Жарнама
Қоғам

«КӨШБАСШЫ ЖОЛЫ» КИНОЭПОПЕЯСЫ

 

Көрермендер «От өзен», «Теміртау» аталатын екі бірдей кинотуындыны тамашалады. Бұл — Рүстем Әбдіраш түсірген «Балалық шағымның аспанымен» басталған үш бөлімдік киноэпопеяның жалғасы.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы. Он тоғыз жасар Сұлтанның металлургтер қаласы – Теміртауға республикалық жастар құрылысына алғаш келген кезі. Бозбала білім қуып, кейін Украинаның Днепродзержинск қаласына аттанады. Қызықтың бәрі осыдан басталады.

Өмір — күрес. Елден жырақ оқуда жүріп, жігіт Нұрсұлтан білектің де, білімнің де күшін танытты. Аруға алғаш ғашық болуы. Риясыз адал достыққа асық болды. Фильм сюжеті қазақ жігітінің басынан өткенін бастан-аяқ бейнелейді.

Киноэпопеяның шарықтау шегі жас жігіттің еңбекке енді араласқан металлургиялық комбинаттағы сәттерінен басталады. Жас құрышшының алғашқы шойын алғанынан бастап, кен орнындағы басшылық қызметке дейінгі қажырлы еңбегі, оның бойындағы қайтпас мінезі Сұлтан жігітті көшбасшы қылды.

— Көшбасшы болған соң, жан-жақты болу керек. Ол кісі жан-жақты, ақылды, парасатты, жігерлі, сабырлы, көреген. Достарына адал, ұлтын сүйеді. Мұның барлығы фильмде кеңінен баяндалады, — дейді актер Нұрлан Әлімжан.

Фильмде өнегелі отбасындағы тірлік, балаға деген ата-ананың махаббаты, кеңестік дәуірдегі қазақ халқының соқпақты да тоқпақты өмір жолдары кеңінен көрсетіліп, боямасыз баян етілген. Басты оқиғалар Қарағанды, Теміртау, Днепродзержинск, Мәскеу, Киев, Минск мен Хельсингіде, Эстонияның Хаапсалу қаласында түсірілген. Бір жарым жылға ұласқан түсірілім жұмысы естен кетпес оқиғаға толы.

— Днепродзержинскіде қоштасып жатқан кезде жаңбыр жауады. Нөсер жаңбыр қолдан жасалды, бірақ, кадрдың ішінде жарқ етіп шыға келген кемпірқосақ компьютермен салынған жоқ, ол шын. Кәдімгідей ғажап оқиға болды, — деп еске алады фильм режиссері Рүстем Әбдіраш.

Киноға белгілі кино, өнер шеберлері Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Орынбасарова, Бақытжан Әлпейісов, Жан Байжанбаев пен ресейлік шеберлер Валентин Гафт, Виктор Сухоруков, Сергей Шакуровтар қатысқан. Үш сағаттық туындыны сілтідей тынып, беріле тамашалаған көрерменнің өз қошеметі зор. 

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Ең бірінші – азамат болу, адам болу. Әрбір көрген жастың өзі де үлгі алады. Оттан да, судан да өте біліп, нағыз азаматтықтың шыңына шығып отыр.

Әбіш Кекілбаев, мемлекет және қоғам қайраткері:

— ХХІ ғасырдың 60-ыншы жылдары түгелдей қамтылған деуге болады. Талай қиындықтарды көрген, талай жетістіктерге желпінген жас өреннің ысылып,  жолындағы күреске дайындалуы. Фильм  мақсатына жеткен.

Ернар Жәркешов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

— Бір-бірімізге деген қамқорлық, адал достық – соның барлығы мына кинода көрсетілген. Тура оқып жүрген кезімдегі тәрізді өзімді көргендей болдым. Үлкен әсер қалдырды, әсіресе, жастарға бұл үлкен үлгі деп есетпеймін.

Киноэпопеяның көпшілік көрерменге ұсынылар күні де алыс емес. Фильм ел кинотеатрларынан 14 желтоқсаннан бастап көрсетіле бастамақ.

«Қаз ақпарат» материалы бойынша дайындалды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button