КӨМЕЙІНЕН ЖЫР ТӨГІЛГЕН…
Асыл Дүйсенбайқызының жастық шағы неміс-фашистермен арадағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол шынымен де сол кезеңдегі балалардың бала болып ойнай алмаған, көңілі қалаған тағамына қолы жетпеген кез болатын. Оның үстіне үйде шиеттей бауырлары бар. Бәрі әкелерінің соғыстан аман келуін тіледі. Әкесін «көке» дейтін кішкене Асыл сол кездің өзінде:
«Ерлерім кетті майданға,
Ауылдар қалды қаңырап.
Бала мен әйел аймаңдай,
Аналар қалды аңырап.
Таусылмай, сірә, татар дәм,
Қиынға болмай келемін,
Тілегін тілеп жатарда,
Күттім-ау әке келерін…» — деп жырлайды. Көп тілегі қабыл болып, көкелері соғыстан жараланып, елге оралады. Он екі-он үш жастағы Асыл үлкендермен бірдей ауыр жұмыс атқарады. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан аналары көз жұмып, алты бірдей бала жетім қалады. «Тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, әкелері екінші қайтара үйленеді. Шаңырақтың тұңғышы Асылды жасы он жеті-он сегізінде әкесінің танысы інісіне айттыра келеді. Ол кезде «оған бармаймын, мынаған барамын» деген сөз атымен айтылмайды, үлкендердің келіскені болады да қояды. Осылайша, Асыл Қойшығұлдың құдай қосқан қосағы болып шыға келеді…
Тағдырға не дауа бар, сол Қойшығұл Өтеулиевпен Асыл ондаған жыл тату-тәтті тұрды. Екеуі тыл еңбеккері ретінде «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Асылдың өзі Жеңістің елу, алпыс жылдық және «Еңбек ардагері» медальдарын өңіріне тақты.
Суырыпсалма ақындығымен Кең Жылыойға аты танымал Асылдың «Ана жүрегі» атты кітабы жарыққа шыққанда, оның өзімен бірге қуанбаған адам қалмады. Сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанның төріне көтерілген ананың бүгінде көңілі сергек, өзі тың. Жамандық пен зорлық-зомбылыққа жаны қас ол – өте турашыл, ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын адам. Не болса да, өз ойындағысын бетке айтып, сол бойда қолма-қол өлеңін шығара қояды. Ал, жанына жақын келіп, сайрап жатқан көкірегіне үңілетін болсаңыз, ол сізге бар сырын ақтарып, ізгі тілегін жаудырады.
Бәлия МҰҚАНОВА, Жылыой аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы.