Әлемдік руханиятқа ұмтылыс
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылуы – қазіргі жас ұрпақ пен елдің ертеңгі келешегі үшін тындырылып жатқан игілікті істің бірі.
Аталған оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, антропология, дінтану, журналистика, экономика және кәсіпкерлік салаларын қамтиды. 100 оқулықты аудару – ғылыми контентті көбейтіп, қазақ тілінің қорын халықаралық лексикамен байытады. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарындағы білім мазмұны әлемдік деңгейге көтеріліп, еліміздегі аударма мектебін дамытуға зор үлес қосады. Оқулықтардың кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш түрлі форматта қолжетімді болатыны білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді деген ойдамын.
2018-2019 оқу жылынан бастап, бұл оқулықтар жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізіліп, оқытыла бастайды. Қазақ тіліне аударылған әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулық білім саласындағы жаһандық бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік беретіні даусыз.
Түйіндеп айтар болсам, еліміздің бәсекелестікке сай әрі әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесі тең болуы үшін, келешек жастарымыздың білімді, сауатты болғаны маңызды. Ол үшін осындай рухани дүниелерді, ғылыми жобаларды автордан айна-қатесіз тікелей аударып, халыққа, келешек жастарға өзіміздің қазақ тілінде жеткізу құптарлық жоба болды.
Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ,
Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы.