Киік көбейсе, көзге күйік пе?
ҚАЗАҚСТАНДА КИІКТЕРДІ АТУҒА САЛЫНҒАН ТЫЙЫМ 2024 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ. БҰҒАН ЕЛІМІЗДІҢ КЕЙ ӨҢІРЛЕРІНДЕГІ ШАРУАЛАР «ЖАЙЫЛЫМДЫ БҮЛДІРІП, ШАБЫНДЫҚТЫ ТАПТАДЫ» ДЕП ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРІП ЖАТЫР. АЛ, АТЫРАУДАҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ? РАСЫМЕН, КҮРТ КӨБЕЙГЕН КИІК ЖЕРГІЛІКТІ ШАРУАЛАРДЫҢ КӘСІБІНЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕЙ МЕ?
-Киіктің киелі жануар екенін халқымыз ерте кезден біліп, оны орынсыз атпағаны тарихтан белгілі. Ал, экономикалық тұрғыдан алсақ, киіктер мемлекеттің көздің қарашығындай сақтап отырған алтын қоры десе де болады. Кеңес одағы кезінде де жағдай солай еді. Ертеректе мылтық жоқ кезде киікті тазымен аулап жүрді. Қақпан құрып та қолға түсірген. Бірақ, көп ауламаған. Айтқым келгені, қазір де мемлекет киіктің популяциясын нақты анықтап алуы керек. Содан кейін ғана оны белгіленген мөлшерде аулауға болатын шығар деп ойлаймын. Қалай болғанда да, бұл мəселеде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаған» дұрыс қой, — дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев бізбен əңгімесінде.
Қабылданған шаралардың нəтижесінде бүгінде еліміздегі киіктің саны 1,3 млн-ға жетті. Əйтсе де, енді ауыл шаруашылығы жануарлары мен киіктердің арасында жайылымдар мен суаратын жерлер үшін бəсекелестік күшейіп отыр. Киіктердің егін таптау жағдайлары жиіледі. Олардың оңтайлы саны 700-800 мыңды құрайды екен. Атыраудың даласында да олардың қарасы көрінеді. «Дегенмен, оның саны бізде аздау» дейді мамандар. Əрине, киік бір орында тұрмайтын жануар. Яғни, бес-алты күн өткен соң жайылатын аумағын ауыстырып отырады.
– Үйір ішінде бір белсенді киік болады екен. Сол жаңа жайылым жер іздеп кетеді. Тауып алған соң үйірді сонда апарады. Киіктер бұрын да көбейіп кеткен кездер болды. Бірақ, шаруалардың ешқайсысы Үкіметке шағым айтқан жоқ. Шаруагерлер өз жерлерін өздері қорғады. Жерін қоршап, қарауыл қойды. Қазір де дəл солай жасау керек секілді. Киік көп болған кезеңде оны аңшылар белгіленген мөлшерде аулап, етін мемлекетке тапсырды. Онда да кəрілерін немесе əлсіздерін аулады. Ол кезде базар деген атымен жоқ қой. Азық-түлікті адамдар кезекке тұрып алушы еді. Сондайда халық киіктің етінен қуырдақ жасап күн көрді, — дейді Қосыбек Салтанатұлы.
Экология жəне табиғи ресурстар министрлігінің мəліметінше, Қазақстан аумағында киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90 пайыздан астамы мекендейді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ