ҚОС БӘЙТЕРЕК
Еңбекпен есейген
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген Махмет ата әңгімені әріден бастады. Арғы атасы Малайсары би болып келетін атамыз Есбол ауылының тумасы, Жайық өзенінің бойында дүниеге келген. Жастық шағы «ат ауыздықпен су ішкен, ер етікпен су кешкен» қасіретті жылдарға тап болғандықтан еңбектің дәмін ерте татқан.
«Әкем Қарабаланың кіндігінен жалғыз ұл едім. 1930 жылдары ұжымдастыру кезінде «Еңбек» ұжымшары құрылды. Сабақтан кейін үлкендерге қолғабыс беру балаларға міндеттелді. Ел ішінде жағдай ауыр болды. Азық-түлік болмады, аштық жайлады. Сөйтіп, тіршілік қамымен жүргенімізде Ұлы Отан соғысы басталды. Ауыл-аймақ күңіреніп тұрды. Әкелеріміз бен ағаларымыз қолдарына қару алып, майданға аттанды. Әкемді жасы үлкейгендіктен соғысқа жібермей, тылдағы қарттарға, аналарымыз бен әпкелерімізге, жас балаларға қамқор болып, әрі ауылдағы ауыр еңбекті қажет ететін жұмысқа басшылық жасауға қалдырды. Бізді жасымыз жетпегендіктен соғысқа алмады. Алайда, ересектермен қатар еңбек етіп, егін егіп, пішен шаптық, мал бағып, көктемде жер жыртуға, тұқым себуге қатынастық, мал төлдету жұмыстарына белсене араластық. Күн сайын майданнан келетін «қара қағаздар» бала болсақ та, біздің сай-сүйегімізді сырқырататын. Ауылдан соғысқа аттанған ерлердің саны азайып, елде халықтың тұрмыстық жағдайлары әлсірей бастады. Ішерге ас, киерге киім болмаса да, аналарымыз бен апаларымыз майдан үшін азық-түлік дайындады. Түнде айдың сәулесімен, оттың жарығымен жүн түтіп, қолғап, киім-кешек тоқыды.
1945 жылы 9 мамырда неміс-фашистерінің жеңілгені туралы сүйінші хабар жетті. Жеңіс күні ұжымшар басшылары шамалары келгенше той жасап, көңілдері жабырқау ел адамдарын мәре-сәре етті. 9-сыныпты аяқтаған соң ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, зоотехник мамандығын алдым. Сөйтіп, осы салада 1990 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Зайыбым Ағипамен 1953 жылы бас қостым. Күні кеше сияқты еді, арада 60 жыл өтіпті»,- дейді Махмет аға.
«Гауһар той» иесінің елге сіңірген еңбегі елеусіз қалмай кеудесінде жеті бірдей награда мен тылда жүріп, Ұлы Жеңіске қосқан үлесі үшін берілген «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбегі үшін» медалі жарқырайды.
Жезденің әзілі шын болыпты
Ағипа анадан осы шаңыраққа қалай келін болып түскенін сұрадым. Отанасының айтуынша, ол кезде жасы небәрі 18-де болыпты. Бірде кеңседегі ұзын дәліздің бойынан бір жігітті кездестіреді. Ойында ештеңе жоқ, танысып, жөн сұрасады. Әңгімелесе келе екеуі ауылдас болып шығады. «Аға» деп жақын тұтып, араласып жүреді. Бірде «ағасы» үйінің кеңседен алыс еместігін айтып, түскі асқа шақырады. — Махметтің ата-анасы өте мейірімді жандар еді. Анасын – апа, әкесін – жезде қылып, қалжыңдасып жүретінмін. Олар да өз ауылдастарын көріп, жылы ұшырап, қуанып қалатын. Арада үш-төрт ай өтті. Арасында Махмет «апаң шақырып жатыр» дейді. Бірде барғанымда жездем: «Сені келін етіп алайын деп жүрмін. Менімен қалжыңдасып ойнама»,-деп қарап тұр. Өзі өте әзілқой, ақжарқын адам болатын. Ол кезде толықша келген, қол-аяғым балғадай сары қыз едім. «Сіз не деп тұрсыз, «сөзімді қайтып алдым» деп айтыңыз»- деп, жездемді алып ұрып, кеудесін басып отырып алдым. Сөйтсем «Мен саған шындықты айтып отырмын, қой енді», — дейді. Апам да араласып: «Жездең мен апаңды бағып-қағасың. Қартайғанда бізге сен сияқты ешкім қарамайды ғой», — деп, ақыры мені ыңғайларына көндіріп тынды. Әке-шешемнің батасын алып, той жасадық. Атам мені еш уақытта «келін» деп атаған емес, «қызым» деп еркелетті. Ерім бірауыз артық сөз айтып, көңілімді қалдырған емес. Әлі күнге тату-тәтті өмір сүріп, немере-шөберенің қызығын бірге көріп отырмыз.
Біздің ауылда «Гауһар той» жасаған ерлі-зайыптылар саусақпен санарлық. Алланың бергені мен берері таусылмасын. Кәріліктен басқа мініміз жоқ,- деп ақ ниетпен ақтарыла әңгіме тиегін ағытты Ағипа ана.
Әжеміз – аудан жұртшылығына қазақтың ұлттық тағамдарын ерекше дайындайтын шеберлігімен танылған жан. Әсіресе, оның сары май қосып бабымен қайнатып дайындайтын құртын ауыл адамдары сүйсіне жейді.
Өнермен өрілген өмір
«Гауһар той» иелерінің тұла бойы тұңғыштары – биыл алпыстың асқарына шыққан, Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актер-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сағызбай Қарабалин. Одан кейінгі ұлы Алмас-Болат пен келіні Қымбат ата-анасының жағдайын жасап, қас-қабағына қарап отыр. Алмас-Болат Қоныстану селосындағы «Самал» мәдениет үйінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты болса, зайыбы Қымбат – әнші. Үшінші ұлы Жолдас жеке шаруа қожалығымен айналысады. Қызы Гүлбаршын мен күйеу баласы Нұрлан ұстаздық еңбек етсе, Баян мен Гүлсім медицина қызметкерлері, Ерболат, Дина, Нұрсұлу білім саласының білгір мамандары. Жанболат мұнай саласында қызмет атқарады.
Немересі Әсет – елімізге танымал «Заман» тобының белгілі әншісі. Немерелерінің үлкені Рауан мен Рүстем 20 жасқа толды. Ал, Әсел Сағызбайқызы– Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы облыстық драма театрында гример. Ата- әжесімен бірге тұратын немересі Есет Алмас-Болатұлы Қоныстану селолық өнер мектебінің басшысы, ал келіні Самал осынау білім ордасында балаларға қобыздан дәріс береді. Екеуі де Қырғыз елінің астанасы – Бішкек қаласындағы өнер институтында екінші курста сырттай білім алып жүр. Египеттің астанасы – Каирда аудан өнерпаздары құрамында өнер көрсетті. Махмет ата мен Ағипа әженің ең кішкентай шөбересі Кәусар екі жаста. Қоныстану селосындағы «Самал» мәдениет үйінде 1998 жылдан бері Қарабалиндер отбасылық «халықтық ұжымы» жұмыс істейді. Қарабалиндер шаңырағының өнер саласындағы жалпы отбасылық еңбек өтілдеріне 70 жылдан астам уақыт толып отыр.
Мағрупа ҚАЗИХАН.
Қызылқоға ауданы.