ҚИЫНДЫҚТАН ҚАЙЫСПАҒАН
Осындай қиын-қыстау күндерде аяқ астынан Отанымызға неміс-фашист басқыншылары соғыс ашты. Ер азаматтар майданға аттанып, елдегі ауыр жұмыстардың барлығын әйелдер мен бұғанасы қатпаған балалар атқарды. Жер жыртып, егін салды. Әйелдер қолдарына орақ ұстап, шөп шапты. Жұмыстардың барлығы қол күшімен атқарылды. Ал, кешке оттың жарығымен, айдың әлсіз сәулесінен жылы қолғап, шұлық, сан түрлі жылы киімдер тоқып, майдан даласында жүрген жауынгерлерге жөнелтіп отырды. Балалардың аузынан жырып, сүттен сүзбе, ірімшік, құрт, сары май дайындап, майданға жіберді. Сонымен қатар, әйелдер тары, бидай қайнатып, олардан да сан алуан тағамдар жасап, майдан даласына жіберіп отырды.
«-Бір шаңырақтың астында бірнеше отбасы түтін түтететін. Адамдар өте тату еді. Қолдарына бір нәрсе түссе соны ауыл болып бөліп жейтінбіз.Үстіміздегі бір ғана көйлегімізді түнде жуып қойып, таңатқанша кепкенін күтетінбіз. Өйткені, басқа киетін киім жоқ. Бұл әсіресе, бойжетіп келе жатырған жас қыздарға қиын болатын. Беттеріміз таң сәріден түн қараңғылығына дейінгі ауыр жұмыстан күйіп кететін. Сонда, қыздар «соғыс бітіп, тұрмыс түзелген соң, бетімізді түзеп, ажарымызды сәндерміз дейтін», — деп еске алатын Бұлжан дастархан басында бас қосқанымызда өткен өмір естеліктерін әңгімелеп.
Сондай күндерде соғыстың зардабын тартып, қажыған адамдардың бір кез көңілдерін көтеру үшін колхоз басшылары концерт ұйымдастыратын болған. Бұлжан арбаның үстіне шығып алып, қазақтың халық әндерін шырқайтын. Бұл ән адамдардың бойына күш-жігер беріп, аналар көздеріне жас алатын. Сол бір жылдарда ел арасынан өнерлі адамдарды жинаған ғой. Бұлжан жалғыз ағасы Мәмбетқали соғысқа кеткендіктен анасына қарайлап, ауылдан ұзай алмаған екен.
Соғыс жылдары ауыл ішінде де жау аз болмаған. «Бірде жұмыстан шаршап келіп демалып жатырған адамдарды сарайдың есігін сыртынан құлыптап, бекітіп, өрт қойған ғой. Біздер қашып құтылып шықтық. Ал, бір сарай түгелімен жанып кетті» — деп есіне алып отыратын Бұлжан ана әңгіме арасында.
Сондай қасіретке толы күндердің бірінде «Жеңіс!!! Біз жеңдік» деген қуанышты хабар да алыстағы ауыл адамдарына жетті. «Сол кездегі ауыл адамдарының шаттанған жүздерін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бір-бірімен құшақтасып жылаған көпшілік көз жастарына ерік берді. Ауылда Жеңіс күнін тойлау ұйымдастырылды. Қыздар ән салып, домбырамен күй төгілдірдік» дейтін еді Бұлжан Ерғалиқызы көзіне жас алып.
Ол соғыстан оралған майдангер Сүндетпен 1946 жылы бас қосып, шаңырақ көтереді. Он бір құрсақ көтеріп, бақытты шаңырақ иелері атанады. Алайда, 1969 жылы ері Сүндет көз жұмып, ұл-қыздарының барлық тәрбиесін өз мойнына алады. Балалары үшін тер төгіп, еңбек етті. Ұл-қыздары жоғары білім алды. Қамидолла аға ауданымызда білікті басшы болды. Айсәуле, Мәрияш, Қарлығаш Алматыда білім алды. Айсәуле қазірде Ақтөбе қаласында жоғары санатты дәрігер болып еңбек етеді. Екі ұл тәрбиелеп өсірді. Екі немеренің әжесі.
Бұлжан Ерғалиқызы 36 немеренің, 51 шөберенің қызығына бөленіп, ақ жаулықты ана атанған жан. Сынық салып, өзіне көмек сұрап келген ауырған-сырқаған адамдарды да емдейтін. Ауыл арасында беделді, сөзге шешен, тапқыр, бір сөзді, ұстамды парасатты жан.
Ақ жаулықты ананың бойындағы тағы бір керемет қасиеттердің бірі – қазақтың ақын-жазушыларының жырларын жатқа айтып, шығармаларынан ерекше ой түйіп, жастарға үлгі етіп отыратындығы еді. Бұлжан кезінде өзінің шашының ұзындығымен де ауыл әйелдері арасында есімі аңызға айналған жан. Тіпті, шашын үстелдің үстіне шығып тарайтын. Оның сұлулығы кезінде ауылдың қыздарына үлгі-өнеге болған.
Ол ауданымызда қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан жан. Оның бастамасымен ауылдардағы бейіттерді бүлдіріп, қиратқан жастар ұсталып, жауапқа тартылды. Бүлінген, қираған бейіттердің басына қойылған ескерткіштер қайтадан қалпына келтірілді. Көп балалы аналарға, мүгедектерге қамқорлық көрсе-тілді. Аруақты ата-бабаларымызға ас беріліп, Сақал атаның басына түнек үйі тұрғызылды.
Алайда, тыл еңбеккері, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі атанған аяулы анамыз қапияда көз жұмған кенже ұлы Төлегеннің қазасын көтере алмады. Үстіміздегі жылдың наурыз айында ауыр науқастан көз жұмды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлайтын қуанышты күнді көре алмай кетті.
Мағрупа ҚАЗИХАН.