«ҚОҒАМНАН ТЫС ӨМІР СҮРУ МҮМКІН ЕМЕС»
— Ақмола облысына қарасты Калачи аймағында, Астана қаласын айналып өтетін Қырқыншы деп аталатын ауылдың бойында уран кені жер бетіне тым жақын жатыр. Бұл – сонау Кеңес Одағы кезінде дәлелденген дүние. Осы бір қауіпті аймақ өз заманында бактерологиялық қару жасалған Степногорск, кезінде жабық кеніш болған Шаңтөбе жерлеріне дейін созылады. Аталған желі бойында кезінде шахта өндірісі де болған еді. Сол шахтаның қаншалықты залалсыздандырылғандығы мен үшін беймәлім. Меніңше, бар гәп уранмен тікелей байланысты сияқты. Ал, калачиліктерді көшіру мәселесіне келер болсақ, халықтың алды көшіріле бастады. Ендігі жерде көштің объективті, субъективті себептерге байланысты тоқтап қалмауы маңызды.
— Елімізде киіктердің жаппай қырылуы мәселесі экологиялық жағдайдың әбден ушығып кеткенін көрсетті. Осы мәселе бойынша Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдағаныңыздан хабардармыз. Проблеманың шығу астары қандай жағдайларға байланысты болуы мүмкін? Және ел Үкіметі қандай шараларды қолға алуы керек деп ойлайсыз?
— Бұрын-соңды болмаған «ұйқы ауруы» сынды ауыр тауқымет киіктің басына да түсіп отыр. Санаулы күндер ішінде 130 мыңнан астам киіктің қырылып қалуы – дабыл қақтырарлық жай. Біреулер оны пастереллезбен байланыстырып әлек. Бұл жаңсақ пікір. Өйткені, миллиондаған жыл ішінде пастереллезден қырылу оқиғалары біздің елімізде болған емес. Тіпті, пастереллез жайлаған күннің өзінде жаппай қырылу жағдайлары неге Қазақстанда ғана тіркеледі? Қалың киіктің бір бөлігі Қарақалпақстанда, Ресейде, қалмақ жерінде де бар емес пе? Ендеше, ондағы киіктер неге біздегі сияқты жыл сайын қырылып тұрмайды? Сондықтан, «бұл жағдайға Байқоңырдан ұшырылып жатқан зымыран, протон, гептилдің тікелей әсері болуы мүмкін» деген күдік жалғыз менің емес, көптің көкейінде жүргенін атап өткім келеді. Бұл Қазақстанда тіркеліп жатқан бірінші жағдай емес. 1984 жылы бір ғана Орал өңірінде 250 мың киік қырылды. Кейін араға төрт жыл салып, Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында, Ұлытауда, Арқалық өңірі, Бетпақдалада 500 мыңға жуық киік бір сәтте жан тапсырды.
Ал енді мына жағдайға қараңыз. Шудан бері қарай Бетпақдаланы кесіп, Байқоңырды сүйкеп өтіп, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының ортасымен Арқалыққа, одан әрі Қостанайдан Оралға кететін жолда протонның ұшу траекториясы жатыр. Киіктердің жаппай өліміне осы ұшу траекториясының, Байқоңырдың тікелей әсері бар екендігі 27 жыл бұрын айтылған еді. Бірақ, ол жағдайдан біз сабақ ала алмадық. Керісінше, гептилді пайдалануды тоқтатудың орнына, үдете түсіп, нәтижесінде бірнеше рет апатты оқиға орын алды. Өткенді ысырып қойып, бүгінге келсек, киіктердің жаппай қырылуы оқиғасының алдында Мексиканың жер серігін алып ұшатын гептилді пайдаланған зымыран құлады. Осындай апатты оқиғалардың бірде-біреуі зардапсыз кетеді дегенге сену қиын.
Өкініштісі сол, Қазақстанда осы мәселелердің зардабын зерттейтін орталық күні бүгінге дейін құрылған жоқ. Асылында, кезінде ядролық сынақ аймағы болған өңірлерде зерттеу, талдау жұмыстары жүргізілуі тиіс.
— Осындай мәселелерге шет ел ғалымдарының тартылуына қалай қарайсыз?
— Түрлі апатты оқиғалар орын алған жағдайларда шетел ғалымдарын алас-күлес шақыра берумен келіспеймін. Қазақстанның табиғатын, экологиясын білмейтін ғалымдар келе сала нені таба қоюы мүмкін? Сондықтан, негізгі жүк отандық ғалымдарға артылуы тиіс. Мүмкін, кейбір өңірлерге адам тұруға болмайтын шығар. Кейбір жайылымдарға мал жіберуге болмайтын шығар. Кейбір егістіктерге егін егудің қажеті жоқ шығар. Осындай жағдайлардың барлығы айқындалуы керек. Өйткені, жетпіс жыл КСРО-ның қарамағында болған жеріміз, өкінішке орай, сынақ аймағы болды. Осылардың зардабы болашақ ұрпағымызға қалай әсер етуі мүмкін? Мәселе осында.
Киіктер жайына оралар болсақ, Төретам жағынан келе жатқан жануарлар Байқоңырдың тұсынан уланып барып, Қостанайға жете бере құлауы мүмкін. Рас, осы мәселеге байланысты ғалымдар пікірінің өзі екіге жарылып отыр. Ендігі біздің ұсынысымыз –Премьер-министр жанынан құрылған арнайы комиссия құрамына депутаттар, осы мәселемен айналысып жүрген қоғамдық ұйым өкілдері енгізілуі керек.
— Қоғамда орын алып жатқан жас балаларды қорлау оқиғаларынан кейін заң жүзінде қатаң шаралар алынуы қажет-ақ. Педофилдерге жазаның ең ауыр түрін беретін кез келді. Осы тақырыпқа келгенде Парламенттің дауысын неге естімей жатырмыз?
— Медицина тілінде «педофилді ақыл-есі ауысқан, бағытынан жаңылысқан адам» деп түсіндіріп жүр ғой. Солай да болар. Бірақ, педофилдердің, әйелді әйел, ерді ер қолай көретін адамдар тобының көбеюі қоғамда оларға қарсы ешқандай идеологиялық, құқықтық тұрғыда жұмыс жүргізілмей жатқандығын көрсетіп отыр. Өкінішке орай, біз фактілерді ғана тіркеп жүрміз. Бірақ, соның жолын кесіп, тоқтату үшін не істеліп жатқандығын естіген адам жоқ. Кезінде Парламентке «ҚР-ның Қылмыстық Кодексінің» жаңа редакциясы келген уақытта осындай топтарға қылмыскер ретінде қарау және оларды 25 жылға соттау, қажет жағдайда ату жазасына кесу туралы ұсыныстарымды енгізген болатынмын. Сондай мінезі байқалған адамдарды тәрбие жұмысына, балалармен жұмысқа мүлде араластырмай, қоғамнан біржола аластату қажет деген ұсынысым да болды. Бірақ, бұл ұсыныстардың бірде-біреуі өтпей қалды.
Ресейде сондай топқа қарсы заң әлдеқашан қабылданып қойды. Біз тура сондай заңды Мәжілістегі төрт депутат 2010 жылы жазып, жоба төменгі палатадан да, Сенаттан да өткен еді. Өкінішке орай, ол қазір тоқтап тұр. Неге? «Араздық тудырмас үшін, оларға тиісуге болмайды» дейді. Адам құқығы деп шыға келеді. Сонда біздің ұлттық болмысымыз қайда? Ата-бабамыздың дәстүрі қайда? Сондықтан, бұл мәселеге осыншалықты сұлу, сыпайы қарауды доғаруымыз қажет.
— Ұрпақ болашағы дегеннен шығады, радикалдық ұйымдар қатарында қазақстандық жастардың да жүргені алаңдатады. Олардың шет мемлекетке кетуінің артында не тұр? Тоқтау салатын кез келген сияқты ғой…
— Оның тамыры тоқсаныншы жылдарда жатыр. Біз «Діни бірлестіктер туралы заңды» алғашқы кезде дұрыс қабылдамадық. «Ағымдардың кеңінен таралуға құқы бар, сенім бостандығы бар» деген қағидаларды ұстандық-дағы, заң олпы-солпы қабылданып кетті. Осыдан келіп, араб елдері, Еуропа, Америка тосқауыл қойған исламның, басқа діндердің атын жамылған секталар қаулап шыға келді. Және олар тоқтаусыз тіркелді, қауымдастықтарын құрды, ғибадат үйлерін салды.
Естіген дерегім бойынша, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды мұсылман ел болып есептелетін республикаларда теріс ағымдарды насихаттап, жақтап жүрген адамдарға тарату үшін белгілі бір тараптар жылына 18 миллиард доллар бөліп отырады екен. Қазақтың қыздарын қолдан-қолға өткізіп күң етіп, соғысуға жарамаған ұлдарын құл етіп отырған ИШИМ сияқты қатыгез ұйымға жастарымызды апарып беріп жатқандар да солар. Бұл біздің кейбір азаматтарымыздың ақша үшін арын сатып жүргенін көрсетеді.
— Ұлттық мәселе, ұлттық мүдде туралы көп айтасыз. Осы мәселеде нені қолға алу керек?
— Мемлекеттік органдарда да, қоғамдық орындарда да, көшеде де таза қазақы орта жоқ. Ең үлкен кемшілігіміз осы болды. Қазақы ұлағатты орта туралы да мақтана алмаймыз. Бізді кезінде орта тәрбиелейтін. Алдымыздан үлкен кісі шықса ұялатынбыз. Ал, қазір орта тәрбиесінің әлсірегені сондай, қазақтың әндерін тыңдайтын жастар азайды. Қазақтың домбырасы оны ұстап жүрген жастар үшін ғана домбыра болып қалды. Қазақтың әдебиеті сол әдебиеттің төңірегінде жүрген жастар үшін ғана әдебиет болып бара жатыр. Осындай бір «аралдағы домбыра», «аралдағы әдебиет», «аралдағы әнге» айналған дүниелердің барлығын қалпына келтіру үшін арнайы ұлттық бағдарлама қабылдануы керек ақ.
— Салиқалы сұхбатыңызға бек рахмет!
Ойтүрткі
Жақында Парламент «Қазақстанның мәдени саясатының тұжырымдамасын» қабылдады. Талқылаудан бұрын танысу үшін, жобаны алдыртып, қарап шықтым. Бірнеше беттен тұратын жобаның ішінен «қазақ мәдениеті» деген бірауыз сөз таппадым. «Жалпықазақстандық мәдениет» деген тіркес қана жүр. Сонда бұл не? Ол орыстың частушкасынан, шешеннің лезгинкасынан, ұйғырдың кернейінен, өзбектің сырнайынан, тағы басқалардан құралған мәдениет пе? Осы жобаны дайындап әкелген министрлік басшыларынан сұрадым.
Олар түсіндіріп бере алмады. Санаулы депутаттар тұжырымдаманың ішіне «негізі қазақ ұлтының мәдениеті болып табылатын бүкілқазақстандық мәдениет» ұғымын енгізуге тырысқанымызбен, ол ұсынысымыз өтпей қалды. Тұжырымдама солай қабылданып кетті. Бұл миллиардтап бөлінген қаражаттың ендігі жерде белгілі бір миллионы ғана қазақ мәдениетін дамытуға жұмсалатын болады, қазақ мәдениеті көп мәдениеттің бірі болып тасада қалып қояды деген сөз. Қазақтың мәдениеті негіз болмаған жалпықазақстандық мәдениет жастарымыздың бойына ұлттық салт-сананы сіңіре алмайды. Мені алаңдататыны да осы.
Әңгімелескен Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
(Арнайы «Атырау» газеті үшін).
Атырау – Астана – Атырау.