Лудоманның лаңы қоғамға жұқса не болмақ?!
Жасыратыны жоқ, құмар ойын XXI ғасырдың дертіне айналып кетті. Әсіресе осы кеселдің шырмауынан шыға алмай жүрген жастар көп. Бұған мемлекеттік дәрежеде назар аударылып, тиісті шаралар қабылданды. Дейтұрғанмен әлі де болса құмар ойынға түпкілікті тыйым салатын тетіктердің әлсіздігі қалың бұқараны алаңдатып отыр.
Жуырда осы тақырып «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының ұжымымен кездесуде талқыланып, спикерлер өз пікірлерін білдірді.
Астамшылық орға жығар
Басқосуда облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Әйгерім Құрманберлиева облыс әкімдігінің қолдауымен «Лудоманияның алдын алуға бағытталған шаралар кешені» жобасы басталғанын айтты.
– Жобаның басты мақсаты – облыс жастарының құмар ойындарға тәуелділігін шектеулерді күшейту арқылы жойып, оған қатысты білім-білігін арттырып, психикалық дені сау, санасы жоғары жастар қатарын көбейту. Құмар ойынға тәуелді жандарға қолдау көрсету мақсатында Telegram әлеуметтік желісінде жабық чат ашып, кәсіби психологтар көмегімен лудоман жастар арасында анонимді клуб құру да көзделген. Еңбек ұжымдарындағы жастармен қатар, Атырау қаласына қарасты арнаулы орта мектептердің жоғары сынып оқушылары және ата-аналар комитетінің мүшелерімен, жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері студенттерімен кездесіп, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, — деді Әйгерім Иванқызы.
Осы шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген «Іскер ханым» қоғамдық қорының қызметкері Мирбол Сандыбаевтың айтуынша, құмар ойын ежелден қалыптасқан екен. Рас, ол кезде қазіргідей карта ойнап, ойын автоматын жағаламаса да сүйек ойнап, бәс тіккен. Енді бұл қоғамның үлкен дертіне айналып, оңай олжаға құмартқандар ақпараттық технология арқылы ойынның жеңіл жолдарын да тауыпты.
– Қазір смартфон арқылы құмар ойынның тұзағына кіріп жатқандар көп. Статистика бойынша олардың дені – 15-25 жас аралығындағы азаматтар. Бұған қатысты алыпқашпа әңгіме де көп. Адамды түбі құрдымға құлататын мұндай дерттің астарында, меніңше, ұлттық болмысқа тән тәрбиенің кемшін болуынан. Қазір ғылымның дамыған уақытында көпшілік осыған басымдық береді. Бәрі бірдей баланы мақтаулы мектепке бергісі келеді. Сөйтіп жүргенде адамда ғайыппен байланыс жойылады. Қазақша айтқанда, Құдайымызды ұмытамыз. Тәрбиенің тізгінінен айырылған соң психологтарға жүгінуден басқа амалымыз жоқ. Бала санасында тәрбие бес-алты жасқа дейін қалыптасады. Одан кейін берілген тәрбиені бала жеңіл қабылдап, салмағын сезінбейді. Қазір өз баламыз да телефондағы ойынға әуес. Егер осыны дер кезінде тоқтатпасақ соңы жақсы болмайды. Сондықтан әркім өз баласының тәрбиесі мен іс-әрекетіне немқұрайдылық танытпай неғұрлым ертерек қамданса, соғұрлым тәрбиесіне көп көңіл бөлгені деп ойлаймын, — деді Мирбол Кеулімжанұлы.
Адастырған – ақшаның буы
Мыңдаған адамға терапия жасап, мол тәжірибе жинақтаған психосоматолог Айнұр Қожабаеваны облыстағы құмар ойынға арбалғандардың арасында жастардың көптігі толғандырады.
– Талай ата-ана баласының жағдайын айтып, зар жылап келеді. Біріншіден, құмарлық бұл «ауру» емес!.. Олай болса, не үшін адам құмар ойын ойнайды?! Психологиялық тұрғыдан қарағанда адам әуелі атақ, байлық, мансапқа ие болып, достарының алдында өзінің мықтығылығын дәлелдегісі келеді. Мұнысын әке-шешесі мен туыстарына, жолдас-жорасы мен отбасына да дәлелдеп, өзін көрсетуге құштар. Кейбір кемшілігін сонымен жуып-шайып, ақталуға әуес. Ондай адамдардың 98 пайызы бұл қадамға бала кездегі ойында қалыптасқан әсердің кесірінен баратынын өзара сөйлесу тәжірибесі аңғартып отыр. Маман ретінде олардың ойынқұмарлық жолға қалай түскенін, жан дүниесін мазалаған мәселесін анықтауға үңілемін. Кейбір отбасында баланы ұрып-соғып, зекіп ұрсып тәрбиелейді, жазалап, жөн-жосықсыз жұмсап қорлайды. Ондайда бала санасында ата-анасына «мен сендерге әлі-ақ көрсетемін» деген жеккөрінішті түсінік сақталып қалады. Баланың «бай боламын, туыстарыма көмектесемін» деген ниеті дұрыс болғанмен, екінші жағынан оны тура жолдан адастыратынын ескеру керек. Ойынқұмарлықтың соңғы кезеңі – өз-өзіне қол жұмсау. Яғни, шарасыз жандар тұйықтан шығудың жолы осы деп түсінеді. Егер отбасында немесе ағайындардың арасында ойынның арбауына іліккен адамдар болса хабарлассын. Әлбетте мұның шешімі бар, ол үшін кәсіби маманға жүгініп қолға алу керек. Жұмыс үдерісі құпия жүргізіледі. Өз тәжірибемде көп мөлшерде қарызға кіріп, кейін өзінің қателігін мойындаған азаматтар да болды. Ойынқұмар көбінесе өзінің құмарлыққа салынып кеткенін мойындамайды, — деді Айнұр Ідірісқызы.
Лудоманияға тәуелділік әуелі адамды қарыз алуға итермелейтінін психолог анық көрсетіп отыр. Күнделікті тұрмыста отбасылық дау туындай бастайды. Жұмыста да сәтсіздікке ұшырап, ұйқысыздыққа соқтыруы да ғажап емес. Мұның соңы ақыры заңдылықты бұзуға мәжбүрлеуі де мүмкін.
Талаптанса құтылуға болады
Республика бойынша әрбір үшінші не төртінші жас – лудоман. Мамандардың сөзінше ақпараттық, практикалық теорияларға зер салсақ, бұған шалдыққан жастың көпшілігі әке-шешесінің назарынан тыс қалған немесе шектен тыс еркелеткен балалар екен.
– Атырауда «Жаңа өмір» деген бұрынғы лудоман жігіттерден құралған орталық бар. Олар басқармаға келіп, өздерінің бұрынғы өмірлерімен таныстырды. Оны құрған жігіт екі-үш рет суицидтік әрекетке де барған. Қарызға белшесінен батқан оның бетінің бері қарауына жақындары мен достары септескен. Ол басынан өткен жағдайға жастардың душар болмауы үшін осындай қадамға барып, орталық ашуға талаптанған. Егер адамның жаман әдеттен құтылуға өзіндік талабы болса, процесс те тезірек жүреді, — деді басқарманың бас маманы Ә.Құрманберлиева.
Республика Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің мәліметі бойынша облыста заңсыз жұмыс істеген 328 букмекерлік кеңсенің 140-ы жабылған. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр екен.
Кездесу барысында мұнай құбыры басқармасының еңбеккерлері көкейдегі сұрақтарын қойып, оларға жауап алды.
– Құмар ойынға салынғандарды кәдімгі адам ретінде қабылдау керек. Ойынқұмар адамға ешқашан қарыз беруге және ағайын-туыс жиналып, оның қарызын жинап беруге болмайды. Оларға тек ауызша түсіндіру ғана керек. Ондай адамға күш көрсетуге де болмайды. Қарызын жапқан сайын ол өрши түседі, сосын оның одан сайын ойнай беруіне себепші боласыз. Бұл Үкіметтің күшімен шешіледі. Әркім өзінің өміріне жауапкершілік алуы керек, сол кезде нәтиже болады, — деді психосоматолог А.Қожабаева.
Сайып келгенде мұның барлығы адамның отбасындағы тәрбиесі мен араласатын ортасына да байланысты екенін жоққа шығаруға болмайды. Жиыннан түйгеніміз таза табыс – еңбек арқылы келеді. Ал, құмар ойыннан пайда тапқысы келетін адам азаматтық атына кір келтіріп, отбасынан ажырап, беделінен айырылады. Ең сорақысы, өз-өзіне қол жұмсауға дейін алып баруы ғажап емес.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ