МӘҢГІЛІК ҚАҚПАСЫНА ЕНГЕН ТАРЛАНБОЗ
Жер бетіндегі пендеуи тірліктен биік тұрып, ұлттың рухани құндылығын сақтау үшін басын неге болса да тігетін ардагер еді! Соңында көкірегі қарс айырыла жоқтаған қара ормандай халқы қалды. Қандай кезеңде де кісілік келбетін жоғалтпай, қанындағы тектілік тұла бойынан есіп тұратын. Асылы, пенде шіркіннің мынау фәнидегі ізі адамгершілікпен өлшенсе керек. Ақ нұрға шүпілдеген дүние дидарына кетік түсірмеген қалпында, рухын аласартпаған күйінде жайлап басып кетіп бара жатыр ол…
Осындайда мынау әлемішін тағынған бес күндік жер бетіндегі сапардың тез-ақ екенін танып, күйзелесің, егілесің. Күні кеше ғана емес пе еді ол – Аға, мен – іні болып қазақтың әдебиеті мен мәдениет әлеміне қол ұстаса еніп, басқа тірлік ұмыт қалып, алғаусыз сыр ашатынымыз?! Қолдан сусып түсіп, желдің жетегінде кеткен ақ жібек орамалдай сусыған өмір! Қазақ үшін қаншама жақсылық жасады, ұлтым десе жүрегі елжіреп қоя беретін. Жерлік тірлікке бойұсынбай, қанатын қияға қағатын ата қыран көз жетпес биікке қарай заулап бара жатыр…
Қаншама лауазымды қызметте болса да қарапайымдылығын жоғалтпай, мейірімін күйкі тірлікке тонатпай өткен асыл Тұлға! Бейнесі қашан қара жердің құндағына енгенше жұртының жүрек төрінен орын табатын, алты алаштың ардагер ұлы! Салқын өмір салтынан көңіліміз суыған шақта елесіңе мұң шағып, рухыңмен сырласармыз. Бейдауа дерттің аты Сағыныш болса, сол бітеужара енді жұртыңның да көкірегін сыздата кернейтіні анық. Топырағыңыз торқа болғай, нұрыңыз пейіште шалқығай!
Рахымжан ОТАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық
сыйлықтың лауреаты.