ҚУАТТЫ ӘСКЕР – ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЕНІМДІ ҚОРҒАНЫ

Еліміздің әскері бүгінде қуатты күшке айнала бастады. Үлкен реформалардың нәтижесінде білікті, кәсіби мамандар іріктеліп, жауынгерлік дайындық күшейтілді. Әлемнің озық технологиялы ұшақтары, қару-жарақтары алынуда. Енді, міне, мемлекеттің Бас қолбасшысының бастамасымен әскери бөлімдерді шұғыл, кенеттен тексеру қолға алынып жатыр. Мамандардың пікірінше, бұл жауынгерлердің әзірлігін бұрынғыдан да күшейте түседі.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында, біз Қазақстан әскерінің мүмкіндігін саралап көрдік.

Мемлекеттің қуаттылығы экономикасымен қатар, әскерінің күштілігімен де байланыстырылады. Қауіп-қатер көбейіп, аймақта жанжалдар жиілеген тұста бұл тіптен маңызды. Сарапшылар қазір дүниежүзі елдерінің әскери салаға бөлген қаражаты жылдан-жылға еселеніп келе жатқанына тоқталып отыр. Бұл тұрғыда көршілес Ресей мен Қытайдың қуаты жиі айтылады. АҚШ-тың қорғаныс бюджеті 700 млрд. долларды құрайды. Ал, Қазақстан осындай жағдайда қорғаныс саласына ішкі жалпы өнімінің 3,5 пайызы көлемінде қаражат жұмсауда. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің берген мәліметіне қарағанда, былтыр екі мың қазақстандық әскери келісім-шарт бойынша қызметке кіріскен. Олар үміт білдірген төрт мыңнан астам адамның ішінен іріктеліп алыныпты. Қазір Қазақстанның қарулы күштерінің сапында осындай негізде 30 мыңнан астам сержант пен қатардағы жауынгер әскери міндеттерін атқаруда. Бұл жеке құрамның 67 пайызын құрайды және оның дені құрлық күштерінің құрамында. ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың пікірінше, келесі жылға қарай қазақстандық әскердің 99 пайызы кәсібилерден жасақталады.

Келісім-шарт бойынша қызмет ету әскерге өз істерінің майталмандарының келуіне жол ашады. Олар әлеуметтік жағынан да толық қамтамасыз етілмек. Атырау облысы бойынша қорғаныс жөніндегі департаменттің басшысы Руслан Ниеталиев «Атырау» газетінің тілшісімен әңгімесі кезінде де осы жағдайға кеңірек тоқталды.

– Келісім-шартпен қызмет етуге тілек білдірушілердің көбеюіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлықтың себебі бар деп ойлаймын. Соның бір көрінісі ретінде тоқталсам, баспанаға мұқтаж жандар әскерге келіп, ойлағанына қол жеткізіп жатыр. Мемлекет үй жалдап жүргендерге, немесе көшіп келгендерге үлкен қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, әскерилердің балалары балабақшаға кезексіз орналастырылады. Емделу орындарында емделген шығынның жартысы да мемлекет тарапынан өтеледі. Әрине, айта берсе мұндай игі шаралар аз емес. Бастысы, осының өзінен мемлекеттің әскерилерге зор қолдауын көруге болады, – деді құрылым басшысы.

Қазақстандық кәсіби мамандар кезінде әлемнің Ирак секілді «қызу нүктелерінде» болып, ерлік пен кәсібиліктің зор үлгісін көрсетті. Соғыстан қалған снаряд, жарылғыштарды залалсыздандырып, қарапайым тұрғындарға қуаныш сыйлады. Бұл жасақтарымыздың жаңа деңгейге өскендігінің жарқын көрінісі.

Мемлекетіміз алғашқы кезден-ақ заманауи, кәсіби әскер құруды қолға алды. Сонымен қатар, байтақ жеріміздің ерекшелігіне сәйкес, республика аумағында «Астана», «Оңтүстік», «Батыс» пен «Шығыс» әскери округтері құрылды. Мысалы, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Ал, қолбасшылықтың штабы – Атырау қаласында. Өңірлік қолбасшылықтың құрамына әуе қорғанысы күштерінің орталық бағыныстағы бөлімдері мен әскерлерін қоспағанда, аумақтық бөлініс шегіндегі әскери бөлімдер кіреді. Каспий теңізінің қазақстандық секторында еліміздің мемлекеттік шекарасына, аумақтық тұтастығына, егемендігі мен экономикалық мүдделеріне қол сұғылмауын қамтамасыз ету өңірлік қолбасшылықтың негізгі міндеті саналады. Зор жауапкершілік жүктелген қызметті әскербасылар өз деңгейінде атқаруда.

Жуырда ғана еліміз Ресейден төрт Су -30 СМ әскери ұшағын сатып алды. Ол бүгін Астанада өтетін әскери шеруде жұртшылыққа көрсетілмек. Жалпы, елімізде әскери әуе мен әуе қорғанысы күштерінің құрамында он авиациялық және зенитті-зымырандық полк жасақталған. Мұндағы ұшақтар мен тікұшақтар, әлемде теңдесі жоқ С-300П кешенді зымырандары еліміздің тыныштығын күзетуде.

Осы тұста саяси және әскери сараптау институты директорының орынбасары Александр Храмчихин мынадай деректерді келтіреді: Қазақстан қазір бір мыңға жуық танкіге ие. Екі мыңдай шынжыр табанды және дөңгелекті бронды техникасы бар. Өнімді шығарушыдан өзге, әзірге ешкім алып үлгермеген БМПТ-нің (танкіні қолдайтын әскери техника) бірнешеуін сатып алған. Зеңбіректер, артиллериялық құрылғыларды санамағанның өзінде, «Ураган», «Град» секілді жойғыш қарулар сақадай-сай тұр. Сондай-ақ, мемлекетіміз ескірген Ан-26 тасымалдау ұшағының орнына 8 еуропалық С-295 техникасын да алды. Бұл әуе кемесінің техникалық жағынан жарақтандырылуы, ұшу мүмкіндігі бойынша артықшылығы көп екендігі белгілі болуда.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз