Жарнама
Қоғам

МҰРАТ МҰРАСЫ ҚАЛАЙ ЗЕРТТЕЛДІ?

54534638Қазір Мұраттың айы оңынан туған заман. Атырау облысында Мұрат Мөңкеұлының атымен аталатын бір емес, екі мектеп бар. Бірі – Индер ауданының Құрылыс ауылында, екіншісі – Атырау қаласында. Қаладағы мектеп құжаттарының Мемлекеттік ономастика комиссиясында қаралуы заңнамалық мәселелердің реттелу рәсіміне байланысты кезегін күтіп жатыр. Сәтін салса, шешіліп қалар. Қалай болғанда да бүгінде Мұрат атындағы мектептер жыл сайын жүздеген оқушыны түлетіп ұшырып келеді. Ал бір кезде мектептің атын Мұратқа бермек түгілі, оның өзінің атын да атауға болмайтын еді.
Қазір Астана мен Атырауда Мұрат Мөңкеұлы атындағы көшелер бар. Ал бір кезде Мұраттың атын көшеге бермек түгілі, оның өлеңін оқыған адамды көшеден ұстап әкететін еді.
Қазір Мұрат шығармалары орта мектепте оқытылады. Ал бір кезде оның өлеңдерін мектепте оқытпақ түгілі, арнайы қаулымен оқулықтың бәрінен алып тастаған-ды.
Ең сорақысы, Мұраттың шығармаларын зерттеуші ғалымдар жазықсыз қудаланды. Ақын мұрасы жөнінде ғылыми еңбек қорғамаққа талпынған Әлішер Тоқмағамбетовтің (Асқар Тоқмағамбетовтің інісі) ізденісі аяқсыз қалды. Басқа да зерттеушілердің ұмтылысы соның жолын құшты.
Мұрат мұрасын алғаш зерттей бастаған кезімізде Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің профессоры, жазушы Нығмет Ғабдуллин мынадай жантүршігерлік әңгіме айтты. «Елуінші жылдарда әйгілі әдебиетші Қажым Жұмалиевты бір күнде ұстап әкетті. Бізді, филология факультетінің студенттерін, сабақтан босатып, топырлатып, сотқа алып барды. Тергеуші Қажекеңнен бәріміздің көзімізше жауап алды. Сол кездегі баршаға танымал қаламгерлердің біразы сот залына куәгер болып келді. «Қажым Жұмалиевтың Мұрат Мөңкеұлының қоғам үшін зиянды өлеңдерін елдің көзінше оқығаны рас па?» – деген сұраққа олардың бірі: «Оқыды» деп жауап берді. Екіншісі: «Мен мас болып ұйықтап қалыппын, білмедім», – деп тайқып кетті. Тек партизан жазушы Жұмағали Саин ғана: «Ол оқыған жоқ», – деп қасарысып тұрып алды. Көп ұзамай Қажым аға 25 жылды арқалап кете барды. Біз соны көрдік, қарағым…».
Осыдай кейін Мұрат мұрасын зерттеуге кім тәуекел етсін?! Бұл негізінен жабық тақырып саналды. Бірақ соған қарамастан кейін мұраттану қайта басталды. Замананың желі сәл оңынан тұрған сәтте әдебиеттанушы ғалымдар мүмкіндікті барынша пайдаланып қалып отырды. Мұратбек Бөжеев филология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін жазған диссертациясының бүтін бір тарауын Мұрат Мөңкеұлына арнады. Ал Ысқақ Дүйсенбаев «Ғасырлар сыры» атты монографиясына «Мұрат Мөңкеұлы» деген бөлім енгізді. Ал Мұхтар Мағауин 1978 жылы Мұраттың «Үш қиян» толғауының аудармасын Ленинград қаласынан шыққан «Поэты Казахстана» атты антологияға енгізіп жіберді. Мұның бәрін жетпісінші жылдарда ұлт руханиятында жасалған ерлік деп бағалауға әбден болады.
Қазір уақыт өзгерді, арысымыздың қайта оралған мұрасы сөремізден де, санамыздан да орын алды. Мұраттың мектептері биіктеп, көшелері кеңейе түсті.

ҚҰЖАТТАР
МЕН ҚАУЛЫЛАР

1989 жылы қапасқа қамалған рухани құндылықтарымызбен қайта табысуға жол ашқан құжат өмірге келді. «Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40-шы жылдар кезеңі мен 50-ші жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы» жарияланды. Халық баға жетпес асыл мұраларымен қайта қауышты. Тарихи құжаттағы «Революцияға дейінгі қазақ әдебиетінің тарихын зерттегенде, оның терең де күрделі ерекшелігін диалектикалық тұрғыда ашып көрсетіп, өткен кезең суреткерлерінің шығармашылығын олардың тарихи нақты ортасында, тарихи шарттыланған қарама-қайшылықтарында қарастыру керек. Шортанбай, Дулат, Бұқар жырау, Мұрат ақындардың творчестволық мұрасы нақ осындай тұрғыда зерттеуді қажет етеді», – деген жолдар әдебиетшілер қауымының алдына ауқымды міндеттер қойды.
Сол тұста біздің ұстаздарымыз – Қазақстанның белгілі ғалымдары, жас буынды есімі ақталған арыстардың мұрасын зерттеуге жаппай жұмылдырды. Әдебиеттану саласында ізденіп жүрген әр зерттеушіге бір-бір тұлғадан бекітіп берді. Олардың мақсаты – сол арқылы қазақ әдебиеті тарихына жаңа монографиялық тараулар қосу еді. Академик Зейнолла Қабдолов маған Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасын қарастыруды тапсырды.
Ол кезде Мұрат Мөңкеұлының есімі жалпы қазақ қоғамына кең танымал емес-ті. Оның мұрасы туралы мәліметтерді тек әдебиеттанушы ғалымдар ғана жақсы білетін. Ал орта мектептің 9-класқа арналған әдебиет оқулығында Мұрат ақынның өткенді көксеп, зарланғаны, жаңалықты жатсынғаны жөнінде баяндалатын. Сондай-ақ, М.Әуезовтің Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы сияқты ақындарды зар заман ақындары деп атағаны туралы екі-үш ауыз ғана жұпыны мәлімет болатын. Қайта құру дәуірінде шыққан «Бес ғасыр жырлайды» антологиясында ақынның жырлар топтамасы бар еді. Алпысыншы жылдарда Мұраттың айтыстары арнайы жинақтарда жарық көрді. Сонау 1943 жылы «Қарасай-Қази» жыры бес мың данамен баспадан шықты. Шығатындай жөні бар-ды. Өйткені, кескілескен соғыс жүріп жатқанда әр халықтың рухын өз мұрасын оқыту арқылы көтеру керек болды. Сөйтіп, «Қарасай-Қази» «Қызыл әскер кітапханасы» деген айдармен, «Неміс-фашист окупанттарына өлім келсін!» деген ұранмен жарыққа шығып, қан майданға шұғыл жол тартты. Мұрат ақын мұрасы осылайша жеңісті жақындатуға үлес қосты.
Бұдан соң біраз уақытқа дейін Мұраттың өлең-жырларын кеңінен таныстыруға мүмкіндік туа қойған жоқ. Өктем жүйенің бағыт-бағдарын белгілеген партиялық құжаттар бұған барынша тосқауыл қойды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтар күнгі «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысынан кейін Мұраттың өлең-толғаулары оқулықтардан алынып тасталды.
Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1957 жылғы 8 шілдедегі «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы» қаулысы әдебиет әлемінде сәл-пәл жылылық орнатқандай болды. Бұл құжат айтыс, мақал-мәтелдер, ертегілер жинағын әзірлеуді, қазақ әдебиеті тарихының фольклорға арналған бірінші томын қайта жасауды, XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихын жүйелеуді міндеттеді. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатымен 1959 жылы 15-19 маусымда Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты ғылыми-теориялық конференция өткізді.
Конференцияда қазақтың XVIII-XIX ғасырлардағы әдебиетінің тарихын зерттеу жайында бірқатар ұсыныстар қабылданып, Мұрат мұраларына байланысты мынадай қорытынды жасалды: «Мұрат Мөңкиннің шығармалары эпостық дәстүрге жақын, әрі өзіндік ерекшелік сипаттары бар; бұған сәйкес оның творчествосын әлі де болса сын тұрғысынан қарап, тереңірек зерттеу қажет. Дулат пен Мұрат творчествосы жоғары мектепке сол кездегі тарихи-әдеби процестің күрделі сипатын, әдебиеттің қандай қайшылық жағдайда дамығанын талдап көрсету мақсатымен аталуы тиіс. Жалпы білім беретін мектептердің ерекшелігін еске ала отырып бұл ақындардың творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын». Мұрат мұрасы, сөйтіп, тағы да маталды.
Осындай партиялық құжаттар Мұрат Мөңкеұлы шығармаларының халық арасына кең таралмай, оны тек әдебиет зерттеушілерінің ғана танып-білуіне ықпал етті. Ол оқулықтарда ескі кезеңді көксеген зар заман ақыны ретінде ғана аталды.

ҚОЛЖАЗБА
МЕН КІТАПТАР

Әрине, қазақ әдебиетінің алыбы Мұрат Мөңкеұлының мұрасы әр жылдарда жинақталып, зерттеліп отырды. Ақын дүние салғаннан кейін екі жыл өткен соң, 1908 жылы Қазандағы ағайынды Кәрімовтер баспасынан шыққан «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деген кітапты нақты кім әзірлегені жөнінде әзірге мәлімет жоқ. Бірақ сол белгісіз жинаушы Мұрат мұрасын алғаш рет топтап, баспадан шығуына жол ашты.
Мұрат ақынның алғашқы зерттеушісі – Алаштың ардақты перзенті Халел Досмұхамедұлы. Ол 1924 жылы Ташкент қаласынан «Мұрат ақынның сөздері» атты кітапты бастырып шығарды. Сол кітапқа өзі алғы сөз жазып, ақын шығармаларындағы кісі есімдеріне және жер-су аттарына түсініктеме беріп, мұраттанудың негізін қалады. Халелден соң Мұрат Мөңкеұлы әйгілі Мұхтар Әуезов зерттеуінің нысанасына айналды. Ол 1927 жылы Қызылордада жарық көрген «Әдебиет тарихы» еңбегінің «Зар заман ақындары» атты тарауында Мұрат шығармаларына кеңінен тоқталды.
Мұрат ақынның шығармалары 1940 жылы Мәскеуде басылған «Песни степей» атты қазақ әдебиетінің антологиясында (жалпы редакциясын басқарған Л.Соболев) жарияланды. Ал 1958 жылы Америка Құрама Штаттарының Дьюк университетiнiң профессоры Томас Густав Виннердiң ағылшын тiлiнде басылған «Ресейлiк Орталық Азия қазақтарының ауызекi шығармашылығы мен әдебиетi» атты кітабында Мұрат Мөңкеұлының өлеңдеріне талдау жасалды.
Мұрат ақынның мұралары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының 1940 жылдардың орта шенінен бастап ұйымдастырған ғылыми экспедицияларының нәтижесінде жиналды. Мұраларды Атырау өңірінен іздеп тауып, академия кітапханасының қолжазба қорын байытуға Б.Қорқытов, А.Әбдірахманов, Ғ.Әбілжанов, М.Тілеужанов, Сұлтанғалиева, Ауатанов, т.б. жинаушылар үлес қосты. Ақынның өлең-толғауларының көпшілігі оның ұлы Дәулетқалидың аузынан жазып алынды. Орталық ғылыми кітапхана қорының 1303, 97 Д, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорының 406, 504, 593 бумалары Мұраттың шығармаларына арналған. Сондай-ақ, институттың қолжазба қорының 411, 332, 910 бумаларында Мұрат ақынның өлең-толғаулары бар.
Әдебиет зерттеушілері, ақын-жазушылар әр жылдарда Мұрат мұралары туралы құнды пікірлер айтты. Әсіресе, ақын шығармаларына тереңірек тоқталып, ауқымды еңбектер арнаған М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, М.Жолдыбаев, Қ.Жұмалиев, Ә.Тоқмағамбетов, С.Мұқанов, Ы.Дүйсенбаев, Х.Сүйіншәлиев сынды ғалым-жазушылардың ой-тұжырымдары Мұрат мұраларының табиғатын ашып, байыпты талдау жасауымен құнды.
Ақынның ардақты есімі ақталғаннан кейін мерзімді баспасөзде Мұрат Мөңкеұлы жайында бірнеше мақалалар жарияланды. Ақынның өлең-толғаулары газет-журналдарда жарық көрді. 1991 жылы ғалымдар Қ.Сыдықов пен Ш.Керімов Атырау, Маңғыстау өңірлерінде өмір сүрген төрт ақынның (Қашаған Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шынияз Шанайұлы, Насихат Сүгірұлы) «Алқаласа әлеумет» деп аталатын жыр жинағын құрастырып, бастырып шығарды. Осы жинақта Мұрат шығармаларының бұрынғы басылымдарымен салыстырылған текстологиясы жасалып, ұсынылды. Сол жылы шыққан Халел Досмұхамедұлының «Аламан» атты кітабына (құрастырғандар Ғ.Әнесов, А.Мектепов, Ш.Керімов) Мұраттың 1924 жылы Ташкентте жарық көрген жинақта жарияланған өлең-толғаулары енгізілді. Ақын шығармаларының баспасөзде жарық көруіне ғалым С.Дәуітов көп үлес қосты. Оның құрастыруымен Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы шығармалары енгізілген «Зар заман» жинағы 1993 жылы жарық көрді.
Кейіннен Мұрат ақынның шығармалары жазушы, шежіреші Берік Қорқытовтың кіріспе сөзімен және түсініктемесімен 2001 жылы «Өлке» баспасынан «Қынапты қара қылышпын», «Арыс» баспасынан «Мұрат» атты жеке жинақ болып басылып шықты. Сонымен қатар, ақын өлеңдері 2004 жылы «Тарихи тұлғалар. Есет, Алдар, Мұрат, Шернияз» атты жинақта жарияланды.
Осы ретте тек Атыраудың ғана емес, Алаштың ардақты перзенттері Қабиболла Сыдиықов пен Берік Қорқытовтың Мұрат мұраларын жұртшылыққа танытуға өлшеусіз еңбек сіңіргенін айтуға тиіспіз.

ДЕРЕКТЕР
МЕН ДӘЙЕКТЕР

1991 жылы диссертациямыздың тақырыбы бекітілген соң сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында бас көтермей отырдық. Содан соң Атырау мен Маңғыстауды армансыз шарлаған сапарларымыз басталды. Мен ол тұста республикалық «Жас алаш» газетінің бөлім меңгерушісі едім. Осы басылымның батыс аймақтағы меншікті тілшісі Исатай Балмағамбетов екеуміз Махамбет, Индер, Қызылқоға аудандарын түгел араладық. Жол жүрер алдында жазушы Берік Қорқытовтың үйіне барып, бағыт-бағдар алып шықтық. Сапарымызда өңкей бір сөздің қадірін білетін сұңғыла азаматтарға жолықтық. Махамбетте – Қырықбай Бекбаев, Индерде – Сансызбай Базарбаев, Кулагинде – Құспан Есбосынов, Жарсуатта – Бердеш Есбосынов, Құрылыста – Жөкес Кенжеғалиев, Өрлікте – Үмбетияр Есжанов, Миялыда – Төлеп Тілегенов пен Макар Қаражанов, Қарабауда Тауман Қосшиев ақын жөніндегі білетін мәліметтерін айтты. Ал Жылыой ауданынан қарт шежіреші Жанаш Нұрмахан дамылсыз мақала жазып жатты. Бүгінде осы қарағайдай қадірлі қарттарымыз бен ардақты ағаларымыздың біразы өмірден өтіп кетті.
Осыдан жиырма жыл бұрын, яғни, 1993 жылы 1-2 қыркүйекте Индер ауданында зар заманның тұлғалы өкілі Мұрат Мөңкеұлының туғанына 150 жыл толуына орай дүбірлі той өтті. Бұл еліміз енді ғана тәуелсіздік алып, рухымыз аспандап тұрған кез еді. Қуанышқа кенелген Қазақстан тұғырлы тұлғаларымен қайта табысып, күн сайын той-тойлап жатты. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын зерттеумен айналысып жүрген біз ақын тойы қарсаңында есімі елге белгілі үш ағамыздың сол тұстағы Премьер-министрдің орынбасары Қуаныш Сұлтановқа хат жазуына мұрындық болдық. Олар – Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, жазушы Зейнолла Қабдолов, көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауин, белгілі ғалым Қабиболлла Сыдиықов еді.
Мұраттың тойы қарсаңында мұраттануды ілгерілетуге мүмкіндік туды. Бұл кезеңде Фариза Оңғарсынова, Сабыр Қазыбаев, Қадыр Юсупов, Мереке Құлкенов, Хисмет Табылдиев, Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектеп, Қанипаш Мәдібай, Аманқос Қаржаубаев, Өтеш Қарашин, Ерсайын Көшеков, Қырықбай Бекбаев, Қадырғали Таңқиев, Өтеп Нұриев, Жексен Жұлқаров, Бақытжан Мусағалиев, Кенжеғали Қаюпов, Сансызбай Базарбаев сынды ғалымдар мен қаламгерлер, ел азаматтары ақын мұрасын насихаттауға мол үлес қосты. И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық көркемсурет институтының түлегі, әйгілі қылқалам шебері Мұхит Қалимов Мұрат ақынның суретін салды. Сол сурет бүгінде ғылыми айналымға берік енді. Маңғыстаулық мүсінші Көпбол Демесінов Мұрат ақынның кесенесін тұрғызды. Той өтіп жатқан күндері Атырау аспанында Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімов шырқаған Мұраттың сөзіне жазылған «Қыз» әні қалықтап тұрды.
Академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде «Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы» атты кандидаттық диссертациямыз қорғалды. Ал 2001 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қорғалған «Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы. Генезис, типология, поэтика» атты докторлық диссертациямызға осы ағымның белді өкілі Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы да арқау болды. Сонымен қатар, әр жылдарда жарық көрген ғылыми-зерттеу еңбектерімізде ақынның өлең-жырлары нақты нысанамызға айналды.
Атырау мен Маңғыстау аймағында болған сапарымызда біршама тың деректерге кезіктік. Әдебиеттанушы-ғалым Амантай Шәріп екеуміз АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетінің кітапханасынан қазақ поэзиясының озық үлгілері талданған, соның ішінде Мұрат мұрасына да орын берілген кітапты тауып, көшірмесін алып келдік. Қолжазбалар қоры мен мұрағаттарды қайта сүзіп, бірқатар қосымша мәліметтерді айналымға қостық.
Мұрат ақынның мұралары «Үш қиян», «Сарыарқа» толғау-поэмаларын, «Қазтуған», «Шәлгез», «Қарасай-Қази» жырларын, айтыстарын, бірнеше толғау-термелерін, арнау өлеңдерін қамтиды. Ақын «Үш қиян» мен «Сарыарқаға» халық басына түскен ауыртпалықты арқау етсе, «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Шәлгез» жырларында ноғайлы жұртының аңыздарын өзінше баяндайды. Мұраттың алты ақынмен айтысы ғана сақталған. Ал арнау өлеңдерінің дені би-болыстарға, елдің беделді адамдарына айтылған. Сондай-ақ, хат түрінде жазылған «Оқудан қайтқан жігітке», «Еліне жазғаны», «Бір досқа» деген үш өлеңі, тойбастар жырлары, бірқатар сөз қағысулары бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Атыраудың ғана емес, алты алаштың ардағына айналған Мұрат ақынның мұрасы – біздің сарқылмайтын рухани қазынамыз. Мұратану мен мұраттануды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.
(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button