Жарнама
Қоғам

КӨШБАСШЫ

 

Күні кешегі Алтын Орданың аяқ тұсында біз де осы жырым-жырым тағдырды бастан кешірдік. Өзара кетіскенмен, қайта бекісе қоймадық. Ақырында әркім басын сағаттайтын күйбең-күйбең күйге түстік. Біреудің бауырына кіріп, бас сауғалауды армандадық. Одан өңеші кеңге оп-оңай жұтылып кетпесең, құтылып кету қиынның қиыны екен. «Бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын, таңда сират басында», деп Ер Махамбетті қарғатқан барарға жері, басарға тауы қалмаған қайрансыздықтың қыл тұзағы еді. Соны бізге қатты сездірткен де жиырмасыншы ғасыр болатын.

Көнбегенді көндірген көнбістілік заманы орнады. Бұл тағдыр біздерге оны да көпсінді. Екінші дүниежүзілік соғыс қаулады. Қазақстан онсыз да қатары селдіреп қалған азаматтарын мойындарынан тізіп, майданға аттандырды. Майданға аттанған азаматтарынан ең көп «қара қағаз» алған халық та қазақтар болды. Сол тұста соғыс жүріп жатқан өлкелерден қарайған халық көшірілді. Көпшілігі Қазақстанға келіп қоныстанды. Жүздеген зауыт, фабрикалар, өндіріс ошақтары көшірілді. Олардан басқа Қазақстанда әлденеше жүз зауыттар жаңадан салынды. Қазақстан өндірісі бұрын-соңды болмаған қарқынмен өркендеді. Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды.

Жеңіс бұл үдерісті одан сайын ор­нықтыра түсті. Қазақстанның қазба бай­лықтары сол жылдары мұқият зерттелді. Оларды игеру үшін жүздеген зауыттар ғана емес, жүздеген қалалар салу керек болды. Сол қалаларды салуға мың­даған құрылысшылар қажет еді. Ол қала­ларда он мыңдаған тұрғындар тұрады. Оларға әлеуметтік-тұрмыстық қызмет­тер көрсетуге ең кемі тағы да сондай мөл­шерде мамандарды тартуға тура келеді.

Мұндай жағдайда 1958 жылы бір топ ауыл жастарының Қазақстан Маг­нит­касына баруы тек бір кісінің өмірбаяны үшін емес, күллі ұлттық есеюімізде мәні аса зор оқиға болды. Сол кезде құрылыстың бірден басталып кетпегені де жақсы болған. Жұмыссыз жүрген 400-дей жігітке Орал мен Украинада металлург мамандығына оқып келуге мүмкіндік туды. Соның ішінде Қаскелеңдегі Абай мектебін бітірген Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді.

Қаскелең, Үшқоңыр, Шамалған – албырт та арманшыл жастық шақтың бүршік атқан мекені. Анасы Әлжанның аялы алақанын, әкесі Әбіштің ып-ыстық құшағын  сағынып, шырқ үйіріліп, айналып соғып тұратын бала кездің балдай тәтті ұясы. Осы арада ол қиын тағдыр айдап келіп табыстырған неміс, орыс, курд, түрік, әзербайжан, чешен, ингуш, қарашай балаларымен асыр салып ойнап, таласа-тармаса алма жұлып, жидек теріп бірге өсті. Көп ұлтты орта алыспай-жұ­лыспай қатар жүруді үйретті. Қатардан қал­мауды, білігің мен өнерің асса, бейбіт жол­мен дәлелдеуді, кеуде соқпай-ақ бәйге жолында озуды, бәсеке жолында жеңуді үйретті.

Жастайынан дағдыланған бұл мінездер кейін әлденеше жерде керегіне жарады. Университеттің химия факультетінде негізгі пәннен бес алса да, кейінгі емтихандардың мұғалімдердің бармақ басты, көз қыстылығы салдарынан ауадай қажет бір баллды кем алғандықтан, оқуға қабылданбады да, сол жинаған ұпай санымен Киевтің авиа­ция институтына түседі. Бірақ, оған ата-анасы қарсы болады.

Өжет бала содан салып ұрып Комсо­мол­дың Орталық комитетіне барады. Елімізде өрістей бастаған екпінді құрылыстардың біріне жолдама алады. Пойызға отырып, Теміртауға тартады да кетеді. Барса, Қазақ­стан Магниткасы әлі басталмапты да. Жан-жақтан жиналған жастар сенделіп бос жүр. Олардың арасындағы орта мектеп бі­тіргендерді Кеңес Одағының жер-же­ріне оқуға жібереді. Жетпіс екісі Украи­наға аттанды. Олар оқуға барған техни­калық училище Днепродзержинск металлургия зауытының құрамына кіреді екен. Сахараның ауасын жұтып, сар далада самалдап жүрген қыр жігіттерінің бірі зауыттағы тарсыл-гүрсіл, у-шу мен зиянды газдар шоғырланған лас ауаға шыдай алмай, есеңгіреп құлап түсті.

Арада бір-екі күн өткен соң, тағы да бір жігітіміз үйге қайтамын деп қиғылық салды. «Осыдан кейін зауытты біз туралы қандай өсектер гулегенін көзге елес­тетуге болатын еді», — дейді жасөспірім Нұрсұлтан. Адамның бір парызы – туған халқының намысын бермей, жақсы атын шығаруы екенін сонда түсінеді.

Бірде барып спорт кешенімен танысады. Еркін күрес деп жүргендері кәдімгі ауылдағы қазақша күреске қатты ұқсайтынына қайран қалады. Төртпақ келген ақсары жігіт өзімен күш сынасып көруге шақырады. Нұрсұлтан ойланбастан келіседі. Шешіне бастайды. Спорт киімі атымен жоқ. Үстінде – майка, бұтында – труси. Жұрт ду күледі. Қызарып кеткен намысқой жігіт қарсыласына тобықтан қағу әдісін қолданып, астына алып ұрады. Әлгі төртпақ сары орнынан тұрып, басын шайқай береді.

Намысшыл жігіттің көп ұзамай атағы жайылады. Құрдастарының құр тұқшыңдай бермей, еркін жүріп-тұруын қадағалайды. Спорт кеше­нінде, мәдениет сарайында, әрқилы үйірмелерде өз күштерін сынап көру­леріне көмектеседі.

Шиелілік Әбіләш Әбуовті мен де біраздан білемін. Нартай Бекежановтың аталас ағайыны еді. Талай тойда Әбіләштің салған тамаша әндерін тыңдағанбыз. Сөйтсек, ол да Украинада Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыпты. Расында да, оның дауысы «ашық, мөлдір, таза» еді. Сол дауысты Нұрсұлтан ести сала, «көркемөнерпаздар байқауына қатыстырып, бірінші орынды жұлып алып беріпті». Қоярда қоймай теледидарға апарыпты. Одан да абыройлы оралыпты.

Нұрсұлтан тек өз жолдасының абыройын ғана ойлап қоймапты. Бәрінен бұрын қазақ әнінің сұлулығын украин тыңдармандарына жеткізгісі келіпті. Ол кезде Кеңес Одағындағы одақтас респуб­ликалар бірін-бірі біле бермейтін. Бір күні Днепродзержинскіге Бибігүл Төлегенова келіпті. Әлі кеңінен таныла қоймаған жас әнші.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button