ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰМЫТЫЛМАСА…
Киіз басу – қазақтың төл өнері
Біз төл туындымыздың небір асылынан айырылып қала жаздасақ та, қолөнерді заманға сай түрлендіріп, жаңғыртып жүргендердің жұмысын көріп көңілге қуаныш ұялайды. Кейіпкеріміз алматылық Ұлболсын Дәуленова – көне дәстүрді жаңғыртқан, төлөнерімізге жан бітірген, шәкірттерін де осы іске баулып жүрген жандардың бірі. Ұлболсын Дәуленованың айтуынша, бүгінгі күні пима киіп, үйіне текемет төсейтін қазақтар жоқ болғанымен, киізден жасалған бұйымдарға деген сұраныс жоғары.
«Киіз басу – қазақтың төл өнері. Сондықтан да, оны қолданыстан шығып қалды деуге болмас. Керісінше, заман өзгеріп, оның жаңа формасы енді. Яғни, қолдану аясы ғана өзгерді» деген Ұлболсын Бақтығалиқызы киіз басу дәстүрі бізде үш бағыт бойынша дамып келе жатырғанын айтады:
Біріншіден, киізден түрлі кәдесыйлар, ойыншықтар, сөмкелер, әшекей бұйымдарды жасауға болады. Оның өзіндік технологиясы да жоқ емес.
Екіншіден, әжелеріміздің киіз басу технологиясын меңгере отырып, ежелгі киіз үлгілерін жаңғырту.
Ал, үшінші бағыт – киізге сурет салу. Шебердің туындыларына қарап киізге ойыңды түсіруге, одан үлкен әрі әдемі туынды жасауға да болатындығына көз жеткіздік.
Сапа мен үйлесімділік
Сапаға баса мән беретін шебер жүн таңдауда өте талғам қажет екенін айтады. Ең бастысы, пайдаланылатын мал жүнінің сапасына мән беру керек.
Қарапайым киіз бетіне үлкен суреттер салып, киізден түрлі бұйымдар жасап шетел жұртшылығын таң қалдырып жүрген шебер бізді киіз басудың қыр-сырымен таныстырды. Киіз басуға қатысты ырымдар мен салт-дәстүрлер ескі заманда қалып қойғанымен, технологиясы көп өзгеріске ұшырамапты. Жасалу процесі сол күйінде. Бір айта кетерлігі, тек бұрынғы құралдардың орнын заманауи құралдар басса керек. Мәселен, бұрын киіз басуға шымши пайдаланылса, қазір оның орнын бедерлі целлофан басқан. Әжелеріміз пайдаланған сыпырғыштың орнына қазір су себетін құрылғы қолданылады. «Менің ойымша, шығармашылық арқылы сол дәуірі алыстаған кезеңді суреттеп, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға болады. Мәселен, біз қазір өз шеберханамызда киізді жұқалап басып, одан түрлі киім-кешек, білезік, бас киім, аяқ киімдер тігеміз. Әдемі оюлармен өрнектелген бұйымдар, көпші-ліктің назарына ілігіп те жүр. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері шетелге шығып жатса, киізден тоқылған бұйымдарға тапсырыс беріп, алып жатады»,-дейді Ұлболсын.
Ол әр туындысын ерекше шабытпен жасайды. Оның туындыларына тек қазақстандық ғана емес, шетелдің көптеген сәнқойлары да қызығушылық танытып, тапсырыс береді.
Кейіпкеріміз жуырда Атырау қаласында болған іссапары барысында, жергілікті тұрғындардың киіз басуға деген ынтасын байқағанын айтып қалды. «Киізден түрлі бұйымдар жасау және орамал, көйлек, белдемше, жейде, пальто дайындау үшін киізден жасалған өрнектерді жапсыру техникасы жөнінде шеберлік сабағын өткіздім. Қатысушылар әрбір сөзімді қалт жібермей, зейін қоя тыңдады. Киіз басуға қызығушылықтары артып, бұл іске ден қоюға бет бұрушылардың табылып жатқаны қуантты» деді ол. Ұлболсын бар ықыласымен дайындаған бұйымдарын құнды бағалайды. Себебі бағасы сапасына сай. Киізден ойылып тігілген киім-кешек, түрлі бұйымдар — 15-20, ал, үлкен текеметтер 30 мыңнан 80 мың теңгеге дейін бағаланған.
Емдік қасиеті де ерекше
Қолдан жасалған бұйымдардың барлығында күшті энергия болады екен. Өйткені, киіз тек қолмен жасалады, қолдан энергия беріледі. Мұндай бұйымды кисең, көңіл-күйің жақсарып, аурудың беті қайтады. Басың ауырса, киізден жасалған бас киімді ки деген ежелден сөз бар. Бұрын ауырғанда киізге оранып жататын болған, осылай емделеді екен. Халық емшілері жалаң аяққа киізден жасалған шәркейлер киіп жүруге, текеметтің үстінде жүруге кеңес береді, өйткені, жүн жүйкені тыныштандырып, тамырларды кеңейтеді. Киізден жасалған киім-кешек пен аяқ киім жылуды сақтап, қан айналысын жақсартады. Буын ауруларына таптырмас ем.
Осындай сан алуан қасиетке ие бұл төл өнерімізді жаңғырту біздің аймақта қолға алынбай жатқаны өкінішті. Ұмытылып бара жатқан бұл қолөнерді қайтсек, жас ұрпақтың бойына сіңіреміз? «Ұлттық қолөнер жөнінде насихат жұмыстары артпаса, ұрпақ жаңарған сайын бұл құндылықтарымыз жоғала береді» дейді осы орайда біз тілдескен облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Абат Кенжеғалиев:
— Киіз басудың түп негізі ауылдан бастау алуы қажет. Ақжаулықты аналар мен әжелер бұған атүсті қарамай, жас буынға киіз басудың маңыздылығын, қолөнердің мәні мен маңызын бойға сіңіріп өсіруі керек. Жасыратыны жоқ, бүгін бұл тәрбие қаланы айтпағанда, ауылдың өзінде ақсап қалды.
Киіз басу өнерінің ауылдағы бүгінгі беталысын байқамақ болып, Махамбет ауданы, Ақтоғай селосына атбасын тіредік. Бұл іске ден қойған ауыл тұрғыны Оңаш Сағындықованың жасаған ісіне сүйсіне қарадық. Біраз жылдан бері мектепте ұстаздық қызмет етіп келе жатса да, киіз басу өнерін ұмыт қалдырмағанына разы болдық. «Ең алғаш киіз басуды анам алтыншы сыныпта жүрген кезімде үйретті. Бұрын киізге қыздың есімін жазып, қыз жасауына салатын. Анамның менің есімімді жазып, жасап берген киізі әлі күнге дейін сақтаулы. Өзімнің де жасаған бірнеше киіздерім бар. Мұның жасалу технологиясын өз қыздарыма үйретуден кенде емеспін» деген Оңаш Сағындықова Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арнап жаңа киізді басып үлгеріпті. Ұлттық оюларымыз нақышына келтіре ойылған түрлі түсті киіздің бірнеше түрі үйінің төрінен орын алған.
Киіз басу өнеріне ерекше ден қойған қырғыз елінің әрбір ауданында оннан аса шеберхана бар екен. Біз де бұл жұмыстарды қолға алып, төлөнерімізді жаңғыртуымыз қажет.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.