ХАТ ЖАЗЫП ТҰР
Махамбет ауданындағы Алмалы ауылының тұрғыны С.Ысқақұлы редакцияға жолдаған хатында: «Біздің ауылдың үстімен өтетін облыстық мәні бар осынау жолдың басталғанына айтарлықтай көп уақыт болмаса да, жұмыс қарқынының шапшаңдығынан көңілге қуаныш ұялайды. Бұл жолмен барлық аудан балалары демалатын орынға қарай бет түзейтін болады». Сондай-ақ, ол көптеген тал-терек пен ағаштың лажсыздан оталғанына, сол жоғалған байлықтың орнын біртіндеп толтыру жұмысының қазір қолға алынып жатқанына қуанады.
Ал, Курилкино ауылының тұрғыны, тыл еңбеккері Ғилым Меңдіғалиев өзінің «Ұмытылмас есімдер» деген тақырыппен жолдаған хатында қалаға таяу орналасқан Балықшы кентінің тарихына терең үңіледі. «Балықшы — Атырау қаласымен ұштасып жатқан ірі өндірістік аймақ. Өйткені, онда өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап жоғары сапалы балық өндірісі жұмыс жасады. Дайын өнімдер халықаралық сапаға ие болды. Сондықтан да, Балықшыдағы балық зауытын білмейтін адам кемде-кем еді», — дей келіп, Балықшы колхоз-совхоздарын өркендетуге үлкен үлес қосқан азаматтар — Х.Сұлтанов, О.Қарасаев, Ізмағанов, О.Еркінов, Төреғалиев, Ә.Бисенов, К.Қосыбаев, С.Есенғалиев, Қ.Ищанов туралы сыр шертеді. Сондай-ақ, мединститутты жаңа бітіріп келген жас маман Ғарифолла Шәңгереев, «Құрманғазы» колхозын әр жылдары басқарған Өтеп, Ғизат, Ғибадаттар жайында жазады. «Колхоздағы адал да, өнегелі ісімен танылған жанның бірі — Ізім Хамитов, — дейді автор. — Ол колхоздың қаржы жағын басқарды. Ақшаның мақсатсыз жұмсалмауына орасан зор мән берді. Ізекең өз қызметінің нағыз білгірі, тәжірибелі экономист-бухгалтер болатын. Бүгінде оның келіні Тәппат атасының орнын басты, маңдайалды экономист-инженер. Жалпы, бұл әулеттің барша ұрпағы өмірден өз орындарын тауып, ел игілігі жолында түрлі қызметте жүр».
Қызылқоғалық Кенжегүл Қарағожина өздерінің Ш.Еркінов атындағы орта мектепте «Сыра – адамзат баласы ойлап тапқан зұлым сусын» атты пікірталас өткенін, оған ауыл фельдшері Роза Қосжанова, ата-аналар кеңесінің төрағасы Амангелді Нысанов, мектеп психологі Ардақ Башимова шақырылғанын айтады. «Оқушылар — Бекзат Әйтішов, Тұрлан Балғынбай, Толқын Бақтығұл, Ақниет Аманжан, Нұрай Көпжасар, Бекболат Серік, Серік Айшуақ, Інжу Қаламғали, Аяжан Ғанидың сыраның адам ағзасына, жалпы өміріне тигізер зияны туралы айтқан пікірлері көп көңілінен шығып, орынды бағасын алды» дейді.
Алматы қаласынан хат жолдаған жерлесіміз Тілекші Бисембай: «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дегендей, өмірде армансыз адамның болмайтыны белгілі. Мен де облыстық ұлттық гимназиядағы аяулы ұстаздарымнан жақсы білім алып, өзіме бала кезден арман болған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті атандым. Бүгінде аталған білім ордасының «Химия және химиялық технологиялар» факультетінде «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша білім алудамын», — дей келіп, химик болуды мектепте оқып жүрген кезінен, тіпті химия оқулығын қолына алғаш алған сәттен бастап армандағанын айтады. Ендігі мақсаты оқуды жақсы аяқтап, Қазақстан деп аталатын ыстық та, қымбат Отанның қабырғасына кірпіш болып қалану, сөйтіп, туған жерге келіп, адал қызмет ету, деп қорытындылайды ол.
Атырау қаласының тұрғыны, зейнеткер Жарылған Сәрсен өзінің ұзақ жыл агротехникалық колледжде ветеринариялық хирургия, офтальмология және ортопедия пәндерінен дәріс бергенін, соңғы жылдары сол оқулықтарды қазақ тіліне аударумен айналысқанын, бірақ, «Фолиант» баспасының басшылары оқулық басу үшін ол кем дегенде 500 дана болу керектігін, ал бұл оқулыққа республика бойынша бар болғаны 79 данаға ғана сұраныс түсіп отырғанын айтып, қынжылады. Хатының соңында автор: «Бәлкім тиісті оқулықты шығаруға демеушілер табылып қалар…» — деп үміттенеді.
Қызылқоға аудандық сотының жетекші маманы С.Нұрғалиева «Ұсақ құқық бұзушылық елеулі қылмыстарға жол ашады» деген мақаласында «өткен жылы ұсақ бұзақылықпен байланысты әкімшілік құқық бұзушылық үшін 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 35 адамға көбейіп отыр» дейді. «Ұсақ бұзақылық жасау және оны бірнеше рет қайталау елеулі қылмыстарға жол ашатынын ескеруіміз керек», — дейді жетекші маман.
Лиза Сейтімова.