Жарнама
Қоғам

ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ҰЛАҒАТЫ

Көпшіліктің қошеметі мен жүрек тербеп, жанды баураған сазды әуен құшағында Құлсары қаласынан Байтаңат Оңдашевтің, Жем ауылдық округінен Әбдірахман Сартаевтың, Жаңа Қаратон кентінен Мәжит Бұрхановтың және Қара Арна ауылдық округінен Жасұлан Қияновтың отбасылары сахна төріне бірінен соң бірі көтерілді.

Тау-кен инженері, Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасында ұзақ жылдар бойы техникалық бөлімнің инженері, бөлім бастығы, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бас инженердің орынбасары қызметтерін атқарған Б.Оңдашевтің төрт ұл, үш қызы, 29 немересі, 9 шөбересі бар. Балаларының барлығы да Жылыой мұнай-газ өндіру басқармасында абыройлы қызмет ету үстінде.

Ал, ауыл шаруашылығының белгілі маманы, кезінде ферма меңгерушісі, директордың орынбасары лауазымында жұмыс істеген Ә.Сартаевтың отбасы – ұлттық дәстүрді жоғары бағалап, адамгершілік пен имандылықты дәріптеп, ағайын-тумаға әркез мейірім шуағын шашып отырған үлгілі шаңырақ. Олар да төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр.

Осы іспетті «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механигі Мәжит Бұрхановтың отбасын мұнайшылар әулеті десе болады. Апа-қарындастары, інісі мұнай өндірісі саласында еңбек етсе, балалары да «Теңізшевройл», «Болашақ-Атырау», «Казкомсервис» серіктестіктерінде қызметте. Барлығы да абыройлы, өз ісінің мамандары.

Ауылдық жерден келген Ж.Қияновтың мамандығы – тұрба монтаждаушы. «Zhantuk» мекемесінде қызмет етеді. Екі ұлы – шаңырақ шаттығы, қуанышы, мерейі. Екеуі де оқу озаты. Қияновтар бұған дейін мектепішілік, аудандық және облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған екен. Әулеттің алтын діңгегі – сонау сұрапыл жылдардағы тыл ардагері Қарақожа ата мен «Күміс алқа» иегері Мәдина әжейден 3 ұл, 5 қыз өрбіген, олардан 12 немере, 36 шөбере сүйіп отыр.

Таныстыру рәсімінен кейін сахнаға көтерілген аудан басшысының орынбасары Нұрадин Өмірбаев биыл төрт бірдей әулеттің Атырауда өтетін конкурсқа үміткер болып отырғанына сәтті қадам тілеп, олардың әрқайсысын аудан әкімі атынан Алғыс хатпен марапаттады және сый-сиапат жасап, гүл шоқтарын ұсынды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ, меншікті тілшіміз, Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button