
Көркем сөз — көңіл тілі
Журналист болу үшін кәсіби біліктілікке қоса, батылдық пен табандылық керек. Өзгенің мәселесіне жанашырлық танытып, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын, жұрт жұмысына жегіліп, елдің кем-кетігін түгендеуге тырысатын, қоғамдағы түйткілдерге парасат биігінен көз салатын және ұлттық деңгейде ойлай білетін журналисті бүкіл халық құрметтейді. Ол үшін ең алдымен Отанға деген сүйіспеншілік және елге шынайы жанашырлық қажет.
Бүгін осындай абыройлы міндетті арқалаған журналистер Жылыой ауданындағы «Шоқпартоғай» мәдениет үйінде бас қосып, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Көркем сөз – көңіл тілі» атты салтанатты іс-шараға қатысты.

Мерекелік басқосуға аудан әкімдігінің өкілдері, БАҚ қызметкерлері, ақпарат және мәдениет саласының майталмандары мен жергілікті тұрғындар жиналды.
Шараның шымылдығы «Жем аруы» халықтық би ансамблінің «Тойбастар» биімен ашылды.

Кеш барысында Жылыой ауданы әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақова құттықтау сөз сөйлеп БАҚ күніне қатысты тарихи деректерге тоқталып, журналистика саласының қоғамдағы орны мен маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін қазіргі бүкіл ақпарат кеңістігіне тән деп айтуға болады” деген үндеуін мысалға келтірді.
Сонымен қатар барша журналистерге алғыс айтып, бірқатар БАҚ өкілін марапаттады.
Кеш барысында жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Азамат БАЗАРБАЕВ
Суреттерді түсірген автор
Жылыой ауданы