КӨШЕЛЕР КӨРІКТЕНІП ҚАЛДЫ
Бұл күні жалпы көлемі жүздеген тонна қоқыс шығарылған. Санитарлық тазалық жұмыстарымен қатар көгалдандыруға да көңіл бөлінді. Осылайша, шаһар бойынша 1650 дана ағаш көшеті отырғызылған. Соның ішінде, «Алмагүл» мөлтек ауданындағы саябаққа — 500, «Нұрсая-Болашақ» мөлтек ауданындағы көп қабатты үйлердің ауласына – 250, «Жеңіс» және «Тұрғындар қалашығындағы» саябақтардың әрқайсысына 200 түп талшыбық егілген.
Бұдан бөлек, қаладағы №31 және №36 орта мектептер, №8 шипажайлық үлгідегі балабақша, сондай-ақ, селолық округтердің аумағында да осындай жұмыстар атқарылды. Тал отырғызу қалалық білім бөліміне қарайтын бірқатар мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде де жалғасын тапты.
Айта кету керек, сенбілік өткізілетін күні облыс орталығының өзі шартты түрде тоғыз әкімшілік округке бөлініп, оларға қалалық әкімдіктен жауапты адамдар бекітілді. Мұндағы тазалық пен көгалдандыру шараларына 1800-ге жуық мекеме, 15600-дей адам, 87 бірлік техниканың қатысы қамтамасыз етілген. Керісінше, 13 мекеменің (дені шағын және орта бизнес субъектілері) сенбілікке мүлдем қатыспағандығы анықталды. Атап айтқанда, «Жанар» дүкені, «Гаухар» қонақ үйі, «Вокзал маңы-5» мөлтек ауданындағы автотұрақ (№4 округ), «Номад» діни салт-жоралғылар бюросы (№6 округ), Құрманғазы көшесінің бойындағы көлік жөндеу бекеттері мен «Айсун», «Сара», «Батыс», «Бекжан», «Шын-Ер» жекеменшік сауда орындары, №6 колледж, «Арна», «Гелиос» жанар-жағармай құю стансалары (№7,8 және 9 округтер), т.б.
Селолық округтер бойынша сенбілікке барлығы 210 мекеме, 6500-дің үстінде адам, 78 бірлік техника тартылған, ондаған тонна қалдық тасымалданған. Олардың арасынан Геолог, Ақсай, Еркінқала, Атырау, Кеңөзек селолық округтері мен Балықшы кентінің тұрғындары белсенділік танытып, өзгелеріне үлгі көрсетсе, Қайыршақты, Дамбы, Жұмыскер ауылдарында жағдайдың нашарлау екендігін, кейбір кәсіпкерлік нысандары мен көше, үйлердің айналасында тазалық жұмыстарының мүлдем жүргізілмегендігін білдік. Тұтастай алғанда, бұларда да онға тарта мекеменің маңызды шарадан тыс қалғандығы белгілі болды.
Өзіміз көріп, куәсі болғанымыздай, «Нұрсая», «Авангард», «Орталық», «Вокзал маңы» мөлтек аудандарында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Аула-көшелердің лас-қоқыстан бір тазарып, көріктеніп, келбеттеніп қалғанын байқадық. Әйтсе де, оның бір реттік, маусымдық шарамен шектелмейтіндігі де шындық. Бұл мәселе қай кезде де күн тәртібінен түспеуі, ұдайы назарымызда ұсталуы тиіс.
Дәулетқали АРУЕВ.