ҚЫС – ҚАТАЛ СЫНШЫ
Жылу науқанына – 2,4 млрд. теңге
Лауазым иесінің айтуынша, алдымыздағы қысқа дайындық шараларына осыншама қаражат жұмсау жоспарланған. Облыс әкімінің қаулысымен құрылған штаб Атырау қаласы мен барлық аудандарда бірнеше отырыс өткізіп, даярлық барысын әбден пысықтаған. Жүзеге асырылар шаралар межеленген, күнделікті мониторинг жүргізілген. Міне, осындай ауқымды жұмысты жасауға республикалық және жергілікті бюджеттерден 903,6 млн. бөлінген. Бұған қоса коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар өз есебінен 1,5 млрд. теңгенің қызметін атқармақшы. Осындай бірлескен іс-қимыл нәтижесінде облыстағы 381 білім беру, 152 денсаулық сақтау мен 278 мәдениет нысандары алдағы қысты қарсы алуға сақадай сай. Сонымен қатар, 1504 көп пәтерлі тұрғын үйдің 80 пайызының жылу жүйесі сынақтан өткізілді. Қалғаны келер күндер еншісінде.
Басқарма басшысы өз сөзінде монополия мекемелердің қысқы кезеңге аса жауапкершілікпен даярланғанын атап өтті. Мәселен, Атырау жылу-электр орталығы алдағы жылу беру науқанына жалпы құны 638,53 млн. теңгелік 22 шара жоспарлапты. Соның ішінде жылу қазандықтары мен турбоагрегаттарды күрделі жөндеу бар. Қажетті 4000 тонна мазут алынған. Жалпы, осы кәсіпорында соңғы жылдары жүзеге асырылған бірнеше инвестициялық жобалардың нәтижесінде электр және жылу энергияларының мол қоры жасақталған. Өзімізді жылумен толық қамтуға мүмкіндігіміз болса, электр энергиясын өзгелерге сатуға да болады. Бұрын қолдың қысқалығынан жергілікті атқарушы билік екі-үш көп пәтерлі үйге бір жылу қазандығын орнатып жүрген. Ол қыруар шығынды қажет ететін. Енді солардың бәрі орталық жылу жүйесіне қосылып жатыр. Оның үстіне, жалпы қуаты сағатына 103 гигакалорияны құрайтын үш финдік жылу қазандығы резервте тұр. Қысқасы, ешқандай қиындық тумауы тиіс.
Жалпы желісі 9613 шақырымды құрайтын «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы өз есебінен 229,41 млн. теңгеге сегіз шара жоспарлады. Соның нәтижесінде электр желілері мен 148 подстанса күрделі жөндеуден өткізілді. Бүгінде, турасын айту керек, атыраулықтардың жарықпен қамтылуға еш реніші жоқ. Әрі, Қарабатан маңында қуаты 50 МВт жел және Құлсарыда қуаты 10 МВт күн энергиясын тарататын қондырғылар орнату жоспарланған.
Қысқы кезеңде біраз салмақ «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамына түсетіні мәлім. Қазір кәсіпорын қорындағы жылу желілерінің ұзындығы 424,4 шақырымды құрайды. Кәсіпорын 600 млн. теңге шамасындағы қаражатқа біраз даярлық шараларын жүзеге асырған. Расында да, бүгінде тесік тұрбалардан далаға тараған жылу да, көшеге аққан ыстық су да көрінбейді. Мұның бәрі – өндіріс ошағында мәреге жеткен инвестициялық жобалардың нәтижесі.
Ақырында, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Атырау филиалы бойынша 8,5 млн. теңгеге біраз шара жоспарланған. Биыл 13 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету көзделген. Махамбет пен Индер аудандарына тартылған газ желісі әбден ескірген-ді. Енді оған күрделі жөндеу жасалып, өткізгіштік қабілеті артты.
Есептеген есе жібермейді
Журналистерді, әрине, есептеу құралдарының жайы мазалады. Бұл бағытта біраз жұмыс жасалғанымен, түйткілді жайлар да аз емес. Мәселен, электр энергиясына, салқын және ыстық суларға, табиғи газға есептеу құралдарын орнату аса қиындық туғызбайды. Оның техникалық тұрғыдан орындалуы да жеңіл. Ал, мәселе жалпыүйлік жылу есептеу құралдарына тірелгенде күрмеулі проблема бой көтереді. Рас, ол республиканың өзге өңірлеріне де тән. Оған тұрғындардың өздері де үлес қосуы қажет. Яғни, есептеу құралдарын сатып алып, орнатуға керекті қаражаттың бір бөлігі солардан жиналады. Осы орайда үгіт шаралары да, түсінік жұмыстары да жүріп жатыр. Бірақ, нәтиже әлі де мардымсыз.
Мәселен, Атырау қаласында жалпыүйлік жылу есептеу құралын қондыруға техникалық мүмкіндігі бар 384 көп пәтерлі үй анықталды. Соның 228 нысанына ғана осындай жабдық орнатылған. Ал, көп пәтерлі үйлерді мұндай құралмен қамту қиын ба? Рас, ақшасы қымбаттау, шамамен жарты миллион теңге болады. Бірақ, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшахановтың айтуынша, ортақ үлеске қосқан қаржысын әр тұрғын бір-ақ жылу науқанында қайтарып алады. Бұл жерде, алдымен, әркім пәтерінің көлемі мен бөлмелерінің санына байланысты түрліше төлейтіндігін айтқан абзал.
Одан әрі, еліміздің табиғи монополияларды реттеу құрылымымен келісіліп, мұндай жабдық орнатқандардың тарифі төмендетілді. Мәселен, 2013 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жалпыүйлік жылу есептеу құралдарын қондырған көп пәтерлі үйлерде тұратындар әр гигакалория жылу энергиясы үшін 2102,42 теңге төлейді. Ал, мұндай жабдығы жоқ қалалықтар 4590 теңге беруге мәжбүр. Сонымен қатар, заңды тұлғаларға да тиісінше 5349 және 14367 теңгелік тариф белгіленген. Байқайсыз ба, айырмасы жер мен көктей емес пе? Қазір мұндай жабдықтар жаңадан салынған немесе қайта жарақтандырылған үйлерге міндетті шара ретінде орнатылуда. Тиімділікті түсініп, өздері тілек білдіріп жатқан тұрғындар да бар.
Журналистер Балықшы елді мекенінің жайын да сұрады. Мұндағы мәселе – сонау кеңестік кезден бері созылып келе жатқан дау. Алдымен, осындағы үйлерге о баста ыстық су тартылмаған. Демек, тұрғындар қыс кезінде жылу желісіндегі суды пайдаланады. Ал, бұл технологиялық жүйені бұзады. Одан ірі, көп жылдан бері ешқандай жөнделмеген пәтерлердегі жылу тұрбалары мен батареялар әбден бітеліп қалған. Сырттан қажетті жылу келіп тұрғанымен, ішке өтпейді. Демек, тұрғындар мұндай кемшілікті өздері жойғандары жөн. Біреудің жеке меншік нысанына бюджеттен қаражат бөлінбейді. Міне, содан келіп балықшылықтардың жылуға ақша төлемеу проблемасы туындайды. Біраз жылдан бері атқарушы биліктің бас ауруына айналған оған нүкте қоятын да кез келді.
Соның бастапқы шарасы ретінде Балықшы елді мекеніндегі 52 көп пәтерлі үйді орталық жылу жүйесіне қосу көзделген. Оның жобалық-техникалық құжаттарын дайындау үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2,3 млрд. теңге бөлінді. Бірақ, қазіргі қолданыстағы заңдылық талаптары сәл кедергі келтірді. Себебі, жеке меншік нысандағы мекемеге бюджет қаражатымен мұндай жұмысты жасауға тыйым салынған. Ал, «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы сондай кәсіпорын болғандықтан мүмкіндігі шектелді. Әйтсе де, келер жылдан бастап ережеге өзгерістер енгізілмекші. Яғни, меншік түріне қарамастан барлығына да стратегиялық міндеттерді шешуге рұқсат етіледі. Сонда аталмыш монополия мекеме іске белсене кіріспек.
Ал, аудандарда салынып жатқан екі-үш қабатты үйлердің әр пәтеріне дербес жылу қазандықтары қондырылуда. Демек, олардың тұрғындары жылуды кез келген уақытта өздері қосып, айыра алады.
«АтырауСуАрнасы» – бағалы бастама иесі
Көп сынға ұшырайтын, жиі әңгімеге қалатын бұл мекеме енді республикада үздік саналатын түрі бар. Оған кәсіпорын басшылығының тың істі қолға алуы себеп. Мұнда алдағы қысқа 80,5 млн. теңгелік алты шара жоспарланған. Қазір қарқын жаман емес. Оның үстіне, мекеме электр энергиясын көп қажет ететін ірі жабдықтарды үнемді қондырғылармен ауыстыруда.
Журналистерге көрсетілген бейнероликте бейнеленгеніндей, мекеменің барлық шығынының 85 пайызы электр энергиясына кетеді екен. Оның үстіне, сонау кеңестік кезден қалған сорғылар (насостар) күні-түні тынбастан жұмыс жасайды. Оларды толық қайта жарақтандыру үшін 1,2-1,5 млрд. теңге керек. Оны қайдан алуға болады? Тағы да тарифті көтеруге халық көне ме? Тіпті, тұтынушының қалтасын қаға берген жарасымды да емес.
Сондықтан, кәсіпорын басшылығы тың бастама көтерген. Атыраудағы «Эргономика» компаниясымен келісіп, солардың әрі қуатты, әрі тиімді сорғыларын келісіммен орната бастаған. Ал, ақшасын электр энергиясын үнемдеуден жиналған қаражат есебінен біртіндеп өтейді. Сонда тариф те көтерілмейді, кәсіпорын қызметі де жақсарады. Қазір бұрынғы кәріздік сорғы стансалары әжептәуір жаңарып қалыпты.
«Эргономика» компаниясының бас директоры Сергей Полещук «АтырауСуАрнасы» мекемесінің мәселені түйірлеп емес, кешенді шешуге ұмтылысын қуаттайды. Бүгінде оның электр энергиясына жұмсайтын шығыны 40-70 пайыз аралығында азайған. Қазір коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын осындай үнемді қондырғылардың қызметінен жылына 150-200 млн. шамасында табыс түсіруді көздеп отыр. Есептеу құралдарына берешегінен де осы үнемделген қаржы көзінен құтылмақ. Атыраулық сумен қамтушылардың бұл бастамасын республиканың өзге өңірлеріне тарату үшін еліміздің Табиғи монополияларды реттеу агенттігі осында көшпелі семинар ұйымдастыруды да ұйғарыпты.
Міне, журналистермен жүздесу кезінде осындай оң өзгерістер айтылды. Қызмет көрсету сапасының артуы тұтынушылардың төлем мәселесіндегі көзқарасын да жақсартты. Бүгінде «АтырауСуАрнасы» бойынша ауыз су ақысын жинау 97 пайызға жетіпті. Ал, «ҚұлсарыСу» мекемесінде бұл көрсеткіш 99 пайызды құрапты. Мұның бәрі – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Ақырында, соңғы екі жыл қатарынан жылу беру науқаны ешқандай тосын оқиғасыз өтті. Алдағы қыстың да дайындығы тәуір. Брифинг барысы соған көз жеткізді. Сөйтіп, биыл білім беру мен денсаулық сақтау нысандары 1 қазанда, көп пәтерлі тұрғын үйлер 12-15 қазанда жылумен қамтылуға даяр.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.