Жарнама
Қоғам

ҰЛЫ МҰРАТ ЖОЛЫНДА

«Мәңгілік Ел» идеясын Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында былай атаған болатын: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті». Бұл орайда, елең еткізген жаңалық – тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік  Ел» идеясының жариялануы болатын. Бұл Қазақстанның ұлттық идеясынан туған түйін-тұжырым. «Мәңгілік Ел» – отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны. Идея– қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік Ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиялық Жолдауында ұлттық идеяны паш етті. Көне түркі заманынан бері жалғасын тауып келе жатқан азаттық философиясы мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын алға тартты. Сөйтіп, өз жолының анық, мақсатының айқын екенін тағы бір көрсетті.

Осы стратегиялық құжатта Президент мемлекеттік қызметтің барлық саласын қамти отырып, тәуелсіз Қазақстанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын ұсынды. Бұл жолдағы негізгі бағдарымыз – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын  орындаудың бес жылдық кезеңді қамтитын маңызды міндеттерін атап көрсетті. Әр кезең сайын экономиканың жаңа белестерін бағындыру әрбір бес жылдықтың нақты нәтижесі болып табылады. Әсіресе, индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, білім-ғылым салалары осы Жолдаудың ең салмақты тұстары екені сөзсіз. Мәселен, Жолдауда білім саласына айрықша көңіл бөлінген.

«Мәңгілік Ел» – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы – жаңа идеяның мемлекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін  «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де  ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.

«Нұр Отан» партиясының кешегі өткен кезекті съезінде Мемлекет басшысы «Мәңгілік Ел» құжатын әзірлеуді тапсырып, бұл идея екінші Конституция секілді болуы шарт екендігін атап айтты. Бұл бағытта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің үштұғырлылығын дамыту қажеттігін де атап көрсетті. Бүгінде бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанымен, біз осы межені місе тұтып тұрып қалмай, одан әрі дамытуға үлес қосуымыз қажет. Білім беру мекемелері де осы мақсатты айқын түсініп, «Үш тұғырлы тіл саясатын» қолдап, оқушыларымыз үш тілде еркін қарым-қатынасқа түсіп, техникалық білімдерін тереңдетуде. Жыл сайынғы мектеп бітірген түлектеріміздің басым көпшілігі техникалық мамандықтың білім-гранттарын жеңіп алған. Бұл елімізде жетіспей жатқан техникалық мамандықтардың орнын толтырады деген сөз.

Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы барша халқымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұранға айналуы тиіс.

 

Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА,

облыстық білім беру басқармасы  басшысының орынбасары.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button