл дағдарыстан қысылмай шығатынымызға сенімдімін. Кезектен тыс Президент сайлауының өтуі күрделі шақта демеу болары сөзсіз. Меніңше, дәл кезеңде шыққан шешімді қолдап, қатысқанымыз абзал. Болашақты жасау өзіміздің қолымызда,-деді «Атыраумұнаймаш» ЖШС бас директоры Александр Донсков.
Білгеніміздей, аталған еңбек ұжымы биыл мұнай-химия саласына және өңдеуге құрал-жабдықтар шығаратын ауыр және ірі габаритті бұйымдардан құралған цехты іске қосуды жоспарлап отыр. «Атыраумұнаймаш» ЖШС бас директоры Александр Донсковтың айтуынша, цех өнімдері бұған дейін сырттан әкелініп келген тауарлардың орнын баспақ. Бұл жоба қосымша екі жүзге тарта жұмысшыны еңбекпен қамтуға мүмкіндік бермек. Қазірдің өзінде зауыт басшылығы осы салада әлемдік тәжірибесі мол Италиядағы компаниядан оқып келуге жүз маманның тізімін әзірлеп жатыр екен.
Тағы бір айта кетерлігі, келесі жылға бюджет жасақталған кезде жоспарланған жоба ЖШС басшылығы және мемлекеттік органдардың қолдауымен ағымдағы жылы аяқталмақшы. Яғни, зауыт халықаралық стандарттарға сай фланс пен фитингілер шығаратын болады. Өнім көптеген кәсіпорындардың сұранысы бойынша, дәлірек айтсақ, «қара алтын» өндіріп, өңдейтін салаға арнап жасалынып отыр. Әрине, алдымен тапсырыс берушінің сұранысы қанағаттандырылады.
— Біздің қызметкерлеріміз үшін зауыт екінші «үйімізге» айналды, бір отбасының балаларындаймыз. Қоғамда, ұжымда болып жатқан құбылыстарға әрдайым қолдау білдіріп, белсенділік танытудамыз. Тоқсан сегіз жылдан бері қызметін жалғастырып келе жатқан «Атыраумұнаймаштың» өз дәстүрі бар. Ұжымымыздың кезектен тыс Президент сайлауына толық қатысатынына сенімім мол, — деді Александр Владимирович.
Өз кезегінде кідіріссіз жүріп жатқан өндіріс басындағы жұмысшылар бірауыздан елімізде сайлау өткізудің дұрыс шешім екенін, ол дағдарысқа қарсы шаралардың уақытында орындалуына оң әсерін тигізетінін айтты.
Айбөпе САБЫРОВА.