Латынға көшу – тарихи қадам

LATYIN A K SHU TARIHI ADAM Қоғам

«Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы». Осындай тақырыппен Атырауда сейсенбі күні халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын ұлт алдындағы негізгі міндеттердің бірі – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін қолданысқа енгізу мәселесі талқыланған конференцияда халықаралық, республикалық деңгейдегі сарапшы-ғалымдардың пікірлері тыңдалды. Латын графикасын әлдеқайда ертерек қабылдаған түркітілдес елдердің тәжірибесі, қазақ ғалымдары ұсынған жаңа әліпби үлгісінің лингво-психологиялық, фонетикалық тұстары сарапқа салынды.

Конференция жұмысына арнайы қатысқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев әліпби ауыстыру жұмысының кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынына тоқталды. «Әліпби ауыстыру – тарихи оқиға. Латын әліпбиіне көшуге қатысты жаһандық тәжірибемен қатар, ғылыми-теориялық, әдістемелік және қолданбалы бағыттағы зерттеулер де құнды. Бұл процесс мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дамуына, заманауи ғылым мен технология тіліне айналуына ықпал етеді» деп атап өтті ол. Атырау облысы әкімдігі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастырған конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрағасы Қуат Борашев, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің ғалымдары, сондай-ақ, отандық ғалымдар, лингвистер қатысты.

ЛАТЫНҒА КӨШУ – ТАРИХИ ҚАДАМ

Бақытжан  ХАСАНҰЛЫ, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің  профессоры, филология ғылымдарының докторы:

Акут нұсқа социолингвистикалық талаптарға сай келсе…

Қазіргі әдеби тіліміз бен аймақтық сөйленімдер қатарында жерге байланысты үш бағытта «Атырау» сөзі қолданылады. Мысалы, «Атырау» сөзі қала мен облыс атауы, ну шөпті кең алқап пен сортаң жер деген мағынадағы жазылуы қандай болуы тиіс? «Atyraw» деп жазсақ, бұл сөздің дыбысталуы Atyraұу болады да, сөз соңында әнтек ұ дыбысы артық шығатын сияқты. Мүмкін, қала, облыс атауы Atyraw, Семей жағында «шөп шықпайтын сортаң жер» деген мағынада қолданылатын «Атырау» мен Каспий маңында қолданылатын «ну шөпті кең алқап» мағынасындағы «Атырау» сөзін atyray түрінде жазуға болар? Бұл сұраққа жауапты атыраулықтардан гөрі фонетистер бергені дұрыс. Және социофонетистердің де пікірсайысқа қатысқаны жөн.

Ғалым ретіндегі пікірім, әліпбидің соңғы қабылданған (акут) нұсқасы социолингвистикалық (социофонетикалық) талаптарға сай емес. Сондықтан да, алдымен латын графикасына көшірудің ұстанымдарын нақтылау  керек.

Ең алдымен, әліпбидің кейінгі қабылданған (акут) нұсқасы жөндеуді қажет етеді. Бұл ретте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мәртебелі фонетистері дайындаған «Ұлттық әліпбидің» дұрыс түзілгеніне социофонетикалық тұрғыдан көз жеткізуге әбден болады. Бұл жерде қазақ тіліне мүлтіксіз қызмет ететін қазақ әліпбиін ағылшын пернетақтасындағы 26 таңбаға таңуға мүлде болмайды. Демек, заманауи компьютердің әліпбиімізді негізге алып, қызмет көрсетуін қамтамасыз ету жолында нақты іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс.

Қорыта айтқанда, жаңа әліпби ретінде ұсынылып отырған техникалық (интернет) әліпби қабылданса, тіліміз компьютерге икемделеді, ағылшындану бораны соғады да, тілімізді біржола жоғалтамыз, ал, тіліміздің ішкі заңдылықтарына негізделген «Ұлттық әліпби» жалпыхалықтық қолдауға ие болса, Қазақстан қазақтілді елге айналады да, мемлекеттік тіліміз бен қазақ-орыс-ағылшын үштілділігі қуатты халықаралық қатынас құралына айналады.

Шерубай   ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының  докторы:

Терминология емлесімен пысықталса…

Аса мұқияттылық танытатын мәселенің бірі – шет тілдерінен енген терминдердің жазылуы. Әліпби ауыстырудың қай кезеңін алып қарасақ та, тіл мамандарына осы мәселені шешу міндеті жүктелген.

Алысқа бармай-ақ, тәуелсіздік тұсындағы терминология дамуының жаңа кезеңіне тоқталсақ, термин, терминология мәселелері қарқынды зерттеліп, терминжасам үрдісі, термин шығармашылығы алдыңғы кезеңмен салыстырғанда едәуір жанданғанымен, шет тілдерінен термин қабылдау тәртібі берік орнығып, оларды тіліміздің дыбыстық жүйесіне икемдеп жазудың нақты емле ережелері жасалып, ресми қолданысқа ене қоймады. Алаштық қағидат пен кеңестік қағидаттар қатар қолданылғандықтан, шет тілдері сөздері бұрынғы жолмен орыс тілі орфографиясы бойынша қабылданып жатса, екінші жағынан аз да болса тілге икемделіп жазылған терминдер мен жаңадан жасалған терминдер қолданысқа енді.

Қолданысқа ұсынылып отырған латын графикасына негізделген жаңа әліпбиімізден кириллде болған ё, ц, щ, э, ю, я және ь, ъ таңбалары алынып тасталды.

Ағылшын тілі мен кейбір роман-герман тілдері мамандары түбі грек, латын, ағылшын, неміс, француз болып келетін терминдерді «ция» орыс қосымшаларынан айырып, түпнұсқаға жақындатып жазуды ұсынуда. Мысалы: motivation – мотиватион//мотивейшн (мотивация емес), privatization–приватизатион // приватизейшн (приватизация демей немесе жекешелендіру деп аудармай, приватион немесе приваттау) түрінде алу сияқты ұсыныстар айтылуда. Демек, әліпби ауыстыру барысында шет тілі терминдерін қабылдау мен жазу шын мәніндегі қазақ тілінің орынсыз бұрмаланған заңдылықтарын қалпына келтіретін жазу реформасына ұласуын басты назарда ұстаған жөн.

ЛАТЫНҒА КӨШУ – ТАРИХИ ҚАДАМ-3

Шахида ШАХАБИТДИНОВА, Өзбекстан Республикасы Андижан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:

Жазу  үлгісі – тіл  емес

Әлемде әліпби мәселесі жылдан жылға күрделеніп келеді. Неге? Оның түрлі себептері бар. Қазір лингвист мамандардың саны өте аз. Ал, призманың екінші бөлігіндегі осы тақырыпқа қызығушылық танытып жүргендер лингвист мамандар емес. Олар – әлеуметтік-гуманитарлық салада тәжірибе жинаған интеллектуалдар тобы. Ал, тілді қолданушылар әліпби мәселелеріне назар аудара бермейді. Сонымен, қарапайым қолданушыға қандай әліпби тиіс? Халық пен жазу арасындағы қатынас қандай болуы керек? Қазіргі міндет – осы мәселелердің ара-жігін анықтап, жан-жақты зерттелген тұжырымдамалар жасап шығару.

Көрнекті теоретик-лингвист ғалым Бодуэн де Куртенэнің жазуынша, жазу – тіл емес. Демек, тіл мен жазу арасындағы байланысты нығайту үшін де, жазудың жаңа үлгісін таңдау процесі ыждағаттылықты, мұқияттылықты қажет етеді.

Майыл  АСКЕРОВ, Әзербайжан Ғылым Ұлттық Академиясы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Графема біркелкілігі маңызды

Қазақ әліпбиінің жаңа үлгісін қабылдау – ең алдымен түркітілдес халықтарды өзара жақындастыруға бағытталған қадам. Сонымен бірге, бұл әлемдік мәдениет интеграциясына кірігудің тиімді жолы.

Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан елдерінің бүгінде латын графикасын қабылдағаны белгілі. Осынау ұлы көшке Қазақстан да қосылып жатыр. Енді бірыңғай әліпби үлгісі арқылы, барлық түркітілдес халықтар кез келген түркі тіліндегі мәтіндерді кедергісіз оқи алатын болады. Уақыт өте келе бұл құбылыс Толерантты түркі бірлігі кеңістігінің қалыптасуына әкелуі мүмкін. Әзербайжан елі латынға көшу процесін отыз жыл бұрын бастады. Сол кезеңнен бері латын графикасындағы әзербайжан тілінің электронды базасы жасақталып келеді. Бұл бағыттағы тәжірибемізбен Қазақ елімен бөлісуге дайынбыз.

Ең алдымен, тіл – лингво-психологиялық құбылыс. Демек, әліпбиді жасау кезінде лингво-психологиялық бағыттағы ең негізгі ережелерді назарда ұстаған абзал. Ғажабы сол, аталған ережелердің сегізі латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінде сақталған. Салыстыру үшін айта кетсек, араб, персид тілдерінде бұл ережелердің төртеуі, француз тілінде бесеуі, итальян, испан тілдерінде алтауы ғана сақталған. Десе де, Қазақстан әліпби үлгісіндегі негізгі ереженің қалыс қалған екі тармағын да назарға алса, бұл тілдің толыққанды дамуына жағдай туғызады.

Біріншіден, қабылданған әріп немесе графема мүмкіндігіне қарай біркелкі дыбысталуы тиіс. Мұндайда бірегей фонема талаптары сақталады. Әйтпесе, түрік, әзербайжан тілді адам – I, і; U, u; U, u; Y, y дыбыстарын оқыған кезде қиындыққа тап болуы мүмкін. Екіншіден, қосарлылықтан арылу. Бұл бір дыбысты екі немесе одан да көп графемаға телу қисынсыз деген сөз. Бір графемаға бірнеше дыбыс беру де тілді үйренушінің шатысуына алып келеді. Қорыта айтқанда, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі лингво-психологиялық талаптарға толықтай сәйкес келеді. Әліпбиге енгізілген графемалар да латын стандарттарына жауап береді.

Болат  ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының  Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары:

Ноқат-нүктелердің қызметі  нақтыланса…

Жаңа әліпби жобасында бірден байқалатын ерекшелік – төл дыбыстарды таңбалауда ноқат-нүктелердің қолданылуы. Емле ережесінде ноқат-нүктелердің жазу жүйесіндегі қызметі нақты да түсінікті болғаны жөн. Сондықтан, әліпби жүйесіндегі бұл арнайы белгіні қазақ тілі дауысты дыбыстарын (жұп дауыстылардың жіңішке сыңарын) таңбалауда ғана қолдануды ұсынамыз. Бұл арада «А.Байтұрсынұлы қисыны» бойынша жіңішкелік белгі, дәйекше қолдануды ұсынған белгілі фонетист-ғалым Ә.Жүнісбек тұжырымын қолдаймыз. Яғни, арнайы белгі арқылы тек жұп дауысты дыбыстарды ажыратып қана қоймай, қазақ тілінің үндесім (сингармонизм) заңдылығын, яғни буындардың жуан, жіңішке айтылымын жазуда көрсететін арнайы белгіге ие болар едік. Бұл тілді тануға, қабылдауға, үйренуге жеңіл әрі түсінікті болатыны сөзсіз. Осы жұп дауыстылар қатарына «ы-і» дауыстылары да жатады. Сондықтан, жүйе сақталу үшін бұл дауыстыларды да жіңішкелік белгімен ажыратқан дұрыс, сонда қазақ тілінің 9 дауысты дыбысы 4 жұп болып әліпбиде таңбаланады. Мысалы: a – a – e (а-ә-е), o – o, (о-ө), u – u (ұ-ұ), i – i` (ы-і). Арнайы жіңішкелік белгінің мәртебесі мен қызметі нақтыланса, әліпбиде әр дауыстылар жұбының тек жуан сыңары ғана берілмек.

Екіншіден, дауыссыз дыбыстарды таңбалауда ноқат-нүктені қолдану керісінше қисынсыз. Табиғаты мүлдем бөлек дыбыстарды (й – і, у – ы) ноқат-нүктемен ажырату бұл белгіні қолданудағы жүйеге келмейді және түрлі қиындықтар әкеледі.

Тағы бір мәселе, кірме әріптерді қолдану. Жаңа әліпби құрамында «я, ю, ё, э, щ, ц, ь, ъ» таңбаларының болмауы туған тілді өзге тілдің ықпалынан арылту мақсатына сай келеді. Өте дұрыс. Жоба авторлары кірме дыбыс, әріптерден жартылай құтылдық деп отыр. Бірақ, жобада ұсынылған «ch (ч), v (в), f (ф), i (и), h (х, һ)» әріптері де қазақ тіліне жат дыбыстардың таңбалары емес пе? Бұларды қалдырудың қандай ғылыми негізі бар?

Мұхтар  МИРОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты:

Бір әріп – бір дыбыс

Латын негізді қазақ әліпбиінде мынадай мәселелер ескерілуі керек. Ең алдымен, ғалымдар әліпбиде басы артық дыбыстардың болмауына назар аударуы тиіс. Екіншіден, әліпби құрамындағы «ш» мен «ч» дыбыстарының соңғы ұсынылған әліпби үлгісінде екі әріппен берілуі – «бір әріп – бір дыбыс» қағидасына сай келмейді. Сондықтан, қазақ тілінде белсенді қолданатын «ш» дыбысының екі әріппен берілуіне келісуге болмайды.

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі деген уақытта жазу емлесіне байланысты ескерілуі тиіс дүниелер де бар. Мәселен, орыс тілінен енген кірме сөздер қазақ тілінің фонетика-фонологиялық табиғатына сәйкес жазылуы қажет. Сондай ақ, «қ», «х» дыбыстарына байланысты туындап жатқан талас пікірлер реттелуі тиіс. Яғни, қай дыбысқа басымдық беру мәселесі шешімін тапса дейміз.

Және шет тілден енген терминдерге олардың ғылыми мәнін жоймай, яғни, қазақи үндестік заңына сай сипат беру қажет. Жалқы есімдерді ұлттық болмысқа шақтау мәселесі де латын жазуына көшу шаралары аясында  қоса жүзеге асырылуы тиіс.

Омер  КОДЖАМАН, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық Кеңесі Бас хатшысының орынбасары:

Бірыңғай әліпби үлгісіне жақындық бар

Кеңес Одағы құлағаннан кейін Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінің, Гагавуз Автономды Республикасы мен Қырым Автономды Республикасының латын графикасына көшу туралы шешім қабылдап, нақты қадамдарға кіріскені белгілі. Латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу процесі кезең-кезеңімен жүзеге асты.

Аталған елдер латын қарпін бастапқыда кирилл әрпімен бірге қолданып жүрді. Нәтижесінде, Әзербайжан 2000 жылы алғашқы болып латын графикасына толықтай көшіп алды. Жаңа әліпби үлгісіне күтпеген жерден көшу Әзербайжан ішінде бастапқыда проблемалар туғызды. Латын графикасының сол кездерде мектептерде оқытыла бастағанына қарамастан, интернет, аппараттарды пайдалануда қиындықтар туды. Газет сатылымының құлдырап, кейбір ақпарат құралдарының жазу тілін орысшаға аударғаны да белгілі. Десе де, қысқа мерзім ішінде бұл мәселелер шешіліп, халық латын графикасын толықтай қабылдады.

Латын графикасына негізделген әліпби мәселесінде Түркі кеңесі мен Түркі академиясы көптеген зерттеулер жүргізді. Ондағы мақсат – түркі әлеміне ортақ әліпби жасап шығару еді. Аталған мәселеге орай, Бірыңғай әліпби үлгісі бойынша ортақ терминология кеңесінің бірлескен отырысы 2012 жылдың 16 қарашасында өтті. Нәтижесінде Бірлескен кеңес Бірінші түркологиялық конгрестің тәжірибесіне сүйене отырып, бірыңғай әліпби үлгісін жасап шығарды.

Бакин комиссиясы қабылдаған әліпби үлгісі мен «Заманауи түркі әліпбиі халықаралық симпозиумында» қабылданған әліпби үлгісімен арада екі әріпте ғана айырмашылық болған еді. Осылайша, бірлескен жұмыстар түркі әлемінің бірыңғай әліпбиінің жасалуына алып келді. Қазіргі таңда аталған әліпби үлгісін Түркі кеңесі мен Түркі академиясы өзара хат алмасу процесіне пайдаланып келеді.

Қазақ әліпбиін латын графикасына негіздеп қайта жасақтау процесі басталған уақытта біз Бірыңғай әліпби үлгісі бойынша ортақ терминология кеңесінің жұмысын және өзге түркітілдес мемлекеттердің латын графикасына көшу бағытындағы зерттеу жұмыстарын Қазақстанға арнайы жолдаған болатынбыз. Қазақ елінде қабылданған соңғы әліпби үлгісінде аталған жұмыстардың ескерілгенін байқап отырмыз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз