КӨШБАСШЫ
Сол антына Нұрсұлтан мейлінше берік болады. Иә, пештің температурасы екі мың градусқа дейін жетеді. «Бір жағынан шаң, бір жағынан газ. …Жұмысты бір сағат та тоқтатуға болмайды. Металл қатып қалса – апат. Әйтсе де сол азапты, сол тозақты ештеңеге айырбастағым келмейді. Тіпті, бір жолы әкем келгенде жұмысымның түрін көріп: «Әкемнен үш жасымда қалып ем. Қиындықтың талайын көріп ем. Дәл мынандай тозақты көрген жоқпын. Құрысын, таста!» — дегенінде де алған бетімнен қайтпай қойғанмын».
Бұл пәлен ғасыр қат-қат байлықтар үстінде алшаңдап жүріп, оған бір елі де бойлап көрмеген, ол жайында бір сағат та ойлап көрмеген, барға мәз болып, жайбарақат жүре берген талай ұрпақтың жанайқайы еді. Сол аңғалдықтан кейінгі ұрпақтың көріп жатқан құқайы да еді. Егер ата-баба мыңдаған жылдар бұрын барға масаттана бермей, төңірегіне тереңінен үңілсе, мұншама кенде қалу болмас еді. Онда кейінгі ұрпақ та осылайша қорлық көрмес еді.
Арлана, намыстана қимылдаған жас жігіт цехтағы жұмысына екі жыл толмай жатып КОКП мүшелігіне кандидаттыққа қабылданды. Көп ұзатпай цех парторгі болады. Сол жылы БЛКЖО Орталық комитеті мүшелігіне кандидат болып сайланды. Жасы жиырма екіге де толған жоқ еді. Хельсинкидегі жастар фестиваліне қатысты. «Таңдадың ба – кіріс, кірістің бе – шыда, шыдадың ба – қатарыңның алды бол!» деп өзіне қатаң талап қойған жас жігіт алға қойған мақсаттарына жете бастады. «Металлург болу – нағыз еркек болу» екендігін мықтап түсіне бастаған кезінде Теміртау қалалық партия комитетінің хатшысы Лазарь Катков соңына түсіп алды. Әуелі, қалалық комсомол комитетіне бастық бол деп шақырды, бармап еді, жазбаша партиялық қатаң сөгіс беремін деп дігірледі. Іске БЛКЖО Орталық комитеті араласты.
Мәселе – Қарағанды облпарткомында бюрода қаралды. Катковтың өзі қатаң жазаға тартылды. Орнына жаңа хатшы келді. Ол Назарбаевқа қалалық парткомның ауыр өнеркәсіп бөлімін басқаруды ұсынды. Көп ұзамай Теміртау қалалық комсомол комитетіне бірінші хатшы болып сайланды. Ол өндірістен келген жас жігітке үлкен мектеп болды. 1971 жылдың маусымында Теміртау қалалық парткомына екінші хатшы болып сайланды. Ол металлургия комбинатының жағдайымен толығымен танысуға мүмкіндік алады.
1973 жылы комбинат парткомының бірінші хатшысына ауысқанда іске батыл кірісуіне мүмкіндік берді. Қазметкомбинаттың партком хатшысы КОКП Орталық комитетінің номенклатурасы еді. Теміртау Кеңес Одағын болат қорытудан дүние жүзіндегі бірінші орынға шығарған кәсіпорындардың бірі болатын. Жас партком хатшысы комбинат жұмысындағы елеулі кемшіліктерді де көрді. Оны түзетудің жолдарын іздеді. «Правда» газетінің тілшісімен сөйлесті. Барлық кемшіліктер айтылды. Тілші мақаласы газетке шықты.
Хатты тексеруге КОКП Орталық комитетінің жаңадан сайланған хатшысы, бұрын Норильск металлургия комбинатын басқарған Владимир Иванович Долгих келеді. Артынан елу адамдық бригада сау ете қалады. Орталық комитеттің Секретариатына комбинат парткомының жұмысы туралы мәселе дайындалады. Секретариаттан бұрын М.А.Суслов Назарбаевты алдын ала қабылдап, жай-жапсарды түгел айтып беруін сұрады. Тыңдаған соң, ертең Секретариатта осының бәрін айтып беруді өтінді.
Кейін бұл туралы В.И.Долгих: «Несін жасырамыз, егер де Назарбаев сияқты батыл партком басшысы болмай, жалтақ, жағымпаз біреу кезіккенде, қазақтың маңдайындағы жалғыз комбинат әлдеқашан жабылып қалар ма еді?!» деп жазды.
«Орталық комитет секретариатындағы сөзім, одан кейін қабылданған қаулының нақты нәтижелері беделімді өсіргені анық. Алматыдағылар да маған содан кейін барып шындап назар аудара бастады ғой деймін. Осылай дейтінім, Димаш Ахметұлы Қонаев арада біраз жыл өткенде көңіл хошы келген бір сәтте Мәскеудегі сөзімнің әсері күшті болғанын, орталық комитеттегілер мені есіне сақтап қалғанын айтқан еді. Сол секретариаттан соң М.Суслов Димекеңе телефон шалып, көңіл аударыңыз деген екен», — дейді Назарбаев өз кітабында.
1980 жылы Қазақстан КП Орталық комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы қызметіне келісім алуға барғанында Суслов Назарбаевқа: «Міне, Сізді өсіріп шығардық», — депті.
Жас хатшының келуі республика жұртшылығын қатты елеңдетті. Оның өзге саланы емес, стратегиялық маңызы зор өндіріс саласын басқаруы жұртшылықтың қиялын әр саққа жүгіртті. Төрт жылдан кейін республика үкіметін басқаруы ол ынта-ықыласты одан сайын күшейтті: «Төрт жыл өткенде республиканың барлық облыстарында бірнеше реттен болып, белді деген өнеркәсіп нысандарындағы жағдаймен жақсылап таныстым. Ол кезеңде батыс облыстарда мұнай өңдеуді өркендетумен, Екібастұз жылу энергетика кешенін салу, Қарағанды металлургия комбинатын дамыту, түсті металдардың жаңа түрлерін шығаруды игеру сияқты өте күрделі шаруалармен шұғылдануға тура келді. Қазақстанды индустриялдық-аграрлық республикаға айналдыру жолында жүйелі, жемісті жұмыс істеуге жанымды салып бақтым», — дейді автор өзінің салалық хатшы болған жылдары туралы.
Ол кезде хатшыға кіріп, ақылдасқандар үлкен эрудициясын, орысша да, қазақша да мүдірмей сөйлейтінін, ойы терең, сөзге шешен екендігін, Қазақстан сияқты ұлан-байтақ елдің сан-салалы экономикасын мейлінше жақсы білетінін, әсіресе, айтқандарын нақты цифрлармен дәйектеп отыратынын таң қалып айтатын. Әдебиет пен тарих, өнер саласына айрықша ықыластылығына тамсанатын.
Ол 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болғанында оның жарқын болашағы жайында әрқилы болжамдар айтыла бастады. Бұл саясат әлемінде жарқырап көрінген тұлға үшін ерекше есею, кемелдену жылдары болды. Әсіресе, бұрынғы Кеңес Одағында талай іргелі шаруалар атқарылғандығын ешкім теріске шығара алмайды. Алайда, адамдардың мұң-мұқтажынан мүлде қол үзу қаупі күшейе түскенін көрмеу де мүмкін емес еді.
Соның салдарынан біресе ана тауар, біресе мына тауар аспандап шыға келеді. Тұрғындардың тауарға сұранысы зерттелмейді. Сондықтан, фабрикалар киілмейтін киімдер, өтпейтін бұйымдар шығарады. Өйткені, 1970 жылғы Араб-Израиль соғысынан кейін мұсылман елдерінің шешімі бойынша, мұнай экспорты қатты шектелді. Мұнайдың 1 баррелі 34 долларға көтерілді. Кеңес Одағы тек мұнай экспортынан жылына 16 миллиард доллар пайда тапты. Сол кезде дүкендеріміз импорттық бұйымдарға толып кетті.
Сауд Арабиясы мұнай өндіруді үш есеге дейін өсіріп еді, Кеңес Одағын бірден сазға отырғызды. Мұндай солақайлық бұйым шығарудан бірден көрінеді. Сонау ғарыш кемелерін түйістіре алатын ел өзі жасаған машиналарына кондиционер орнатуды білмейді. Ондай орашолақтықты санап тауысу мүмкін емес.
Оның есесіне елде алты-жеті жұмыс істейтін кісіге бір бастықтан келеді екен. 1985 жылға қарай КСРО-дағы бастық атаулының ұзын саны 18 миллион адамға жеткен. Мұндай өрескелдікті байқамау мүмкін емес. Устав бойынша қоғамдық гармонияны алдымен аңғаруға тиісті партия мүшелерінің саны 18 миллионға жетеді. КОКП Орталық Комитеті аппаратының өзінде 1500-ге жуық жауапты қызметкер жасапты. Бірақ, герантологиялық диктат алдында бәрі де қайрансыз еді.
Бас хатшы Л.И.Брежнев Қазақстанның 60 жылдығы қабылдауында бірінші болып өз денсаулығына тост көтерілген бойда есік алдына шығып, өз машинасына отырып кетіп қалады. Қайда, не үшін келгені есінен шығып кетіпті. Ол қайтыс болған соң, Андропов өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның қандай қоғам екенін толық білмейміз деген еді. Көп ұзамай 1984 жылдың басында ол да көз жұмды. Орнын басқан К.У.Черненко алдына республика үкіметінің төрағасын таныстыруға әкелгенде: «Мұның жасы қаншада?» — деп сұрайды. «Қырық төртке қадам басты», — дегенді естіп, орнынан тұра бергенде тәлтіректеп құлап қала жаздайды.
Кітап авторы бұл кездесулерден елді жайлаған тоқыраудың әбден асқынғанын көреді. Кремль ақсақалдары бірінен соң бірі соңғы сапарына аттанады. Бүкіл елді жайлап алған билікке талас шырғалаңдарына кеңінен жол ашылады. Бұл онсыз да құлағалы тұрған қызыл империяны әбден жерлеп тынатын еді. Агониялық осы үдерістердің қай-қайсысы да Қазақстанды айналып өтпеді. Кетешек империя «қайта құру» деп аталатын үдерісін алдымен Қазақстанда іске асырғысы келді. Сол үшін Д.А.Қонаевты босатуды «халықтар достығының лабораториясында» жаңа қопарылыс жасаудан бастағысы келді. Ол үшін динамитті шеттен әкелді. Республика басшылығын Қазақстанның атынан басқа ештеңесін білмейтін, атымен бейсауат кісі Г.В.Колбин иемденді. Оның Қазақстанда үшінші Қазан төңкерісін жасау пиғылынан ештеңе шықпады. Ақырында Мәскеуге қашып құтылғандай болды.
Қайта құру – әуелден екіұдай сөз еді. Оның бір нәрсені қайта құратыны да, қайта құртатыны да белгісіз еді. Оның авторы М.С.Горбачев бірінші жолы жері бай Қазақстанды этностық бейтарап кеңістікке айналдыруды көздеген еді. Тіпті, ұлттық территорияларды титулды халық өкілдері арқылы алдарқату тәжірибесінен де бас тартқан-ды. Ол дәмесі орға жықты. Тек Қазақстанда ғана емес, басқа республикалардың да наразылығын оятты.
Қайтадан сол үйреншікті дәстүрге көшуге тура келді. Бір кезде Кремльдің оң қабағына ілінген Назарбаевты республика басшылығына әкелді. Шет аймақтан шыққан жас саясатшы замана аңғарын алыстан байқады. Аз жылда үлкен бедел жинады. Одақ көлемінде кеңінен танымалдыққа ие болды. Вице-президенттікке де, Жоғарғы Кеңес төрағалығына да Назарбаев келісімін бермеді. Ново-Огарево үдерісі КСРО-ның бұрынғы сипатта өмір сүре алмайтынын көрсетті. Ол кезде Қазақстан тұрғылықты халқы көпшілік болып табылмайтын жалғыз-ақ республика еді. Сондықтан, ақырына дейін аңыс аңдауға тура келді.
Бұл жайында Назарбаев: «Кеңес Одағының күйреуі – жалпы империя атаулының табиғатынан туындайтын заңды қорытынды. Әрине, әртүрлі жағдаяттар сәтімен қабыса келгенде, Кеңес Одағының сондай мемлекет түрінде өмір сүруін ұзарта түсуге де болар еді. Оған менің үлес қосуым да мүмкін еді. Бірақ, тарихтың өзінің даму заңдылықтары бар, сондықтан, мен ол мемлекеттің тарар тұсында өзіме ұсынылған қызметтерде жұмыс істеуге тура келмегенін тағдырдың маған жасалған жақсылығы деп білемін. Ең қиын, ең күрделі кезеңде бар қажыр-қайратым, бар білік-білімім Қазақстанның мемлекеттік мүддесіне бағытталғанына разылық білдіремін», – дейді.
Назарбаевтың Кеңес Одағы тарқардағы қиын да күрделі өткелектердің бел ортасында жүруі айналып келгенде Қазақстан тәуелсіздігінің пайдасына шықты. Кеңес Одағының ең нәзік, ең талма буыны болып есептелетін республикада егемендену мен тәуелсіздену үдерістері ешқандай жайбасарлыққа да, асығып-үсігушілікке де орын бермей, парламенттік жолмен бейбіт пікірталасы арқылы салиқалы да ұстамды қамтамасыз етілді.
Елбасының: «Экономикаға қолайлы жағдай жасалуы үшін, еліміздегі көп ұлтты жұртшылықтың тыныштығы үшін КСРО-ны қайта өзгертіп қалыптастыруға, оның шын мәніндегі егемен елдердің еркін одағы ретінде жаңаша қайтадан құруға әрекет еттік. Бұл саясаттан біз ұттық. Себебі, ешкім бізге ішімізде де, сыртымызда да айып таға алмады. Өз тәуелсіздігімізді дау-дамайсыз жарияладық», дейтіні де сондықтан.
Одан арғы реформалар сабырлы қолдарға ауысты. Ол кездегі кәсіпорындарымыздың 90 пайызы сырттан басқарылатын. Халық тұтынатын тауарлардың алпыс пайызы өзге республикалардан әкелінетін. Халқының жартысынан астамын өзге ұлт өкілдері құрайтын. Қазақтардың үлесі небәрі 39 пайыз болатын. Оның үстіне Қазақстан ол кезде дүние жүзінің бәрі сұқтанып отырған Хартланд аймағында еді. 1947 жылы мұнда ядролық полигон құру жөнінде шешім қабылданған-ды. 1949 жылы 29 тамызда алғашқы қопарылыс жасалған-ды. Содан бері 456 рет қатерлі сынақ болған-ды. Республика көлемінде континентаралық зымырандар мен бомбалаушы ұшақтар үшін зарядтардың 1216 ядролық оқтұмсығы бар болатын. Оның үстіне жер бетіндегі континентаралық зымырандардың 148 шахталық қондырғысы шоғырландырылған-ды. Қазақстанда жасырын әскери объектілерден, лагерьлерден, әр қилы қарулардың сынақ алаңдарынан көз тұнатын.
Осындай мың бір үрейдің бәрі қаптаған аймақта, өз алдына дербес, жан-жақпен сан-салалық қарым-қатынас жасайтын, ешкім тіксінбейтін бейбіт мемлекет орнату қиялға келместей шаруа еді. Ал, біз бас-аяғы ширек ғасырға жетер-жетпес уақыт ішінде сондай қоғамды жүзеге асырдық. Сондықтан да, әлем жұртшылығы бүгінде бұрынғы біреу біліп, біреу білмейтін қазақ даласында не болып, не қойып жатқанына аса сергек қарап отыр.
Қазақстан дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына кірді. Енді ең үздік отыз мемлекеттің қатарына ілігу жолында күресіп жатыр. Осы заманғы жаңа Астана салды. Ол ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Астанада АҚШ, Еуропа мемлекеттері басшыларының саммитін өткізді. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының Астанадағы басқосуы бес рет ұйымдастырылды. Мұндағы форумдар мен симпозиумдарда халықаралық ахуал мен экономика жағдайы үзбей талқыланады. 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қызу әзірлік жүргізілуде. Бұның бәрін әлемдік қоғамдық пікір Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен байланыстырады.
Елбасының үдере даму үстіндегі елімізге сіңіріп жатқан бүгінгі ерен еңбегіне сүйсінбеске болмайды.
Көшбасшы деген осы ғой. Жаппай жаңарысқа бағыт алған көшімізге жөн сілтеп, жол бастап, барар бағытымызды, алар асуларымызды, шығар биіктерімізді нұсқап келеді.
Көшіміз көлікті болып, алға қарай нық қадымдай бергейміз!