Жарнама
Қоғам

ҚОЙДЫҢ ҚҰРМАНҒАЗЫЛЫҚ ТҮРІ

Ғылыми ізденістер нәтижесі

Құрылымда мал тұқымын асылдандыруға, ғылыми-селекциялық жұмыстарға көбірек көңіл бөлінді. Селекциялық асылдандыру ісі тек өндірістік кооперативтің мал мамандарымен ғана емес, сонымен қатар «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институты» мен оның Атырау филиалының ғылыми қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілді. Сол ғылыми ізденістердің нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2002 жылдың 19 наурыздағы бұйрығымен өндірістік кооперативке асылтұқымды мал шаруашылығы мәртебесі, ал, үш жылдан соң асылтұқымды еділбай қойын өсіретін зауыт атағы берілді.

Қазіргі шаруашылықтағы қой саны – төрт есеге, жылқы мен түйе малдары тиісінше 8-35 есеге көбейді. Шаруашылықтағы тұқым мал зауыты еділбай қойының бір түрін өсірумен шектеліп қалған жоқ. Мамандардың ғылыми ізденістерімен ақ жүнді құйрықты қойларды шығару жұмысы басталып, ол шаруашылықтың еділбай типтес қойына жүргізілді.

Ақ жүнді құйрықты қойларды шығару, негізінен ендіре будандастыру жолымен жүзеге асырылды. Осылайша, ақ, ақшыл жүнді «Аққарабас» қой тұқымы пайда болды. Ұзақ жылғы бір мақсатта жүргізілген селекциялық асылдандыру нәтижесінде шөл және шөлейт аймақтар жағдайында өсіруге жақсы бейімделген, жеткілікті деңгейдегі жоғары ет пен жүн өнімдеріне сипатталған құйрықты қойлардың өзіндік ақ жүнді түрі шығарылды.

Өткен жылдың жазында Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен құрылған арнайы сараптамалық комиссия құрманғазылық еділбай қойының жаңа зауыттық түрін екі желімен апробациядан өткізіп, бекіткен болатын. Жергілікті жағдайға бейімделген, өнімділігі етті, жүні жоғары, тез жетілгіш, жергілікті жердің еділбай тұқымды қойларының қара және қызыл түсті қойлары будандастырылып, «құрманғазылық» жаңа түрі шығарылды.

Өндірістік кооператив қоймен қатар, түйеге де селекциялық асылдандыруды жүргізді. Осыдан он екі жыл бұрын салалық министрліктің бұйрығымен оған қазақтың айыр өркешті түйесінің тұқымын өсіретін асылтұқымды шаруашылық атағы берілді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазақтың айыр өркешті түйесі тұқымының Орал-Бөкей тұқымішілік сүлесі және екі бура желісі шығарылды. Бұл жөнінде Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитетінің патенті мен авторлық куәліктері берілді.

Малшылары мақтаулы

Соңғы бес жыл бойына әр жүз саулықтан 115-тен төл өргізген аға шопан Серік Тәженов 2012 жылы Елбасы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал, аға шопан Әбіл Бегейсінов алдыңғы жылдың қорытындысымен облыста көрсеткіші жоғары озат шопанға берілетін Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиев атындағы сыйлыққа ие болып, малшылар мерейін асырды. Аға түйеші Берік Салауов әр жүз інгеннен 52 бота алуға қол жеткізіп, облыстың чемпион түйешісі атағын алды. Сондай-ақ, аға шопандар Т.Атамбеков, Қ.Наженов, С.Бекеев, Т.Шамарданов, Б.Досмұханов, С.Наженов, А.Махуов жыл сайын әр жүз саулықтан 100-105 қозы алуға қол жеткізіп келеді. Шаруашылық мал өнімдерін өндіру көлемін ұлғайта отырып, халықты сапалы, әрі экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етуде де бірқатар табыстарды еншіледі.

Құрманғазылық ұжымның жыл сайын орта есеппен 80-85 млн. теңгенің өнімін өндіріп, әр жылды 10-12 млн. теңге таза пайдамен қорытындылап отыруы да бұған дәлел.

Сабыржан – сала саңлағы

«Қазақстан агро саласының құрметті қызметкері» ордені, бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» кеуде белгісі, ауыл шаруашылығы саласының үздігі, «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл» мерекелік медалі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттары. Бұл – Құрманғазы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, іскер басшы, шебер ұйымдастырушы Сабыржан Сұлтановтың тек алдыңғы жылы ие болған марапаттарының тізбесі. Ал, мерейлі мерекелерді тоғыстырған Қой жылының аяғына таман, Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденінің өңіріне тағылуы – оның ұзақ жылғы төккен маңдай терінің жемісі.

1998 жылдан бастап Сабыржан Қыдырсихұлы жаңадан құрылған Құрманғазы өндірістік кооперативіне мал шаруашылығы бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Ол мал асылдандыру жұмыстарына тікелей араласты. Бұл кезде кооператив бойынша қой мен түйе малдарын асылдандыру жұмыстары шындап қолға алынды. «Аққарабас» қойының екі желісінен ҚР Әділет министрлігінің санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің №88, 99 ақ жүнді еділбай тұқымдас қойдың, «Нарын», «Айбас» қошқарларының жаңа зауытының аталық ізі авторы атанды. Содан бастап ғылыми жұмыстарға бет бұрды.

Араға он жыл салып, Сабыржан Сұлтанов Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің диссертациялық кеңесінде «Ақ жүнді құйрықты қойларды тұлым және түбіт ұзындықтары бойынша жұптаудан алынған ұрпақтардың тұқымдық және өнімділік қасиеттері» деген тақырыпта ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттығына ғылыми еңбегін сәтті қорғады.

Қазір Сабыржан басқаратын шаруашылық малшылары қыстақ науқанын ойдағыдай өткізіп, көктемгі төл алуға тиянақты дайындалуда. 

Бақытжан ЖҰМАТ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button