Жарнама
Қоғам

КӨРІНБЕЙ КЕТКЕН БІР БЕЙНЕ

«Әлия қаза тапты» дегенде жүрегім қан жылап, екі көзге ерік бергенмін. Бірақ, ақтық сапарға шығарып салуға бармадым. Қалың жұртының қабырғасы қайысып, қазақтың нар мінезді қызымен соңғы рет қоштасып жатқанын білсем де, аяғым жүрмей қойды. «Жо-о-қ, ондай адаммен мәңгілікке қоштасу мүмкін емес» деп өзімді-өзім жұбатып, өзімді-өзім алдадым. Сөйттім де, сол ойымды мақұлдап, сендім. Бірақ, ақиқат ащы, шындық шымыр. Қайран Әлияның енді ортада жоқ екендігі, кездескен кезде жылы жүзімен елжірей қарап, туған сіңлісіндей бауырына тарта сөйлейтін асыл бейнесінің бір кездері көз ұшындағы бір қимас бейне болып қалатындығы рас еді.

Ата салттан аттау – күнә. Жеті күндік қадесінде Әлияның ата-анасының үйіне қарай беттедім. Қаумалаған халқының ортасында екі бетін жас жуған аяулы анасы мен асқар таудай әкесі отырды. Көре қалғанда әкелік мейіріммен қарайтын, кісілік зор қасиетіне тәнті болатын Орынғали ағаның көзіне көзім түскенде дүние шіркін астан-кестен болып кеткендей болды. Әке жанарын қайғы мен мұң қаптаған. Өмірде талай қиындықтан тайсалмаған кәрі жүректің күл-паршасы шыққандай. Амал не? Бауыр еті баласы ғой ол оның. Тірі пенде басқа түскенді көтереді. Уақытқа жүгінеді. Орынғали аға да, Дәметия апа да сүріне түсіп, бойларын тіктеді. Солай болу керек те еді.
Әлияны алғашқы көргенім әлі есімде. Ол кезде Дина Нұрпейісова атындағы Мәдениет сарайының директоры болып жұмыс жасайтынмын. Халықтың талай жақсылықтары сол жерде өтетін. Әлия да баласының тойын осы сарайда өткізуді ұйғарғанға ұқсайды. Байқаймын, Әлия екі етек бір жең болып, қайта-қайта келіп, біресе тамағын, біресе залды көркемдеу ме, әйтеуір жүгіріп жүрді. Мен шыдамай қасына барып, танысып, ішкі жұмыстарға аса алаңдамауын, өзім бас-көз болатынымды айттым. Ол үлкен ризашылықпен алғысын айтып, басқа шаруаларына кетті. Той дүркіреп өтті. Бәзбіреулерше өтті-кетті демей, Әлия қызметкерлердің барлығына алғысын айтып, көрегендік көрсетті. Содан бастап сырлас-дос, дәмдес-құрбы болмасақ та кездескен жерде құшақтасып көрісетін сыйлас адамдарға айналдық.
Оның жүзінен нұр шашып тұратын. Ол өз кәсібіне шын берілген, білікті маман еді. Сөйлесе қалғандағы ұтымды ойлары, кәсіби көзқарастары оның ақ халат киген дәрігер екендігін ғана емес, «дәрігер» деген қасиетті мамандықты толық меңгерген кәнігі шебер екендігін әйгілейтін. Бойындағы ізгілік білімімен, өмірлік тәжірибесімен ұштасып, ол медицина саласының барлық сатыларымен жүре отырып, биіктерге өрлей берді. Облыстан шыққан денсаулық сақтау департаментіне басшылық жасаған тұңғыш әйел атанды.
Қай жерде еңбек етсе де ол көп іс тындырды. Айта қалатындай маңызды міндеттерді бір кісідей атқарды. Оған халқы куә. Кейбір әріптестері «Қарасаева – өте қатал адам» дейтін. Бірақ, олар сол қаталдықтың артында қаншама мейірім мен шапағат тұнып жатқандығын білетін де еді.
Қазақта «қарапайымдылық тек ұлыларға ғана жарасқан» деген бір жақсы сөз бар. Мен бұл пікірге қарапайымдылық кісіліктің ең биік шыңы деп қосар едім. Әлия осы қасиетті бойына дарытқан адам. Ол өзімен тілдескен адамды бірден баурап алатын. Сөзге шебер, аса мәдениетті, «мен басшымын» деп кекіреймей, болмаса тарпаң мінез көрсетпей үнемі биязы жымиып тұратын. «Әлия Орынғалиқызы қызмет бабында қатаң талап қоятын. Науқас бірінші Аллаға, екінші дәрігерге сеніп келеді. Сондықтан, өмір мен өлім таласып жатқанда босаңсуға болмайды» дейтін жарықтық» деп еске алады әріптестері.
Әлия өзінің келте ғұмырын аймақтың денсаулық сақтау ісіне арнады. Сөйтіп, туған елінің алдындағы перзенттік борышын өтеді. Нағыз кемеліне келіп тұрған шағында оны ортадан жасындай жарқ еткізіп жұлып алып кеткені өкінішті. «Кісіге екі дүниеде де бірдей пайдалы үш нәрсе бар: біріншісі – игілікті іс пен әзіз мінезділік, екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік! Адам сол үшеуі арқылы бақыт табады» депті түрік ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Адам өмірінің қадірі бастан кешкен жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымымен және құндылығымен бағаланса керек. Өмір мәңгілік емес. Бірақ, атқарған істері мен соңыңда қалған әңгіме-пікірлер мәңгілік. Әлия қасымызда болмаса да оны білетін талай адамдардың ойлары мен естеліктері осылайша сыр шертеді.
Әлия өмірден озды. Ортада ойылып орны қалды, ортайып көңіл қалды. Шектеулі ғұмырын мазмұнды да, мағыналы өткізген Әлия арамызда болса, бүгінгі күні туған күнін тойлап, қонақжай қалпымен ақ дастарханын ақ дәмге толтырып, арқа-жарқа болып отырар еді. Тағдыр оған жеткізбеді.
Заманымыздың жазылмаған заңдылығына сай, айлар аунап, жылдар жылжып, уақыт шіркін зымырап барады. «Уақыт – көшкен құм, соққан жел, аққан су» деген рас екен. Бәрі күні кешегідей… Тек Әлия жоқ ортада…
Тоқтаусыз шыр көбелек айналып тұрған өмір-дөңгелегін бірден тежеу қиын. Бірақ, кейбіреулер үшін сол дөңгелек тежеле барып тоқтауға мәжбүр болады. Демек, өмір бітті деген сөз. Мұндай философиялық тұжырымға келу себебім, талай асылдардың жомарт жүректерінің мәңгілікке тоқтағаны, арттарында қалғандарға қайғы-мұң қалдырғандары. Иә, бұл – өмір заңы, еш жерде жазылмаған өмір қағидаты… Көп құрметіне бөленген, соңына өшпестей із қалдырған Әлия да осы заңдылыққа бағынды.
Көкжиектен таңсәріде жер дүниеге шапағын төгіп күміс күн көтеріледі, ал, кеш бата сол көкжиекке қайта батады. Бұл құбылыс, өмір бойы осылай қайталана береді. Әлияның бейнесі де дәл осылай, ел есіне әрдайым қайта оралып тұратын болады.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button