Коммуналдық тарифтердің жаңа ережелері қандай?
«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі. Тарифті белгілеудің жаңа ережелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Жиынды филиал төрағасы Балжан Досмұхамбетова кіріспе сөзбен ашып, күн тәртібіне шығарылып отырған мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін алға тартты. Басқосуда тұтынушыларға көрсетілетін коммуналдық қызмет тарифтерінің бағасының қымбаттауынан басталып, жарық бағаналарының ескіруі, газ құбырларының қауіптілігі мен сапасыздығы, су және кәріз желілеріндегі ақаулықтар мен жылу жүйелерінің тозуы, электр энергиясымен қамтудағы олқылықтар, тұрмыстық қалдықтардың уақытылы тазартылмайтыны, басқа да тұрғындардың қалыпты тірлігіне кеселін тигізер жайлар сынға алынды. Тарифтердің көтеріліп, бағалардың қымбаттағанына қарамастан, жағдайдың айтарлықтай жақсара қоймағанына баса назар аударылды.
Дидарласуға қатысқан азаматтық қоғам белсенділері қалыптасқан ахуалды қалай жақсартуға болатыны, кемшіліктерді түзету жолдары жайлы ұсыныстарымен ортақтасып,пікірлерімен бөлісті. Тұрғындарды толғандырған сауалдар мен көтерілген мәселелерге орай, облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің, «Атырау-Жарық», «Атырау жылу жүйелері», «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ, «Атырау энергосату», «Арнаулы көлік базасы» ЖШС, «Атырау облысы су арнасы» КМК, «Қазтрансгазаймақ» акционерлік қоғамы мен «Атыраугаз инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары мен өкілдері жауап қайтарды.
Дәулетқали АРУЕВ