ҰЛТ ШЕЖІРЕСІН ЖАЗУ – ҰЛЫ МІНДЕТ
Бұған дәлел Елбасы Тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ ұлт тарихы жайлы ұлағатты ой айтты. Мәселен, 1996 жылы халыққа Жолдауында: «Біз тарихымызды жаңаша оқытудың негізінде ғана ұлттық идеяны қалыптастыра алуымыз мүмкін» деді. 1999 жылы «Атамұра» баспасынан жарыққа шыққан «Тарих толқынында» атты кітабында қазақтың арғы-бергі тарихын әлемдік тарихпен және бүгінгі күн проблемаларымен сабақтастыра баяндап, өзіне тән кемел ойлы кемеңгерлікпен толымды ойлар толғады. ТМД елдерінде баламасы жоқ «Мәдени мұра» бағдарламасы адастырмас ақжұлдыз болды. 2012 Ұлу жылы, желтоқсан айының 14-інде есігін айқара ашқан ғажайып ғимарат «Астана Опера» театрында оқылған «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деп атап көрсетті. Осы жылы маусым айының 5-інде Астана қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің қатысуымен өткен ұлттық тарихты зерделеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері айтылып келе жатқан Елбасы идеяларының жарқын жалғасы. Бұл келелі жиын оған қатынасқан отандық тарих ғылымының элитасы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ғана емес, барша халыққа ой салды, қоғамның барлық тобында аса үлкен серпіліс туғызды, қалғып кеткен ойларды оятты, бұрынғы бұлыңғыр ойларды ұйық пен тұйықтан алып шығып, ұлт тарихын жаңаша жазуға деген қуатты құлшыныс туғызды.
«Ендігі жерде тарихшы зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймай, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғылымға айналуы тиіс, — деді Марат Тәжин. — Осылай қараған кезде әрбір ұлттық тарих формациялар мен өркениеттердің абстрактілі хронологиялық жылнамасы ретінде емес, халықтың бүкіл күрделілігі мен бөлек бітімін бойына сыйғызған жанды тарих ретінде бой көрсетеді. Тарихшының міндеті — ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың жанды, бөлекше ағзасының қалай дамитынын түсіну».
Мемлекет хатшысының айтары анық, бояуы қанық баяндамасын оқып отырғанда көңілге көп ойлар оралады. Соның бірі — «күні кешеге дейін өз тарихымызды өзгелер жазып келді» деген өзекті өртейтін өкінішті ой. Рас, кезінде ұлт тарихын жазуды Санжар Асфендияров, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Тұрар Рысқұлов сынды ұлылар бастады. Алайда, ол кезде біз бостан емес, бодан ел болғандықтан шындықтың шымылдығы толық түрілген жоқ. Қылышынан қан тамған кеңестік кеңістікте КСРО мен шетелдер тарихына басымдылық берілді де, ұлт тарихы солардың көлеңкесінде күңгірт тартып тұрды. Солақай саясаттың салдарынан қазақтар өз тарихынан гөрі алыс Африка елдерінің тарихын жақсырақ білетін күйге жетті. Ел тарихын ерлікпен баяндаған Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов сынды сүлейлер сотталып, Тілеш Шойынбаев сияқты биліктің сойылын соққан сүйкімсіздердің жолы болды.
Тарихты әдемілеп жаңаша киіндіруге де, оны шешіндіріп, жалаңаштауға болмайды. Тарих рецептпен жасалмайды, нұсқаумен жазылмайды. Тарихшы тарихты қаз-қалпында көрсетуі керек. Тарихшыны адастырмайтын ақ жол.
Осы тұста осы ақ жолмен жүріп, ел үшін ерен еңбек еткен Ермұхан Бекмаханов жайлы айтпасақ, әділетсіздік болар еді. Он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстан тарихына тыңнан соқпақ салған ұлтжанды ұлы тарихшының еңбегі мен есімін насихаттауға орай бүгінге дейін жүзеге асқан жұмыс тым мардымсыз. Ермұхан Бекмахановтың «Он тоғызыншы ғасырдың жиырмасыншы-қырқыншы жылдарындағы Қазақстан» атты тамаша монографиясын жоғары оқу орындарында оқыту ауадай қажет. Мұның бір емес, үш түрлі пайдасы бар. Біріншіден, қазақтың қайсар ханы Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің маңызы мен мәнін жарқыратып жайып салған бұл аса бағалы еңбек ел ертеңі жастардың жігерін жанып, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет етеді. Екіншіден, бұл – жас тарихшылар үшін ғана емес, жасамыс тарихшылар үшін де ұлт тарихын жазудың озық үлгісі. Үшіншіден, бұл – Кенесары сынды тарихи ұлы тұлға арқылы ұлттық рухты асқақтатудың ұтымды жолы.
Тарихи әдебиеттерде «Переписка ханов и султанов среднего жуза, относящаяся к 1824-1830 годов» деген еңбек бар. Оны баспаға берген Әлихан Бөкейханов. Ермұхан Бекмаханов Кенесары жайлы монографиясында осы еңбектегі тарихи фактілерді де орайын тауып, орынды пайдалана білген.
Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі патшалық Ресейдің саясаты барынша қатал, аса қатыгез, қандықол саясат еді. Ол жайлы Сталин: «В прошлом в России власть находилось в руках царей, помещиков, фабрикантов и заводчиков. В прошлом Россия — Россия царей и палачей. Россия жила тем, что угнетала народы, входившие в состав бывшей Российской империи. Правительство России жило за счет соков, за счет сил угнетаемых ими народов, в том числе и народов русского. Это было время, когда все народы проклинали Россию» десе, Маркс: «Орыстың шовинизмі шегіне жеткенде ол садизмге айналады», деп жазды. Осындай ащы шындықтарды ашып айтқан Ермұхан Бекмаханов тарихшы Савичевтің: «Кенесарының алдынан кездесетін кедергілер оның бойындағы қажымас қайрат пен қайсарлықты жігерлендіріп, сол кедергілерді жеңуге қайрат беріп, қиындықтарды жеңген сайын оның қуаты келесі кездесетін кедергілерді жеңуге шыңдала беретін сияқты. Кездесетін кедергілер мен қиындықтар күрделенген сайын ол қайраттанып, оларды қиратуға жаралған алыптарға ұқсайды» деген сөзіне және тағы басқа да тарихи фактілерге арқа сүйеп, «ұлт-азаттық қозғалысын хан басқарғаны үшін ғана оны жоққа шығаруға бола ма?» деген сөзі үшін де РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-бабының, 10-бөлімінің екінші тармағымен айыпталып, 25 жылға сотталып кете барды.
Мұның бәрін жіліктеп айтып жатқанымыз – тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар жайлы жазғанда Ермұхан Бекмаханов құсап қиындықтан ықпай, ерлік туын жықпай нақты фактілер мен аргументтерге арқа сүйеп, шындықтың шырайын келтіре жазу керектігін еске салу.
Тарихы түгенделмеген халық ескексіз қайық! Тарих толқыны қалай айдаса, солай бағыт-бағдарсыз жүре береді. Құдайға шүкір, біз төл тарихымызды толық, қанық түгендеп болмасақ та күні бүгінге құр алақан келгеніміз жоқ. Ұлт тарихын жазуда біраз ауқымды істер атқарылды. Осы тұста алғаш Санжар Асфендияров бастаған, кейін Ермұхан Бекмаханов қостаған талантты тарихшылардың тарихи ұлы еңбегін бүгінде Мәмбет Қойгелді, Зардыхан Қинаятұлы, Бүркітбай Аяған, Меруерт Әбусейітова, Нәбижан Мұхаметқанұлы, Едіге Тұрсынов, Ахмет Тоқтабай, Мәлік-Айдар Асылбек, Талас Омарбеков, т.б. тарлан тарихшылар жақсы жалғастырып келеді. Осы тұста тарихты тарихшылардың өздерінен артық болмаса, кем білмейтін жазушылар еңбегін ерекше атап өту әділеттілік болмақ. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Олжас Сүлейменов, Ілияс Есенберлин бастаған сол көшелі көштің алғы сапында Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғарин, Әнес Сараев, Сапабек Әсіпов, Мырзан Кенжебаев, Бейбіт Қойшыбаев, т.б. бар. Бұл тұста бұлардың көзіқарақты оқырмандарға таныс еңбектерін тізбелеп жату артық болар.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің баяндамасында айтылған ордалы ойлар алшы түсер асыққа құйылған сақадай көкейге қона кетеді. Мәселен: «Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, ол сынақтардың жауабын табуға әбден-ақ болады. Бұл арада надан дилетанттық өте қауіпті. Жаһан тарихына ұлттық төбешіктен қарап жіберіп, қайта жазып шығу тым қиын емес. Автор үшін өзің қысылатын, ал кейде тіпті сол тарихи графомандардың денінің саулығына күмән келтіретін сауатсыз шатпақтар қаптап шығып жатыр. Шекарамыздан бір шақырым ұзамай жатып күлкіге қалмау, жас баладай аңғал болып көрінбеу үшін өзіңнің ұлттық тарихыңды инемен құдық қазғандай терең еңбектерімен негіздеу әлдеқайда қиын. Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады» деген парасатты пікірі тарихшылар еңбегіне бағыт сілтеп тұрған бағдаршам деуге лайық.
Құпия мұрағат қорларына қол жетіп, алдымыздан тың деректер ашылып жатқан осы бір оңды сәтте көп істің орайын табу біршама оңайланып қалды. Бұл, әсіресе, тарихи тұлғалар тағдырының белгісіз, ақтаңдақ беттерін жазуға мол мүмкіндік туғызып тұр. Рысқұлов, Мирзоян, т.б. тарихи тұлғалар жайлы тұманды, күмәнді жайлар, бір ізге түсіп, даулы жайлар аузы дуалы тарихшылар уәжімен бір ізге түсуі керек.
1986 жылы желтоқсанда Брежнев атындағы алаңға шыққан халық наразылығын кейбіреулер күні бүгінге дейін «Желтоқсан оқиғасы» деп жазып жүр. Бұл қате. Ол оқиға емес, ұлт-азаттық көтерілісі. Себебі, Қазақстан сол кезде отар, КСРО-ның отарлаушы империя болғаны шығар күндей шындық. Желтоқсанның сол бір ызғарлы, мұз-қарлы күнгі халық наразылығы Кавказдағы Шәміл, Башқұртстандағы Салават Юлаев, Үндістандағы Махатма Ганди басқарған көтерілісі сынды ұлт-азаттық көтерілісі!
Бүгінгі тарих ғылымының алдында тұрған аса маңызды міндеттің бірі — «Кенесары Қасымов қырғыз халқына қарсы болды, қырғыздармен соғысты» деген түбірінен қате, қатып қалған қасаң пікірді тарихи фактілер арқылы жоққа шығару. Шындығында, қазақтың қайтпас, қайсар ханы қырғыздарға емес, Қоқан, Хиуа хандықтарымен ауыз жаласып, ел мүддесін патшалық Ресейге сатқан қырғыздың бай, манаптарына қарсы болды. Бұған Кенесарының қырғыз халқына өз қолымен жазған хаты айғақ. Егер қырғыздың сол кездегі билеушілері Кенесарымен ат тізесін қосқанда қазақтың ханына ғана емес, халқына да аса ауыр соққы болған қайғылы жағдай болмас еді.
Біліміне ақыл-парасаты сай атақты тарихшыларымыз қазақтың соңғы ханы Кенесарының қырғыз халқына деген өшпенділігі тұрмақ өкпесі жоқ, керісінше құрметі мен сүйіспеншілігі мол болғанын тарихи фактілер арқылы дәлелдей алса, бұл ауылы аралас, қойы қоралас, тағдырлас айыр қалпақты ағайындардың қазақ халқымен достығын онан әрі нығайта түсері хақ. Қазақ тарихын «Отан тарихы», «Қазақ тарихы» деген атпен жазайық деген пікірлер жазылып жатыр. Меніңше, ең дұрысы — «Қазақ мемлекетінің тарихы».
Қазақтың атақты екі қаламгерінің бірінің Шыңғысханды көкке, бірінің жоққа шығарып, бір емес, бірнеше жыл бойы баспасөз беттерінде айтысуы да, тағы бір жазушы досымыздың әлемге әйгілі ұлы тұлғаны «қазақ» деп мақала жазуы да тарихшыларымыздың, Мемлекеттік хатшы айтқандай, «өзіңнің ұлттық тарихыңды инемен құдық қазғандай терең еңбектермен негіздеу әлдеқайда қиын» екендігінде. Бір бұл емес, осыған ұқсас талай таластардың нүктесін қазақ тарих ғылымы ерте ме, кеш пе, қоярына сенеміз.
Қазақ тарихында Тәуелсіздік шежіресі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кемел ойлы кемеңгерлік келбеті кең де келісті жазылуы шарт. Бұл бүгінде әлемдік қауымдастықтан өз орнын ойып тұрып алған мемлекет мерейін, қазақ атын асқақтату үшін қажет.
«Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында не XV ғасырдың екінші жартысында құрылды» деген екіұшты, жалпылама пікірлерімен келісе алмаймын. Қазба жұмыстарының нәтижесінде бірінен соң бірі тіріліп, тарих тереңінен тіл қатқан бірнеше «Алтын адамнан» соң «Ұржар ханшайымы» ұйқысынан оянған, ғылым, білім жетілген шақта ұлт тарихын он бес емес, он екінші, он төртінші ғасырдан бастайтын құнды деректің де күні ертең қарсы алдымыздан қасқайып шыға келмесіне кім кепіл?! Тас балқытып, темір қорытуды аты белгісіз арғы заманда-ақ игерген, яғни қол өнері ғана емес, өндірісі дамыған, ұлан-ғайыр Ұлы Даласында самсаған сан қаласы бой түзеген ұлттың ұлы мемлекетінің тарихы біз ойлағаннан да тым әріде жатқанына өз басым жазушылық түйсігіммен кәміл сенемін.
Ұлт тарихын жазу — ұлы міндет! Сәтімен жазылған шынайы ұлт тарихы шындықтың шырайын ашып, ұлттық рухты асқақтатуға, ұлттық сананы қалыптастыруға, отаншыл отты сезімді оятуға, мемлекеттік идеологияны насихаттауға, еліміздің ертеңі жас ұрпақтың елшіл, мемлекетшіл тұлға болып қалыптасуына игі ықпал жасары сөзсіз.
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
(«Егемен Қазақстан» газеті,
12 шілде, 2013 жыл).