
Кітап сыйлау — ізгіліктің белгісі
Бүгін – Халықаралық кітап сыйлау күні! Бұл ерекше күн 2012 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Оның басты мақсаты – кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттырып, адамдарды бір-біріне кітап сыйлауға шақыру.

Осы атаулы күнге орай Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясының жас волонтерлері қайырымды іс жасады. Олар Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығына 80-ге жуық кітапты тарту етті.
Волонтерлердің бұл игі бастамасы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды кітап оқуға ынталандыру, сондай-ақ кітап сыйлау дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды. Ақпараттық технологиялар дәуірінде де кітаптың құнды сыйлық болып қала беретінін көрсетуді көздеген оқушылар осылайша жас ұрпақты білімге, ізгілікке үндеді.

Орталық басшысы Құндыз Жайбергенқызының айтуынша, бүгінде орталыққа кітап сыйлау дәстүрі жанданып келеді. Нәтижесінде мекемедегі кітапхана қоры 300-ге жуық кітаппен толықты.
— Балаларға кітап – рухани азық. Олардың жаңа әлемді танып, білім көкжиегін кеңейтуіне көмектесетін ең жақсы досы – кітап. Осындай игі бастамалар жалғасын тапса, балалардың кітапқа деген қызығушылығы арта түсетіні сөзсіз, — дейді Қ.Жайбергенқызы.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ