Жарнама
Қоғам

ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ТҰҒЫРЫ

Қоғамның бастауыш ұйымдары мекемелерде фестиваль, «дөңгелек үстел», байқауларды жыл сайын түрлендіріп өткізуде, тіл мерекесі аясында онкүндіктер, апталықтар өз дәрежесінде ұйымдастырылып келеді. Ана тілімізді жақсы меңгеріп келе жатқан мәдениетті, шебер сөйлеуге, өнерге бойұрған жауқазын жастарды анықтап, олармен «Өнер алды – қызыл тіл», «Шешендік өнер – асыл мұра» атты байқаулар, бірнеше жыл қатарынан жас ақындар айтыстары, «Тәуелсіздік пен тіл — егіз ұғым». «Тіл – тұғырлы жеңісіміз» тақырыптарына «дөңгелек үстелдер» өткізілді.
Сонымен қатар, «Қазақ тілі» қоғамы басқармасы аудандық әкімдіктің қолдауымен өткен кезеңде «Ауданда мемлекеттік тілдің қолданылу дәрежесі және «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының басты мақсаттары туралы», Елбасының «Қазақстан – 2050» Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы тақырыптарына баяндамалар жасады. Сондай-ақ, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деген тақырыпта мемлекеттік қызметкерлердің тіл меңгеру байқауын өткізді.
«Қазақ тілі» қоғамы соңғы жылдары ынталы ұйымдармен бірігіп, аудандағы 7 округ әкімдіктерінде, 13 мектепте, аудан орталығындағы 15 кәсіпорын, мекемелерде және аудан әкімдігінің дербес бөлімдеріндегі «Тілдер туралы» Заң талаптарының орындалуына, ісқағаздарының, құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуіне тексерістер ұйымдастырып, аудан әкімі жанындағы комиссияда қаралуына ықпал жасалды. Нәтижесінде барлық бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік орындарда өздерінен шығатын құжаттардың 100 пайызы мемлекеттік тілде жүзеге асатыны анықталды. Ал бұларға келіп түсетін, яғни кіріс құжаттарының 10-15 пайызы орыс тілінде немесе екі тілде. Олардың басым көпшілігі министрліктерден, облыстық департаменттер мен басқармалардан, кәсіпкерлік құрылымдардан болып табылады. Осы мәліметтерге сүйенсек, ауданымыз ісқағаздарын, жиындар мен мәжілістерді мемлекеттік тілге көшіргендер қатарынан саналады деп айта аламын.
Индербор кентінде, ауыл-селоларда көшелер, алаңдар, елді мекендердің атаулары, кәсіпорындар мен мекемелер маңдайшаларын қазақша сауатты және ономастикалық заңдылықтарға сай жасақтау жүзеге асырылып келеді. Уақыт талабына сай өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде.
Дейтұрғанмен, жарнамалар, көрнекі жасақтаулардың бірқатары атына мазмұны сай емес, орфографиялық, стилистикалық қателер, жаңартуды сұранып тұрғандарын кездестіруге болады. Сондықтан, бұл істе тіл жанашырларының, мекемелер басшыларының, әкімдіктердің тұрақты назар аударуы керек дер едім.
«Қазақ тілі» қоғамы филиалы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және білім беру бөлімдерімен аудандық газет редакциясымен бірігіп, аудан әкімдігінің қолдауымен «Қазақ тілі – ұлттық рухтың, елдігіміздің тұғыры» тақырыбында акция өткіздік. Ол үшін барлық ауыл, селоларда жұртшылықтың қатысуымен салтанатты, концерттік бағдарламасы бар жиындар өткізіліп, қорытындыланып жатыр. Акцияның қортындысына қарап, ауылда, ауданда қазақтілді ұрпақ өсіп келе жатқандығына көз жетті.

Бақытжан ШЫНЫБАЙ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық
ұйымының төрағасы,
Индер ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button