Жарнама
Қоғам

ХАН ОРДАЛЫ АТЫРАУ

 

XV ғасырдың ІІ жартысында Жәнібек пен Керей хандар негізін қалаған Қазақ хандығының «алтын бесігі» Шу өзенінің алқабы болса, XVI ғасырдың бас кезінде олардың ұрпақтары Бұрындық пен Қасым хандар Қазақ хандығының аумағын батысқа қарай кеңейтіп, Атырау жеріндегі Сарайшық қалашығына табан тіреді. Мұның соңы Сарайшықтың Қасым ханның тұсында қазақ хандығының астанасы ретінде саяси орталыққа айналуына жол ашты. Осы тұста қалашық тек  астана болып қоймай, Қасым ханның «мәңгілік мекеніне» айналған тарихи орын екенін де айта кеткен жөн. Зерттеушілердің пікірінше, Қасым хан 1521 жылы Сарайшықта жерленген, осыған орай оның қабіріне қатысты бір-екі мәліметке тоқталсақ:

Орал әскери құрамасының топографы, штаб-капитаны А.Алексеев 1861 жылы Сарайшық қалашығының құландысына зерттеу жұмысын жүргізу барысында «цитаделдің», яғни, қалашық ортасындағы қамалдың ішінен «хан моласын» көргендігін атап өтеді. Оның сипаттауынша, хан моласы күйдірілген кірпіштен қаланып, іші киіз үйге ұқсас етіп тұрғызылған. Шығыс жақтан кіретін бір есігі мен үш терезесі және ішінде екі үлкен, төрт кіші қабір болған. Бұдан әрі А.Алексеев қалашықтың сыртындағы мұсылмандар қорымынан ағаш шарбақпен қоршалған бейітке де тоқталып, оны 1846 жылы Жәңгір хан татар саудагерлеріне айтып жасатқан дейді. Сондай-ақ, топограф  цитаделдегі және қала ішіндегі бір қабірдің мұсылман саудагерлері мен қазақтар үшін «әулие» саналатындығын және оған жергілікті қазақтар бірнеше күн түнеп, ауруына ем іздеп келетіндігін еске алады.

Алексеев жазған «хан моласының» Қасым ханға тиесілі болу мүмкіндігін тарихшы А.Тоқтабаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Сарайшықтың аққу көлі» мақаласы да бір қадам жақындата түседі. А.Тоқтабаев өзінің мақаласында Атырауға танымал қоғам қайраткері Шоқан Қаржауов берген мына бір деректі келтіреді: «Әкем Мырзағали 1937 жылы мені хан бейітіне, Қасым ханның жанына жерлеңдер, бейіттің жанында мешіт болуға тиіс деп өсиет етті. Әкемнің өсиетін орындайын деп мәйітін Гурьевтен Сарайшыққа әкелдім. Сұрастыра жүріп, 90-ға келіп қалған бір ноғай шалына кездестім. Ол Қасым хан бейітінің баспалдақпен түсетін жартылай жерасты мешітінде екендігін айтты. Мешіттің бір қабырғасы түгелдей шымылдықпен жабулы тұр, ары қарай хан бейітінің үстінен шығасың. Әкемді сол жерге жерлеп, моласын соқтық».

Өкінішке орай, Қазақ хандығының қалыптасуы мен нығаюына айтулы үлес қосқан тарихи тұлға – Қасым хан мүрдесінің жатқан жері әлі күнге дейін анықталмағандығын айтуға тура келеді. Оны іздеп табу үшін арнайы археографиялық және археологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет.

Атырау өңіріндегі бірқатар тарихи ескерткіштер мен жер-су атауларының қалыптасуына Кіші жүз Әбілқайыр ханның ұрпақтары өзіндік үлес қосты. Оның алғашқысы ретінде Нұралы ханды айтуға болады. XVIII ғасырдың орта шенінде әкесінің мұрагері ретінде таққа отырған Нұралы хан тұсында Ресейден Хиуаға, Бұхараға және Ташкентке сауда керуендері тұрақты жүре бастайды. Ресей патшайымы ІІ Екатерина керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Орта және Кіші жүз қазақтарын отырықшылыққа көшіруді ойлайды. Осы мақсатпен Жем өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасынан Нұралы хан мен қазақтар тұратын бекініс қала салуды да жоспарлайды. Алайда, Ресейдің оңтүстік шығысында 1773-1774 жылдары болған И.Пугачев бастаған көтеріліс нәтижесінде патшайымның бұл жобасы іске аспай қалады.

Десек те, Нұралы ханның Атырау өңірін жаз-жайлау, қыс-қыстау еткендігін бірқатар тарихи дереккөздерден көруге болады. Мәселен, 1799 жылы Ресейден шыққан картографиялық материалға (Генеральная карта части России разделенная на губернии и уезды с изображением почтовых и иных главных дорог) үңілсек, Сарайшықтан Хиуаға баратын керуен жолының қазіргі Жылыой ауданы аумағындағы, яғни, Жем өзенінен оңтүстікке Маңғыстауға қарай шығатын бағытындағы бірқатар құдықтар мен көлшіктер «копани Нурали хана» деп белгіленген. Бұл атаудан Нұралы ханның сол аймақты бірнеше жыл жайлағандығын көруге болады. Алайда, бұл атаулар ХІХ-ХХ ғасырлардағы картографиялық материалдардан алынып қалуымен қатар, халық санасынан да өшкендігін айта кеткен жөн.

Осы жерде атап өтер тағы бір жайт, Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай ауылының шығу төркінін сол аумаққа (есімі белгісіз) ханның келуімен байланыстырады. Аңыз бойынша қазіргі ауылдың тұрған жеріне келген ханды ақ киіз төсеп қарсы алыпты-мыс, содан ол жер Ақкиізтоғай аталған деседі. Жоғарыда жазылған деректерді сараласақ, Ақкиізтоғай ауылының тарихи атауы Нұралы хан есімімен тығыз байланыста болуы мүмкін.

Нұралы ханның Атырау жеріндегі көші-қонысы қазіргі Жылыой өңірімен шектелмесе керек. Ресей Ұлттық кітапханасынан алынған келесі бір деректе Нұралы хан қыс мезгілінде Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына жақын маңда, яғни,  Жайықтың Кулагин (қазіргі Есбол) бекінісіне қарама-қарсы тұсында көшіп-қонды деп жазылған. Бұл мәліметті Махамбет ауданы Ортақшыл ауылы тұсындағы төре тұқымдары жерленген Жаналы қауымындағы құлпытастар да қуаттайды. Құлпытас – ғұрыптық белгі ғана емес, ол көшпелі қазақтың өміріне қатысты бірден-бір мәлімет беретін далалық архивтік дереккөз. Осыған орай, 2013 жылы Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының мамандары Р.Өтеуғалиев пен М.Жаңабай Жаналы қорымындағы құлпытастарды эпиграфикалық тұрғыдан зерттеу барысында, ол жерде Нұралы ханның ұрпақтары жерленгендігін анықтады. Нақтырақ айтқанда, құлпытастар Нұралы ханның немересі Әбілғазы сұлтанның ұлы Сейдәлі сұлтанға, сондай-ақ, Нұралының ұлы Арыслан сұлтанның немересі Тұнғалы сұлтанның ұлы Дүйсемғалиға және т.б. қойылған.

Атырау жеріндегі Нұралы хан ұрпағына қатысты «Ханшапқан» деп аталатын келесі бір тарихи атау қазіргі Индер ауданының Батыс Қазақстан облысымен шектесетін аймағында орналасқан. Бұл топоним Нұралының үлкен ұлы Есім ханды 1797 жылы Сырым батыр шапқаннан кейін пайда болса керек. Осы жерде ескерер бір жайт, бар болғаны екі жылға жуық ел билеген Есім ханға патша өкіметі 1795 жылы Тайсойғаннан үй салуға рұқсат берген еді, бірақ оның тұрғызылғаны немесе тұрғызылмағандығы бізге белгісіз. Дегенмен, бұл деректен Есім ханның Қаракөл мен Тайсойған өңірлерін жайлағандығын көруге болады. Оған дәлел ретінде Тайсойған құмының оңтүстік етегінде «Хандық»  атты жердің бар екендігін айтсақ, бұл атаудың тегіннен тегін қойылмағандығын білдіреді.

Әбілқайыр мен Нұралы хандардың ұрпақтарының ішінен Қазақстан тарихына елеулі болған тұлғаның бірі – Бөкей хан. Ол 1801 жылы І Павелдің рұқсатымен Еділ мен Жайық арасына Кіші жүз руларын бастап қоныстандырып, ол жер тарихта Ішкі Орда немесе Бөкей Ордасы атанғандығы көпшілікке мәлім. Қазіргі кезеңде Бөкей хандығы туралы сөз қозғалса, Батыс Қазақстан облысындағы Орда (Хан Ордасы) ауылы еске түседі. Алайда, Бөкейдің алғашқы сұлтандық ставкасы Каспий жағалауындағы “Қасалған” атты жерде болғандығын көпшілік біле бермейді.

Жалпы, Жәңгірдің өзі хандық билігінің үш жылын Каспий жағалауында өткеріп, Хан Ордасын 1827 жылы қазіргі Орда ауылының орнына көшірген еді. Сол себепті, өмірбаяндық деректерде айтыла бермейтін Жәңгір ханның туған жері Атырау топырағы екендігін айтқан жөн. Оның ішінде әкесі Бөкей бастап қоныстанған бүгінгі Исатай және Құрманғазы аудандарының аумағының бірі  болып есептеледі. Ал, оның әжесі, яғни, Бөкей ханның шешесі қазіргі Исатай ауданындағы Жалтыр көлінің жағасында жерленген. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы картографиялық материалдарда ол жер “Бөкей шешесі моласы” деп белгіленген.

Көріп отырғанымыздай, Атырау топырағы көптеген тарихты бойына бүгіп жатыр, оны ашып, келешек ұрпаққа жеткізу үшін алдағы кезеңде кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары тұрақты жүргізілуі қажет.

Мұхамбетқали КИПИЕВ,

тарихшы, Атырау облысы тарихи-мәдени

мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану

жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button