Жарнама
Қоғам

МҰНАЙЛЫ ӨЛКЕНІҢ ШЫРАЙЛЫ ШАҺАРЫ

 «Үйшіктен» басталған тарих

— Нұрлыбек Жұмахметұлы, мерекелік сұхбатымызды бүгіндері іргетасы қаланғанына 375 жыл толып отырған туған қаламыздың құрылу, қалыптасу және даму тарихына қатысты дерек-дәйектермен ашсақ…

— Баршамызға белгілі, республикамыздың батысында, Жайық өзенінің бойында орналасқан қаламыздың негізі 1640 жылы қаланған. Тұңғыш тұрақты қонысы – қазіргі «Орбита» стансасы маңындағы Алтын Орда кезеңінде болған Лаэти асары. Кейіннен Ноғай Ордасы кезеңінде балықшылардың үйшіктері Жайық өзенінің сағасында жайғасқан. Он жетінші ғасырдың 30-шы жылдарының соңына таман ярославлдық көпес, бай саудагер Гурьевтер әулетіне Жайық бойында балық кәсіпшілігін ашуға және бекініс тұрғызуға рұқсат беріледі. Сөйтіп, 1640 жылы әулет басшысы Гурий Назаров, ұлдары Михаил, Иван және Андреймен бірге Жайық бойына келіп қоныстанады. Осы жерден кәсіпшіліктерін ашып, Жайық және Жем өзендерінен балық аулап, сатуға шығарады.

1645 жылдың ақпан айында көпес М.Гурьев қаланы қамал етіп қайта тұрғызуға кіріседі. 1647 жылдың маусымында қала-қорғанның құрылысы басталады.1762 жылы ғана қаланың құрылысы аяқталады.

1798 жылдың желтоқсан айындағы патшаның жарлығымен Гурьев қаласы Орал әскери басшылығының қарауына өтеді. 1865 жылы уездік қалаға айналған Гурьев 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін және одан кейінгі 15 жыл бойы Орал әскери облысының қарамағында болған. Бұл қала – 1925 жылдан Бөкей губерниясындағы Гурьев уезінің, 1929 жылы Гурьев округінің, 1930 жылы аудан, ал 1938 жылдың қаңтар айынан облыс орталығы.

1949 жылдың шілде айында қаламызда металдан құрастырылған тұңғыш пантонды көпір ашылды. 1966 жылы Гурьев полиэтилен зауыты (химзауыт) пайдалануға берілсе, бір жылдан кейін Атырау мен Астраханды байланыстыратын темір жол қатынасы ашылды.

Ондаған жылдар ішінде қаламызда халық шаруашылығы үшін маңызды өндірістік, өнеркәсіптік нысандармен қатар, сауда орындары мен орталықтары, көптеген әлеуметтік нысандар, көп қабатты тұрғын үйлер, жаңа мөлтекаудандар бой көтерді.  1991 жылдың 4 қазанында халық депутаттары Гурьев қалалық Кеңесі облыс орталығын Атырау қаласы деп атау туралы шешім қабылдады. 

Тәуелсіздікпен түлеген  мекен

— Тәуелсіздік таңы атқанда атауын өзгерткен Атырау осынау тарихи қысқа кезеңде сәулетіне дәулеті сай сәнді шаһарға айналғаны шындық қой!

— Расымен де, қазіргі Атырау – өзінің бай тарихымен, экономикалық және әлеуметтік даму қарқынымен заман ағымына сай жетіліп, өркендеген, егемен еліміздің мұнайлы астанасы мәртебесіне лайық қала. Әсіресе, кейінгі жылдардың еншісіндегі оңды өзгерістер осының дәлелі. Аспанмен таласқан зәулім де әсем ғимараттар бірінен соң бірі бойын тіктеп, қаламыздың атын алысқа танытты.Қаншама білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары салынып, халықтың игілігіне берілгендігіне өздеріңіз де куәсіздер.

Тек өткен жылдың өзінде өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 138,1 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылғыдан бес пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 8882,4 млн. теңгеге, нақты көлем индексі 100,3 пайызға тұрақтаған. Бұл салада мал мен егін шаруашылықтарының үлес салмағы басым көрінді. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны 39600-ден асып, олардың қатысуымен жалпы құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 35 жоба мақұлданып, жүзеге асырылуда. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мен қорын жасақтау бағытындағы жұмыстар жалғастырылуда.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 431,4 млрд. теңгені немесе облыстағы көрсеткіштің 39 пайызын құрады. Үдемелі индустриалды-инновациялық  даму бағдарламасы аясында алты жоба іске қосылды. Олар – модульдік үй тұрғызу фабрикасы; үй құрылысы комбинаты; тауарлы-бекіре фермасы; ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісі; мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылауға арналған кешен және бұрғылау колоннасының төменгі бөлігін құрастыру элементтерінің қосалқы бөлшектерін құрастыру өндірісі.

Құрылыста, «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Нұрсая мөлтекауданынан жалпы ауданы 15,9 мың шаршы метр 6 көп қабатты үй салынды. Сондай-ақ, осы Нұрсая мөлтекауданы мен Сатыбалдиев көшесінен тұрғызылған жеті несиеге берілетін үйдің құрылысы аяқталды. Сол сияқты, жергілікті бюджет қаражатына 17,9 мың шаршы метр көлемді қамтитын және 5 көп қабатты үйдің құрылысы қолға алынды. Аталған бағдарлама аясында басқа да әлеуметтік топтардан бөлек, жас отбасыларына бөлінген пәтерлер саны 234-ке жеткізілді.

Әлеуметтік  сала – басты  назарда

-Енді бір сәт әлеуметтік салаға да тоқталып өтсеңіз?

-Былтыр қалалық жұмыспен қамту орталығына 6492 адам өтініш білдірсе, соның ішінен 1734-і тұрақты жұмысқа орналастырылған, 1350 адам «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылған. Кәсіби оқытуға тартылып, қайта даярлау курстарынан өткендердің қатары 1700-ге жуықтады.

Жалпы білім беретін мектептердің саны 70-ге жуықтаса, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қатары 30-дан асты. Қалада үш жоғары және 11 арнаулы орта оқу орны жұмыс жасайды. Бұрынғы кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне колледж мәртебесі берілді. Атырау қаласында 24 денсаулық сақтау, 42 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Жылдан-жылға спорттық нысандар мен дене шынықтыру кешендерінің, ойын алаңдарының саны көбейіп, салауатты өмір салтын ұстанатындар қатары арта түсуде. Мәдениет пен өнер ұжымдары үшін биылғы жылдың жүгі жеңіл болмағандығы белгілі. Өйткені, ол Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығы тәрізді егемен ел өміріндегі елеулі оқиғалармен орайлас келіп отыр. Осынау мәртебелі мерейтойлардың құрметіне ұйымдастырылған мәдени-көпшілік шараларда, өнер байқаулары мен спорт сайыстарында да атыраулықтар белсенділік танытты. 

Дәулетіне  сәулеті  сай

— Бүгінгі қол жеткеннің ертеңгіге өлшем болмасы кәміл. Болашақта жүзеге асырылуы тиіс іс-шараларға қарай ойыссаңыз…

— Ағымдағы жылдың аяғына дейін қала көлемінен 1374 пәтерлік 22 көп қабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарын тәмамдап, пайдалануға беру көзделген. Білім беру жүйесінде бірнеше мектеп пен балабақшаның іргетасы каланып, оларды да алдағы жылдары игілікке беру межеленген. Қазіргі күні Нұрсая мөлтекауданындағы коммуналдық базар құрылысы аяқталуға таяды. Қала мен оның аумағындағы ауыл көшелерін түнгі жарықтандыру жұмыстары жалғасын табуда. Еркінқала, Ақжар, Жаңаталап, Жұмыскер елді мекендерінде 200 орындық мәдениет үйлері салынса, №1 қалалық кітапхана ғимараты күрделі жөндеуден өткізілмек.

Спорт саласына қатысты айтсақ, теннистік корт пен ипподром, «Судоремонтник» стадионы қайта жаңғыртылады. Бұлардан басқа, қала аумағында ауыл шаруашылығын дамытуға да баса назар аударылады. Атап айтқанда, мал шаруашылығымен шұғылданатын, егіншілікпен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері мен шаруагерлердің саны көбейтіледі, жылыжай алқабының көлемі ұлғайтылады. Бірінші кезекте тұтынылатын азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бақылауда ұсталынады. Кәсіпкерлерге берілген несиелердің қайтарымдылығына, субсидиялардың тиімділігіне қол жеткізіледі. Бұған дейін де хабардар болғандарыңыздай, көп кешікпей қаламызда фармацевтикалық зауыт, жүн өңдеу фабрикасы, химиялық реагенттер өндіру зауыты, т.б. заманауи кәсіпорындар іске қосылады.

Алда атқарылар шаруаларды айтсақ, алдымен қалаішілік және қала маңы жолдарын жөнге келтіру ойластырылған. Бұған республикалық трансферттен және облыс бюджетінен жалпы сомасы 6,5 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсау көзделген. Қазірдің өзінде бұл жұмыстардың жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Қаралған қаражаттың үштен бір бөлігінен астамы (2,5 млрд.теңгесі) жолдарды күрделі жөндеуге шығындалады деп есептелінуде. Мұнда қала ішіндегі және қала сыртымен айналып өтетін жолдардың бір-бірімен қабысып, түйісіп, қиылысатын тұстарын реттеу жағы қарастырылған. Жобаға Балауса, Самал, Нұрсая-1, Авангард-4, Сарықамыс мөлтекаудандары, сондай-ақ Томарлы, Жұмыскер-2, Тасқала ауылдарының көше жолдары енгізілді. Нәтижесінде, бір емес, ондаған көшеге айнадай жарқыраған асфальт жол төселіп, жөнделеді.

Қолға алынғаны отырған жұмыстың бірі – тұрғын үй құрылысын жалғастыру. Жоспарланғанындай, «Талан-Констракшн» ЖШС құрылыс компаниясы Тайманов даңғылының бойынан, Успен соборының маңынан төрт бірдей элиталық үлгідегі, қазіргі заман талабына сай келетін көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізбекші. Ал, «БатысАльянсСтрой» ЖШС болса Атырау халықаралық әуежайына барар жолдың бойынан Мюнхен үлгісіндегі «Мега» сауда орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Нұрсаядағы оқушылар мен жастар сарайы, Тұрғын үй қалашығындағы ретропарк нысандары бойынша жоспарланған жұмыстар басталып кетті. Сол секілді, қаламызда бұрын-соңды болмаған, германдық үлгідегі қонақ үйлер тұрғызу да алдағы күннің еншісіндегі ерекше жаңалықтарымыздың бірі болмақ. Атыраулықтардың демалыс, сауықтыру орындарына баруына, әуе және темір жол қатынасы көліктерімен жүруіне, өзге де қызметтерді пайдалану мүмкіндіктеріне қолжетімділігін арттыру мақсатында да ойға алған жобаларымыз жоқ емес. Және бір жаңалық, болашақта Балықшы кентінде аква-парк салынбақ. Әрине, бұл айтып отырғандарымның бәрі әшейін сіздерді қызықтыру емес, шынымен таяу болашақта өздеріңіз де куәсі болып, игілігін көретін жобалар екендігі даусыз. 

«Атырауыма  еш қаланы  тең  көрмеймін»

— Нұрлыбек Жұмахметұлы, біздің Атырауымыздың басқа қалалардан айырмашылығы, артықшылығы неде деп ойлайсыз?

— Бірден айтайын, еліміздің болсын, әлемнің болсын қалаларынан Атыраудың айырмашылығы да, артықшылығы да көп. Біріншіден, қай жағынан алып қарағанда да оның мүмкіндіктері басым, әлеуеті де, тартымдылығы да аса жоғары. Екіншіден, қаламыз Еуропа мен Азия сынды екі алып құрлықты жалғастырып, ен байлықтың үстінде тұр. Инвесторлар да көптеп тартылған. Ал, ең бастысы ол – егемен Қазақ елінің мұнайлы астанасы. Одан бөлек, балығымен де аты шыққан өңір. Мұнайлы астанамыздың шырайын келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға әкім ретінде де, өз қаласын шын сүйетін, жаны ашитын, келешегіне алаңдайтын азамат ретінде де атсалысып, үлесімді қосуға әзірмін. Және туған қаламды әркез мақтан тұтып, онымен өзгелерге мақтанамын.

Атыраулықтарды және қала қонақтарын қаламыздың туған күнімен және 375 жыл толған мерейлі тойымен шын жүректен құттықтаймын. Егемен елдің мұнайлы астанасының еңсесі жоғары, мәртебесі биік болсын, атақ-даңқы аспандай берсін. Мәңгілік жас қала болып жайнай түссін!

Сұхбатты жүргізген  Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button