ҚЫР БАЛАСЫ ҚЫРҒА ҚАРАП ӨСЕДІ
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақ баспасөзінің атасы Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Нұрлан Қабыловтың бұл үшінші кітабы. Оның алғашқы бетінен «Өзім туралы аз сөз» деген атаумен өмірі мен еңбек жолы, әулеті мен дос-жарандары туралы баяндалған. Айтса айтқандай, Нұрлан Достанұлы өзі туралы кейбіреулер сияқты көп мақтануға жоқ. Сондықтан да, ол өзінің өткен жолдары туралы қысқаша ғана айтыпты. Қасиетті Қызылқоға топырағында дүниеге келген Нұрлан Қабылов бұл өмірде үш «анасының» тәрбиесін көрген екен. Тәлімі терең әжесі Бейбіштің тәрбиесін, одан соң екінші анасы – мектеп, үшіншісі – Украина, Балтық бойы елдеріндегі әскери тәртіптен өткен ол бұл өмірге шыңдалып кіріскен. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген Нұрекең журналистиканың шыңдалу жолынан өтті. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда бас редактор да болды. Қазір облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Атырау» газетінде бас редактордың орынбасары, өз ісінің нағыз майталманы.
Кітапта ол былай деп жазады: «Қазір өздері газетте жұмыс жасамаса да, мұндағы тіршіліктен хабары мүлдем аз болса да газет туралы пікір айтушылар көбейді. Соларды тыңдап отырып, кейде күлкің келеді, кейде қынжыласың. Бірер жыл журналистикада жұмыс жасап, өзін жұлдыз санап жүргендер де көп. Бірақ, менің көп жылғы журналистік өмірден түйген бір ұстанымым бар. Ол – халықтың ойындағысын жариялап, халықтың тілімен жазылған газет қана зор сұранысқа ие болады деген қағида». Шынында да, бүгінде облыстық «Атырау» газеті халқымыз сүйіп оқитын газет десе де болады. Оның таралымы қазір жиырма үш мың данаға таяды.
Көп балалы үйде өскен бала зерек те тәрбиелі, ұйымшыл болады. Нұрлан Достанұлы – жанұядағы он бір баланың бірі. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ол әкесі Достан аға туралы ерекше ілтипатпен оның ұстамды да ақылды, берік тәртіптің, көпсөзділікті сүймейтіндігін еске алған.
Қырық жылға жуық уақытын баспасөзге арнаған Нұрекең: «Халықтың тыныс-тіршілігі барлық уақытта біздің назарымызда, оны тасқа басып, тарихқа айналдыру – біздерге, журналистерге жүктелген парыз. Бұл үлкен жауапкершілікті, тазалықты, адалдықты талап етеді», – дейді кейінгі жас журналистерге арнаған сөзінде.
Кітаптың негізгі бөлімі «Жырларым менің – сырларым» деген тараумен өлең-жырларына арналған. Ол «Мен өзімді ақын деп есептемеймін. Дегенмен, оңаша қалған сәттерде өлең жазатын әдет бала кезден бері дарыған қасиет» деп, сол бір кездері жазып, жарыққа шықпаған жырларын ұсыныпты. Иә, ол ақынмын деп кеуде соқпаған жігіт. Ал, оқып отырсақ, өлеңдерінің бәрі де ешбір ақыннан кемдігі жоқ.
Өткенді қалайша ұмытайын,
Сағынышпен жанымды жылытайын.
Күйіп-жанған кеудемді ауылға кеп,
Сап-салқын самалыңмен суытайын.
Күндер зулап, барады жылдар ағып,
Көк жиекке көз тігем қырға барып.
Ең бақытты ғажайып сәттерімді,
Уақыт-ай кетіпсің ұрлап алып… — деген өлең шумақтарында ауылға деген сағыныш лебі еседі. Сондай-ақ, оның «Ұлы Абай», «Шәкәрімге», «Махамбет менің тарланым» және басқа жырларында Алаштың ардақты ұлдарына деген ыстық сезім, махаббат мұңы жатыр.
Кітаптың тағы бір бөлімі «Арнаулар» деп аталады. Мұнда автор еліміз жақсы білетін ерлер мен әріптестерге, ардақты азаматтарға арнаған өлең шумақтары берілген. Олар елдің ардақты ұлы Иманғали Тасмағамбетовке, Атыраудың ардақты азаматы, марқұм Есенгелді Нұршаевқа және басқа көптеген азаматтарға арналған.
Сондай-ақ, «Суреттер сыр шертеді» бөлімінде алуан түрлі көркем суреттер мерейгер өмірінің әр қырынан хабар береді.
«Аталар сөзі – ақылдың көзі» тақырыбымен тәлім аларлық тәрбиелік нақыл сөздер берілген. Бір ерекшелігі – Нұрлан Достанұлы өзі оқыған кітаптарынан, газеттерден бұрын кездеспеген сөздерді, сондай-ақ, ел арасынан естіген ұлағатты нақылдарды, соны ойларды жазып алып жүруді дәстүрге айналдырған екен. Бұл, әрине, өмірді тануға да, дұрыс шешім алуға да, жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беруге де көп көмегі тиері сөзсіз. Мәселен:
«Досымнан қорықпаймын сатып кетеді деп,
Жауымнан қорықпаймын атып кетеді деп,
Мен екі дүние бірдей, пікірі жоқ,
Сужұқпас адамдардан қорқамын», — деген ел аузынан жинаған сөз қандай керемет. Немесе «Ұлы істер үндемей тындырылады», «Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болады, құлша тәрбиелесең құл болады», т.б. Осындай ақыл да нақыл сөздер кітаптың жиырма шақты бетінен асады.
Кітап оқу мен оны тоқудың бір ерекшелігі – онда кездесетін әдемі, әсерлі сөз түйірін, ұтымды тіркестерді тіркеп отыру. Бұл – үлкен өнер. Бұл жағынан келгенде қаламгер-журналист Нұрлан Достанұлынан үйренетін іс көп.
Иә, әріптесімізге жақсы істің жалғасы болады демекші, жақсы кітаптың да жалғасы болсын, мерейлі алпыс жасыңыз тағы да құтты болсын демекпіз.
Ермек БИҒАЛИЕВ.