ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ
Махамбет ауданының қазіргі Ақжайық селосында дүниеге келген Бәлия Тұрғарақызының бала кезден арманы ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу болатын. Ата-анасының берген батасының арқасында сол үкілі үміт пен асқақ арман жетегінде жүріп, өз мақсатына жете білді. Ерте жасынан мұғалім болуға жүрек қалауымен келген болатын.
1938 жылы 7-нші ауылдағы мектепке қабылданып, кейін Топайлы мектебінен білімін жетілдіреді. Тек білім алып, сабақ оқып қана арманына жете алатынын түсінген ол соғыс салған ауыртпалықтарға қарамастан, оқуын тастамай, өзінің білімге деген құштарлығы мен зерделілігі арқасында ақыры аудан орталығындағы Жаманқала (қазіргі Махамбет) орта мектебін ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жылы облыс орталығындағы мұғалімдер даярлайтын институтқа түсіп, химия және биология пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, осы оқу орнының алғашқы түлектерінің бірі атанды.
Ұстаздық қызметін Еңбекшіл колхозындағы жеті жылдық мектептен бастап, қызметін кейін Топайлы, «Қызылүй» мектептерінде жалғастырады. 1959 жылы Сарытоғайдағы мектеп орта мектеп болып жасақталған кезде Бәлия Тұрғарақызы осы білім ошағына ұстаздық етуге ауысып, биология пәнінен сабақ береді. Өзін оқытқан ұстаздарына еліктеп, алған бар білімін өзінен кейінгі балаларға беруге тырысты. Ұстаз атты ұлы есімнің парасаттылығын шыңдаумен болған жас мұғалім өзінің жүріс-тұрысы, сымбатты келбеті, сөйлеген сөзі, өзін-өзі ұстауы арқылы ерекше көзге түсті. Өзін терең білімді, білікті жағынан көрсете білді.
Осы уақыт аралығында талай оқушыны тәрбиелеп, жүректеріне жол таба білген Бәлия апай жаны жайсаң, жүрегі нәзік жан болатын. Бірақ, сұм ажал кімді аяған?!
Ұлағатты ұстаздан білім нәрімен сусындаған шәкірттерінің айтуынша, Бәлия Тұрғарина жан-жақты адам болған еді. Оқушыларға тек химия-биология пәнінен дәріс беріп қана қоймай, шәкірттерін адамгершілікке, мейірімділікке, имандылыққа да тәрбиелеуді парызы санаған. Өйткені, оларды – еліміздің болашағы деп таныды. Ол әр кезде оқушыларды біліміне қарай әділ бағалайтын. «Мұғалім – бала жанының бағбаны» деген ұлағатты сөзді биік ұстаған Бәлия Тұрғарақызы әр баланың жан дүниесін жүрегімен ұғынып, қиялын, қабілеті мен ынтасын дөп басып тани білетін ұстаз болды. Бірде-бір балаға дауыс көтеріп сөйлемейтін. «Болашақ кәсіптеріңнің мықты маманы болғыларың келсе, осы бастан жақсы оқуларың керек. Өмір сендерден ертең атақтарыңды емес, не білетіндеріңді сұрайды. Кім тәрбиелі болса, сол – жақсы адам!» деп үнемі айтып отыратын.
Сапалы еңбек өлшеусіз қалмайтыны белгілі. Соған сәйкес Бәлия Тұрғарақызы білім саласындағы жаңашылдығы мен өткір көзқарасының арқасында сан мәрте рет мемлекеттік марапаттарға ие болды. Еңбек демалысына шыққанға дейін ұстаздар қауымын тәрбиелеу, білім беру саласына қызмет істеп, ұстаз деген атауға адал болып, аянбай еңбек етті.
Ұстаз үшін ең басты бақыт – алдынан түлеп ұшқан жүздеген шәкірттерінің еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп, ел игілігіне өз үлестерін қосып жатқандығы. Бәлия Тұрғарина шәкірттерінің бұл жетістіктеріне, олардың көтерілген әр белесіне ұстаз ретінде үнемі қуанып, мақтанып отырушы еді.
Бәлия Тұрғаринаның қайсарлығының тағы бір дәлелі – ол он бір құрсақ көтерген Батыр ана. Жолдасы Орынбасар Жұбанов та өмірін білім беру саласына арнаған абзал азамат болатын. Спортқа да жаны құмар еді. 1977 жылы отағасы өмірден озғанда балаларының бәрі мектеп жасында еді. Ардақты ана өмірдің қиын да күрделі соқпақтарынан сүрінбей өтіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Қазір балаларының әрқайсысы есейіп, өз түтінін түтетіп, әр салада адал еңбек етіп, елге сапалы қызмет көрсетуде.
Қонысбай мен Қауысбай есімді ұлдары құрылыс және мұнай салаларын қаласа, Лариса, Райса есімді қыздары мен Төлеген атты баласы ата-ана жолын қуып, білім беру саласын таңдады. Олардың да еңбегі Үкімет тарапынан сан мәрте бағаланып, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің Құрметті азаматы» атақтарына ие болды. Ал, Әділ есімді ұлының есімі жақын таныс. Осыдан он жыл бұрын жылдың үздік кәсіпкері атанған халық қалаулысы, облыстық мәслихат депутаты болған ол — Елбасының қабылдауында болған құрметті азаматтардың бірі. Ұлы Жаңабай мен кенже баласы Рамазан да – бір шаңырақтың иесі атанып, әке-шеше жолын абыроймен жалғастырып келеді. Бәлия Тұрғарина өзінің өмірден түйгенін, ақыл-кеңесін немере-шөберелеріне де айтып, ақ батасын беріп отырушы еді.
Тәрбиелеген сан мың шәкірті барда ұстаздың ұлағаты ұмытылмайтыны анық. Сондықтан, бүкіл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Бәлия Тұрғарақызы Тұрғаринаның жарқын бейнесі ел есінде әрдайым сақталады.
А.ЕРТІЛЕУ.