КӨРМЕ КӨП ЖАЙДЫ БАЯНДАДЫ
Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Рашида Харипова: «Бұл көрмені ұйымдастыруды ең бірінші Құрманғазы ауданынан бастау себебіміз Динадай әжеміз, Құрманғазыдай белгілі күйші бабамыз, Әбудей атамыз бен Жұмекендей ағаларымыз осы топырақта дүниеге келіп, елімізге және шет мемлекеттерге танылды. Аталған ұлыларымыздың арқасында облысымыздың абыройы асқақтады. Бұл көрме ауданның өзге де ауыл-селоларында әрмен қарай жалғасын табады. Яғни, барлық елді мекендерді аралайды. Мектеп оқушыларына аға ұрпақтың ерлігін насихаттау мақсатында осындай үлкен жоспармен қадам басып жатырмыз. Сонымен қатар, 70 жылдық мерейтойға арналған мұрағаттық құжаттамалар арқылы үлкен кітап дайындаудамыз. Оған осы елді мекендерде туған, бұрын шыққан энциклопедияларға енбей қалған адамдар жазылатын болады» деп атап өтті.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі С.Қасымов сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді. «Соғысқа қатысқан майдангерлер өздері жайлы көп сөз қозғамайтын. Мен ерлік жасадым деп мақтануды жандары сүймейтін. Ғиззат аға да: «Біздің бәріміз ел шетіне жау тигенде Отанымызды қорғадық. Сондықтан, бізді емес, соғыс даласында қаза тапқан ерлерді мақтау керек» деп отыратын. Қазір олардың ерліктерін ұрпаққа үлгі еткен дұрыс», — деп оқушыларға ағалық өсиетін айтты.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев, прокуратура ардагері Ғ.Мүрсалиев өз ойларын ортаға салып, облыстық мұражай басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
Көрмеге қатысушылар жәдігерлерді тамашалап, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың өмірі мен ерен еңбегі туралы құнды мәліметтерге қанықты.
Сонымен қатар, «Даңқ» орденінің толық иегерлері мен Кеңес Одағының батырлары туралы да біраз ақпарат алды. Көрмеге соғыс кезінде халық пайдаланған бұйымдар мен жауынгер хаттары, естелік суреттер, марапат қағаздары қойылған.
Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,
Құрманғазы ауданы.