Жарнама
Қоғам

МҮГЕДЕККЕ КӨҢІЛ БӨЛУ — БІЗДІҢ ПАРЫЗЫМЫЗ

 «Бұған дейінгі кезеңдерде де Мемлекет басшысы тарапынан көрсетілген зор қолдау мен секілді жандардың келер күнге нық сеніммен қадам басып, болашағымызға бағыт сілтеген үлкен  мүмкіндіктерге  жол  ашқан болатын-ды. Ал, биыл «мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Бұл – өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз» дей келе, бұл бағыттағы шаралардың әлемдік деңгейде жүргізіліп жатқандығын баян етті. Ал, «барлық кәсіпкерлер оларды жұмысқа орналастыруға  көмектессін» деген нақты тапсырма жүктеуі көңілдерге қуаныш ұялатады. Себебі, шыны керек, мүгедектердің қазіргі қоғамға дендеп енуіне түрліше мүмкіндіктер қарастырылғанымен, әлі де ол істердің толыққанды жүзеге аспай келе жатқаны белгілі. Қарапайым қызметке тұрып, өз нәпақасын табуды  айтпағанда, сырқатына сеп болар емделу-оңалту орталықтарына да жете алмай жүрген мүгедек жандар қаншама?» дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.

Хабиболла аға – өмірге құштар жан. Әйтпегенде ше, осыдан төрт жыл бұрын мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиені алып, өз кәсібімді ашсам деген ниетпен жүргенінде тағдырдың жазуымен  апатқа  ұшырап,  төсекке  таңылды. Осылайша, «көлік жөндеу орталығын ашсам» деген тілегі «аман-есен аяғыма тұрсам екен» деген арманға айналды. Алайда, тынбай еңбектену мен «балаларымның болашағы үшін ерінбеуім қажет» деген үлкен жігерінің арқасында төсегінен тұратындай дәрежеге де жетті. Қарға адымы мұң болған күндер артта қалып, арбаның көмегіне жүгінген кезде сол тілегіне жетуді мақсат тұтқан қайсар жан Елбасы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік жобасы бойынша 2012 жылы үш миллион теңге көлемінде несие алып, өз ісін бастаған болатын.

«Қажетті құжаттарды жинақтау, керек мәліметтерді уақтылы беру сынды жұмыстар сау адамның өзін сарсаңға салатыны сөзсіз. Алайда, мемлекет тарапынан білдірілген қолдауды пайдаланбасам, тұрмысымның түзеліп, отбасымның болашағы жарқын боларына әкелік үлесімді қоса алмайтынымды сезініп, аянбай еңбектендім. Шыны керек, соңғы уақытта мүгедектерге білдірілген үлкен қолдау жұмыстарының нәтижесінде арманыма жеттім» деп, шынайы сезімін ақтарған Хабиболла аға – бұл күнде кәсібін дөңгелентіп отырған жеке кәсіпкер. Шағын ғана көлік жөндеу орны болып ашылған орталығын таяуда тағы да кеңейтіп, қосымша керек-жарақтарын да сатып алды. Құжат, есеп-қисап сынды істі өзі жүргізсе, орталықтағы барлық жұмыс – қос ұлының мойнында. «Бизнесімді ұлғайтып, таяуда жергілікті жерден тағы да қосымша  адамды  жұмысқа  алуды жоспарлап отырмын» дейді әңгімелесушіміз. 

Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, халыққа қызмет етуді мақсат еткен Хабиболла Ерғалиевтың  отбасылық  кәсіпке  айналған қызметін одан әрі жандандыруына себепші болар негіз бар. Себебі, Елбасы өз Жолдауында шағын кәсіпкерлікті қолдау тұрғысында, мүгедек азаматтарды демеу бағытында Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеп отыр. «Мүгедек адамдарды көтерейік, демейік, солардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайық» деп жатқан Елбасы саясатына шын қуаныштымыз. Сол секілді 2015 жылы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 25 пайызға артатыны қуантады. Мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істеуге дайын, тек кейбір жұмыс берушілер тарапынан қолдау бола қоймайды. Ал, Жолдау жүктеген міндеттерге сай, жоспарлы іс-шаралар жолға қойылған күнде мүмкіндігі шектеулі болса да, лайықты білім алып, маман иесі атануды қалайтын жандарға зор мүмкіндік туары хақ. Себебі, біз үшін қоғамға пайдалы болу өте маңызды» дейді ол.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button