Жарнама
Қоғам

Конкурсқа! ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮҒА БОЛА МА? (сараптама)

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар халық даналығында. Бүгінде басшы да, қосшы да көп, бірақ жасалған жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей жатады. Егер мемлекетті адам ағзасына теңесек, ондағы қантамырларға қыстырылған бір құмалақтың бір қарын майды шірітіп жіберетін күші бар екенін көреміз. Міне, ендеше, сыбайлас жемқорлық та сондай құмалақтың бірі. Оның түп тамырын бүкіл ел болып балталамаса, басқалай жолы жоқ. Сонымен, ғұмыры ғасырларға жалғасқан «жегі құртты» жоюға бола ма? Осы сауал көптің көкейін тескені анық…

Жүзге жуық жағдай  тіркелген

Әңгімемізді қарапайым ғана мысалдан бастайық. Кейбір мемлекеттік қызметкерлер қандайма бір мәселені шешу барысын сағызша созып жіберетіні бар ғой. Неге деп ойлайсыздар? Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осыған ұқсас жағдайлардан параның «иісі» шығады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың айтуынша, Атыраудың өзінде өткен жылы 91 жемқорлық қылмысы тіркелген. Оның 19-ы денсаулық сақтау, 13-і білім беру, 16-сы тұрғын үй шаруашылығы, 8-і әлеуметтік сала және қалғаны құрылыс саласында анықталған.  

Жыл сайын сауалнама

«Transparency Kazakhstan» ұйымының халық арасында жыл сайын жүргізетін сауалнамасы көрсеткендей, соңғы кезде жемқорлықтың жиілеп жатқаны адалдық мәдениетінің қалыптаспауынан болып отыр. Ал, оны қалыптастыратын мемлекеттік қызметкерлер екені айтпаса да түсінікті. Егер «бюджеттің» көрпесін әркім өздеріне тартып әлек болса, көпке кімді үлгі етеміз? Сондықтан халықпен жұмыс жасайтын азаматтар әділ, шынайы және ақшаға «сатылмайтын» болуы керек. Сонда ғана тұрғындар тарапынан сенім көпірі пайда болады және одан арсыз адамдар өте алмайды.  

Әлгі сауалнамаға оралсақ, оған еліміздегі облыс, қала және аудандардан 9 мың адам қатысқан. Барлығы 200 әлеуметтанушы мен 12 сарапшы зерттеу мен зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, соңғы жыл ішінде азаматтардың 37,4%-ы мен кәспікерлердің 45,9%-ы өздері тұрып жатқан елдімекендерде жемқорлықтың сәл де болса саябырсығанын көрсеткен.

Құқықтық сауаттылық қажет

Респонденттердің ішінде мемлекеттік органдарға хабарласқандарының 11,3%-ы  тұрмыстық жемқорлыққа тап болған. Ал, 8,2% шағын және орта кәсіп өкілдері мәселені бейресми түрде шешуге тура келген жағдайдан жапа шеккен. Соған қарамастан, сауалнама бойынша сұралған кәсіпкерлердің 80 пайызынан көбі пара бермей де бизнеспен айналысуға болатынын айтқан. Расымен де, солай болар, бірақ олардың бәрі бірдей Ата Заңды жатқа білмейтін шығар? Оны да ойлау керек-ақ. Сол үшін де кәсіпкерлердің, соның ішінде алыс ауылда төрт түлік түлетіп жүргендердің құқықтық сауаттылығын арттыруды Үкімет жолға қойса, жақсы болар еді.

Пара демекші, оны жалақы түскендей күтіп отыратындар бар. Солар қай өңірде, қай мемлекеттік органда және қай салада көбірек кездесетіні белгілі болды., Аталған сауалнамаға жауап берген тұрғындар – Атырау, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал, кәсіпкерлер – Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында қандайма мәселе «айналма жолмен» шешілетінін ашық айтқан.

Балабақшаға баламен бірге пара береді

Емхана, аурухана, полиция, салық, өрт сөндіру, жер қатынастары, қалалық құрылыс, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), мемлекеттік балабақша, жоғары оқу орындары жемқорлыққа ең көп жол беретін мемлекеттік мекемелер болып саналады. Жіліктеп көретін болсақ, емдеу (12,7%), жұмысқа орналастыру (10,1%), балабақшаға бала беру (6,1%), жер мәселесін шешу (6,5%), ХҚКО-ынан анықтама алу (5,1%), салықтық есеп тапсыру (9%), заңбұзушылықтан жалтару (8,4%) және емтихан сессиясын «жабу» (4,4%) қажеттіліктері жемқорлыққа сеп болған. Ұйқастырып айтар болсақ, балабақшаға баламен бірге пара береді, ал, алғыштар болса, ала береді деген сөз…

Осындай жағдайлардың орын алуына 50 пайыз мемлекеттік орган қызметкерлері бастамашы болатыны да сауалнама арқылы анықталған. Ашығын айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің жедел немесе мүлде әрекет етпеуі, мемлекеттік жүйедегі техникалық қателіктер, полицейлер мен сот орындаушылардың дөрекелігі, аудан әкімдерімен жолығудың қиындығы жұрттың жүйкесін жұқартқан.

ТҮЙІН

Қалай болғанда да, мемлекеттік кәсіби аппарат құру, өңірдегі жемқорлық деңгейін төмендету, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындардың сенімін нығайту – бәрі де мемлекеттік қызметкерлердің қолында.  

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button