Жарнама
Қоғам

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

   Елбасы ұсынған Ұлт жоспары – бүкіл елдің алдағы жылдары атқарар міндеттерін айқындайтын айнымас бағыт, даңғыл жол. Және ол – Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне үлкен мүмкіндік. Мәңгілік ел ұлттық идеясы тәуелсіздіктің барлық жетістіктерінің сабақтастығы мен қазақстандықтардың болашаққа ұмтылысын бекітетін тұғырнама қызметін атқаратын болады. Ал, Елбасы ұсынған 5 халықтық реформа және оған жасалған жүз қадам Мәңгілік елдің алтын арқауы іспеттес.

 «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты Елбасы мақаласында айтылған әрбір түйіннен ұлттың келешегі айқын көрініп тұр. Тарихи құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, адал кәсіпке құрылған жаңа қоғам құру – қазақстандықтардың басты міндеті.

Аталмыш құжатта Қазақстан халқы Ассамблеясына «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыруды міндеттелді. Бұл жоба ел бірлігін нығайту жолында игі бастамаларға жол ашып, татулықтың таптырмас үлгісін көрсететіні анық. Біздің өңірімізде де осы қағиданы негізге алған барша ұлт өкілі тұрақтылық пен келісімді паш етіп, этносаралық қарым-қатынасты арттыруға барынша атсалысып келеді. Атап өтерлігі, ықпалдастық келісімі шеңберінде бизнесті дамытуда мемлекетаралық ынтымақтастық бойынша облысымыз әлемнің 50-ден астам елімен байланыс жасайды. Бұл – үлкен жетістік және жалғасын табатынына сенемін.

Мемлекетті қалыптастыру­да­ғы барлық әрекеттерді зердеге сал­ғанда Елбасы ауызбіршілікке арқа сүйеп, ынтымаққа иек артуды бірінші кезекке қойды. Президент оны кешегі жолдаған Ұлт жоспарының практикалық кезеңінің басталғандығы жөніндегі мақаласында да «Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасыры топтасқан халықтың ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатынын көрсетіп берді» деп айтқан болатын. Ең бастысы, бізде әр адамның еңбегіне қарай бақуатты өмір сүруіне, алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Әу бастан ханын ұлықтаған, қара қылды қақ жарған билерін сыйлаған, бай-кедейі теңдікте өмір сүрген, әділеттілік салтанат құрған дала демократиясы күні бүгінге дейін жайма-шуақ қоғамда өмір сүруімізге игі әсер етті. Қандайма қиыншылықты бастан өткерсек те, қазақстандық болып табылатын өзге ұлт өкілдерінің этникалық бірегейлігін, мәртебесін сақтауға негізделген ұлтаралық татулықтың үлгісі қалыптасты.

Сейтамин АКАЕВ,
«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button