Жарнама
Қоғам

МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

… Жалпы, «адамшылық қасиет пен ар-ождан биіктігі адамның тегіне байланысты» деген сөздің жаны бар. Мұраттың арғы атасы Аманжол Айдаболұлы Төлемісов атақты әкім Мақаш Шолтырұлының бас кеңесшісі болған екен. Ел ішіндегі арагідік болып тұратын түрлі дау-дамайларды әділ шешуімен өңірге аты шыққан Аманжол келешектің кілті оқу-білімде екенін ерте таныған. Мақаштың жанында жүріп, қолындағы азды-көпті билігін пайдаланып, осы адам болады-ау деген бір топ баланы Орынбор, Қазан, Уфа секілді ірі діни ошақтарда білім алуға ықпал жасаған көрінеді. Сол көкөрім жастардың арасында бала кезінен ауыл молдаларының айтқанын қағып алатын алғыр бала Ақдраш Аманжолұлы да бар еді.

Діни білімді тереңірек игерген Ақдраш ауылы Кетешағылға имам-хазірет болып оралады. Ауыл адамдарына Алланың ақ жолын насихаттап, ел қатарлы ғұмыр кешіп жатқанында иығын жұлып жеп кеңес өкіметі де келіп жетеді ғой. Бай мен молдаға алабөтен шүйліккен қызыл өкіметтің ұзын құрығынан Ақдраш та қашып құтыла алмайды. НКВД жендеттері 1930-1937 жылдар аралығында Ақдраштың соңынан бір емес, екі мәрте түсіпті. Алғашында «байдың тұқымысың» деп шүйлігеді. Ақдраш:

— Алла тағала да байлықты сүйген құлына беретін шығар. Әкемнің маңдай терін сорғалатып жүріп жиған бар дәулетін талан-тараж еттіңдер. Артының қайырын бергей, – деп ашуын сабырға жеңдіріп жауап қайтарады. Араға уақыт салып, репрессия саясатының солдаттары «партияның айтқанынан гөрі, Алланың айтқанына үндейсің халықты. Дінге қаттырақ берілгенсің» деп айыптаған екен. Сөйтіп, 1937 жылы «халық жауы» деп тұтқындап, жазықсыз жанды ит өлген жердегі Сібірге айдап жібереді. Ақдраштың артында аңырап әйелі мен жалғыз ұлы Шияп қала береді. Он жасқа толар-толмастан «халық жауының ұрпағы» деген қасіретті атақты иеленіп шыға келген Шияп ақсақал тағдырдың қанша теперішін көрсе де, морт етіп сынбай ұрпағын өрбітіп, ақарлы-шақарлы ғұмыр кешіпті. Содан жеті ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Соның ішінде Мұрат – бұл шаңырақтағы үшінші бала.

Адам ғұмырының асқар белі іспеттес алпыс­ты алқымдап отырған Мұрат ағаның өмір жолы Жылыой ауданымен, соның ішінде мұнай кәсіпшілігімен тығыз байланысты. Әкесі Шияп – Сарқамыс, Доссор, Құлсары және Мұнайлы, Жаңаөзен мұнай кәсіпшіліктерінде елу жылдан астам еңбек еткен мұнайшы. Анасы Злиха да мұнайшы-оператор болып көп жылдар осы салада абыройлы қызмет атқарды.

— Әкеміз 1967 жылы Жаңаөзен қаласына жұмысқа шақырылды. Мен де әке жолын қуып, мұнайшылық жолды таңдаған едім. Еңбек жолымды 1971 жылы «Өзеннефть» басқармасында бастап, оператор, шебер, аға геолог болып Жетібай, Тасболат, Қаламқас кен орындарында, «Комсомолнефть» мұнай-газ өндірісінде жұмыс жасадым, — деп еске алады Мұрат аға жастық жылдарын.

Содан ол Гурьев политехникумын, Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институтын бітіріп, жоғары білімді маман болды. 1986 жылы Қазақ газ айдау зауытының компрессор цехында аға шебер болып жасады. Еңбек жолында ол көптеген өндірістік жолдардан, сатылардан өтіп, 1993 жылы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны ашылғанда алғашқы жергілікті мамандар қатарынан табылып, қауіпсіздік бөлімінде жетекші инженер қызметін атқарды.

Әкесі Шияп көп оқып-тоқыған, баспа бетін үзбей оқитын, қазақтың қағидалы сөздерін, пайғамбар хадистерін жатқа соғып отыратын батагөй ақсақал еді ғой. Сол қасиеті ұрпағына да жұқса керек. Дала оғландарының дархандығын, ар­ғы-бергі тарихтағы тұлғалардың өмір жолын, өнегесін жастайынан бойына сіңіріп өскен, өнері тасыған өңірде өрі­сін кеңейткен Мұрат та жастайынан зерек өсіп, үлкен мұраттар жетегінде ержетті. Кеңестік кеңістікте қазіргідей лауазымды орынға бірден қонжия салу – орындалмас арман, тіпті мүмкін де емес еді. Ол үшін соқтықпалы өмірдің соқпағынан мүдірмей өтіп, қай қызметте болмасын, абыройды қасықтап жинау шарт болатын. Еңбекке ерте жастан араласып, тә­жірибесін қарапайым қызметтерімен ба­йытқан ол өмірінің бар жылын өндіріске арнады. Сол алып кәсіпорында күні бүгінге дейін білікті де тәжірибелі, бәсекеге қабілетті маман ретінде абыройлы еңбек етіп келе жатқандығы – соның айқын айғағы.

«1986-1988 жылдар аралығы Теңіз газ өңдеу зауыты құрылысының қайнап жатқан әрі қиын кездері болатын. Мұрат сол кезде зауыттың жобалық-техникалық бөлімінде инженер болып жасады. Әлі есімде, «Икарус» автокөліктері зауыт алдында басқарма, цех қызметкерлерін күтіп, вахталық қалашыққа апаруға дайын тұрған еді. Соған қарай беттеп бара жатсам, Мұраттың қолында жұмыс құжаттары, қыруар технологиялық жазбалар, жүгіріп жүр. «Болсайшы» десем, маған күле қарап «жүре беріңдер, мен кейін барармын, тапсырған шаруаны ертеңге қалдырмай бітіріп кеткенді жөн көріп тұрмын» деп еді. Ол жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарып, үнемі ілгері ұмтылатын. «Теңізшевройл» компаниясында еселі еңбек етіп жүргеніне ризамын» дейді маңғыстаулық әріптесі Қуаталы Құждыбайұлы.

Қашан көрсең де, үлкенге ізет, кішіге қам­қорлық көрсетіп, кішіпейілдігімен іші-бауырыңа еніп, жаныңды жылытатын оны дегдар жан десек, артық айт­па­ғандық болар. Шын дегдар жан алыс­тан қарасаң – асқақ, жақыннан қарасаң – кішiпейіл, сыртына үңілсең – паң, іші­не үңілсең – тұңғиық.

Ал, енді өз ұрпағына келсек, бүгінде жан жары Қалипа екеуі – өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана. Жал­пы, адам баласы қамшыдай қысқа ғұмырын мәнді етіп өткізу үшін өмірде екі нәрсені таңдауда қателеспеуі шарт: «Біріншісі – мамандық таңдау, екіншісі – жар таңдау». Мұрат ағаның еңбек жолында жеткен жетістіктерін саралай келе мамандық таңдау ісінде қателеспегенін көрдік, сондай-ақ, ол – жар таңдауда да бағы жанған азамат. Шығыстың шынарындай Қалипа жеңгей Құлсары шаһарында онымен танысып, асыл жары атанғалы оны алақанында ұстап аялаумен келеді. Қырық күн үйден қонақ арылмаса да, қабақ шытпай, отбасына қыдыр дарытып, бақ-берекесін келтірген өнегелі жан.

Осындай ұлағатты отбасында өрбіген ұл-қыздары бү­гінде ержетіп, өмір жолында жақсы же­тістіктерімен ата-анасын қуантып келеді. Үлкен қызы Гүлхан — экономист, одан Томирис есімді жиені бар, ұлы Қалихан – КИМЭП түлегі, бүгінде «КТК» компаниясында инженер, Америкада өндірістік тәжірибеден өтті. Кенже қызы Әселхан — Дубайдағы халықаралық қатынас институтының студенті, болашақ экономист.

Міне, шаңырақ шаттығы дегеніміз осы. Мұның бәрі Мұрат Шияпұлының адал еңбегінен абырой тауып, маңдай терінің жемісін көріп отырғаны деп түсінген ләзім.

 

Қосұйым МҰҚАШЕВ,

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button