ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ
Бірде «көшпенді», бірде «көшпелі» деп тәжікеге түскен тарихи терминнің өзіне де енді тереңдеу үңілуге тура келді: Сөйтсек, біз қазақтың кең даласында, өзімізде ғана көшіп-қонып жүріппіз. Өз жерімізде, өз елімізде! Ендеше, «біз – көшпенді халықтың ұрпағымыз» деген таптаурын тіркесті жаңа ғасырдың жаңаша көзқарасы тұрғысынан таразыласақ, біз әбден отырықшы елміз!
Жер көлемі жағынан дүние жүзі бойынша тоғыздыққа табан тіреген Қазақстан «көшпелі» деген көшіп жүрген ұғымды отырықшылықпен түйіндеп, «Тәуелсіз Қазақ елі» деген мәртебелі атақты бұдан аттай жиырма үш жыл бұрын күллі адамзаттың санасына құйды. Дүниенің төрткүл бұрышын жайлаған жұрт енді Қазақстанға қарай өкшесін жиі көтеретін болды.
«Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ, бұл мүмкіндік қана, ол шындық, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет» деп өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында жазғанындай, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халықтың өзін-өзі тануы арқылы өзін өзгеге танытуы мәселесін мемлекеттік тұрғыда көтерді. Тәуелсіздіктің таңсәрісінде-ақ жас мемлекеттің болашақ рухани тұғырын ойлап, «Ұлттық татулық жылынан» кейін «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылын» жариялады. Бұл шын мәнінде кең ойлап, кемел зерделенген қадам болды. Бұл игі жемісін берді, бергенін дүйім ел көрді.
Әрине, өткен жиырма үш жыл мемлекеттің нарықты экономика жолында жедел де, қарышты қалыптасуының ерекше үлгісі болғанына күмән жоқ. Елбасымыз жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаттың арқасында еліміздің еңбек ендіктері мен береке бойлықтарында қызу еңбек қайнады. Соның өн бойында мемлекет халықтың рухани әлемінің кенжелеп қалмауына зор көңіл бөлді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұны өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында да, ұзақ мерзімдік бағдарламаларында да ұдайы басты назарда ұстап келеді.
Бұл іс жүзінде айқын көрініс те тауып жатыр: Тәуелсіздіктің жемісті жиырма үш жылы ішінде Қазақстанда бірнеше ондаған театр мен кино-концерт залдары, мәдениет ошақтары мен клубтар, кітапханалар мен оқу залдары, ғылыми-зерттеу институттарының ғимараттары, шығармашылық одақтардың үйлері мен өнер жайлары, демалыс орындары мен шипажайлар, жастар мен балалардың дарыны мен талантын ұштайтын орталықтар, стадиондар мен спорт алаңдары салынды. Әсем Астанамызда салынып, пайдалануға берілген «Тәуелсіздік Сарайы», «Бейбітшілік және рухани келісім Сарайы», «Қазақстан» атты кино-концерт залы, Жастар сарайы, Спорт аренасы, Опера театры және басқа да адамның рухани әлеуетін арттыратын нысандар қанатын кеңге жайып келеді.
«Әуелі экономика, сосын саясат» деген ұстаным туған халқының тұрмыстық деңгейін жаңа, заманауи сатыға көтергенін Мемлекет басшысы бүгінде ризашылық сезіммен айтады. Оны айтасыз, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы ауыр да күрделі жылдарында, экономикалық дағдарыс дендеп, қазанның түбі көрініп, жоқтық пен қатшылық қабырғадан қысып тұрған кездің өзінде Президентіміз тәуекел қадамға барып, еліміздің мәдени-рухани күйзелісіне барынша тосқауыл қойды. Халықтар достығын орнықтырып, ұлтаралық татулықты қалыптастырып, өзара сыйластық пен ынтымақты ту етіп көтеріп, осының арқасында жұртымыздың мәдени-рухани ахуалын сауықтырудың батыл бастамасын жасады. Бұл, әрине, қазір айтуға ғана оңай. Әйтпесе, сананы тұрыс билеп, жоқтық қос өкпеден қысқанда, мәдениеттің мәселесін ойлап, маңызды қадам жасау ерлік емей немене?!
Ұлттың рухани әлемі. Бұл – аса маңызды мәселе. Рухани азаттық дегеніміз – қоғам дамуының ең басты өлшемі, ең басты қайнар көзі. Рухың азат болмай, өзің толық азат бола алмайсың. Рухың жаңармай, жаңа заманға ілесе алмайсың. Рухың қайсар болмай, ұлттың ұлы дәстүрлерін жалғастыра алмайсың. Ұлттың рухани әлемін қалыптастыру саясаты – ел тәуелсіздігін тұғырлы да, мәңгілік етудің бірден-бір кепілі.
Арқалы ақын Қасым Аманжоловтың:
О, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер, — деген өлең жолдарын оқығанда Тәуелсіздіктің бағасын біле түсесің. Отаншыл отты сезім алпыс екі тамырыңды идіріп, көгілдір көкпен астасып, алып таулармен бастасып жатқан ұлы далаңа қарап, өзіңді шексіз бақытты сезінесің. Бұл бақыттың алтын тамыры Азаттықта жатыр. Аңсап күткен азаттық. Рухани әлемі бай, жан-дүниесі таза адам ғана оны шынайы сезіне алады, оны баянды етуге жанын салады.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.