Жарнама
Қоғам

ХАЛЕЛ ТҰҒЫРЫ

 

dgsgsgs1903-09 жылдары Академия қабырғасында студенттік жылдарын өткізген Халел тек адамның  тән жарасына шипа іздейтін дәрігер болып қана қоймай, өз замандастары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы сынды халқының жан дертіне үңілген  қайраткер, ескінің көзі, жаңаның басы бола білді. Және сол Алаштың бас көсемі Әлихан Бөкейхан айтқан бір сөзі бар: «Ұлтшыл болу, халқын сүю – білімнен емес, мінезден». Аты аталған Арыстар араға көп уақыт салмай білімді, білікті ағартушы-ғалым болуымен бірге, азаттық  туын көтерген саяси көшбасшылар, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің негізін қалаған, ісін болашаққа жеткізген серкелеріне де айналды.

Біз жоғарыда Алаштың саяси және рухани көсемдері санатында, айрықша энциклопедист-білімдар ретінде теміржолшы-инженер Мұхамеджан Тынышбайұлының да атын атаған болатынбыз. Кейінгілерге қазақ тарихы мен шежіресі туралы  классикалық зерттеулер жазып қалдырған ғалымның ғұмырнамасы Халекеңмен тағдырлас, егіздің сыңарындай ұқсас: ол да осы жылдары Петерборда, Императорлық Жол қатынастары институтында оқыған, қуғын-сүргінге ұшыраған, жазықсыз атылған. Бірі – дәрігер, екіншісі-инженер бола тұра, оларды ұқсастыратын басты ерекшелік – астаналық әмбебаптық білім беру дәстүрінде жатса керек. Ол кезде атақты ғалым-ұстаздар талапты, талантты жастарды жеке-дара баулып, жол көрсетіп, қанаттандырып отырған, әрі ғылымға бейім, білмекке құмар студенттердің өз бетімен ізденуіне, мүлде мамандығына қатысы жоқ басқа жоғары оқу орындарында дәріс оқитын ғұламалардың алдын көруіне мүмкіндіктер жасалған. Міне, осылайша Нобель сыйлығының иегері, әлемге мәшһүр академик И.П.Павловтың шәкірті Халел зейінді де зерделі Мұхамеджанмен бірге В.В.Бартольд, В.В.Радлов, Бодуэн де Куртене сияқты атақ-даңқы айшылық жерге жайылған бірегей ғалымдардың дәрісін тыңдады, олардың қырағы көздеріне шалынды. Осылайша олар тек өз салаларының білікті мамандары болып қана шыққан жоқ, ресейлік және әлемдік ғылымдағы жаңа техникалық жаңалықтармен, адамзат пен қоғам дамуының тың теориялық тұжырымдарымен таныс болды. Түрлі ашық лекциялар мен диспуттарға қатысып, әлі оқулыққа енбеген ілім-қағидаттарды талдады, олардың авторларын көзбен көріп, дәрістерін тыңдады.

Осы орайда, энциклопедист Халелдің көп тіл білген полиглот екенін де жастардың біле жүргені жөн. Оның жеті жұрттың тілін меңгеруге күш салғаны, оған мұрша-мүмкіндігі болғаны да осы Петерборда оқыған студенттік кезі еді. Ол алдымен ана тілін сүйді, қадірледі. «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші. … Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» дейді ғалым-дәрігер. Ал оның мына бір тарихи жазбасы тура бүгінгінің жастарына бағышталғандай әсерге қалдырады: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Ана тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпау керек». 

Академияны үздік бітірген жас маман офицер ретінде кесімді мерзімге әскери міндетін өтеуге жіберіледі. Алдымен Пермь губерниясының Чердынск уезіндегі Марчанск учаскесінде дәрігер, одан кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал казак атқыштар батальонында әскери кіші дәрігер міндетін атқарады. Осы жылдары Орал қаласының қалалық ауруханасында бір жылдық мамандандыру курсынан өтеді. 1912, 1913 және 1915 жылдары оба (чума) эпидемиясының ошақтарында болып, өз өміріне төнген қауіп-қатерге қарамастан, обамен күрес істеріне түрлі деңгейде тікелей араласады. Сол кездегі тәртіп-заңға сәйкес, оба індетінің таралуына қарсы шара қолданудағы әрбір күні 12 күнге есептелінетін. Осы сіңірген еңбектерін және әскер қатарында «Романовтар үйі Патшалық құруының 300 жылдық естелігіне» орай Императорлық қола медальмен марапатталғанын алға тарта жүріп, 1913 жылы Орал облысы вице-губернаторы берген №6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден толықтай босанады да, Орал облысының Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасады.

Біз енді ғұламаның аттан түспей, Алаштың көсемі болған күрес жылдары мен айдаудағы азапты айларын аттап өтіп, оның ғылыми-шығармашылық һәм қоғамдық-педагогикалық қызметпен шындап  айналысуға мүмкіндігі туған «Ташкент кезеңіне» және осы 1921-28 жылдары атқарған ұлан-ғайыр тындырымды істеріне ғана тоқталмақпыз.

Ғылыми-зерттеу  жұмыстарын ұйымдастырушы, баспагер-редактор

1920 жылдың соңына таман Х.Досмұхамедұлы көптеген «алашшыл» қазақ оқығандары қатарында Түркістан Автономиялы Республикасының орталығы Ташкент қаласына келеді. Осы жылы тамыздың 21-і күні Түркреспубликасының Халық ағарту комиссариаты жанынан туыстас түркі халықтарының оқу-ағарту, мәдени һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы Білім комиссиясы құрылады. Ол алдымен осы комиссияның мүшесі (төрағасы – И.Тоқтыбайұлы), кешікпей төрағасы (1921-23) болады. Оның органы есепті «Сана» журналын шығарады, «Талап» атты әдеби-мәдени бірлестік ұйымдастырады…  1923 жылдың қыркүйегінде Түркреспубликасы Халық ағарту комиссариаты жанындағы Мемлекеттік Ғылыми кеңестің төрағасы. 1923 жылы сәуірде ТуркЦИК пен ТуркСовнаркомның арнайы тапсырмасы бойынша Жетісу облысын кешенді зерттеген ғылыми экспедицияға қатысады.  1924 жылдың 15 қаңтарында Ресей Ғылым академиясы жанындағы Орталық Өлкетану бюросының мүше-корреспонденті болып сайланады, оның сессияларына шақырылады. Осы жылдың маусымында Түркістандағы ғылым саласын ұйымдастырушы ретінде  Орынборда тұңғыш өткен Қазақ білімпаздарының съезіне арнайы қатысады. 1924-25 жылдары Қазақ ғылым-баспа комиссиясы төрағасының орынбасары. Осы жылдардағы архив деректеріндегі Х.Досмұхамедұлының өз қолымен жазылған ғылыми есептер  қазақ мектептері үшін алғашқы оқулықтардың жазылу тарихы мен баспа ісінің жолға қойылуы, жалпы Түркістан Республикасы мен Қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жай-күйі туралы көп мағлұмат береді.

Біздің айтпағымыз: осы жылдардағы Х.Досмұхамедұлының ұйымдастырушылық жұмысының арқасында кейін сан салаға жіктеліп өрістеген қазақ ғылымының іргетасы қаланды,  ол ғылым-білімнің, оның ішінде түркітанудың (қазақтанудың) алғашқы дәнін себуші, көшетін көктетуші ретінде бағалануы қажет. Ғалым алдымен мектептерді оқулықтармен қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайды. А.Байтұрсынұлының қазақ тіліне қатысты жазғандарын түгел жарыққа шығарумен бірге, барша алашшыл зиялыларға сала-сала бойынша оқулық дайындауға тапсырмалар береді, олқылықтың орнын толтыру үшін өзі де қолына қалам алады.

Тілші-ғалым, жаратылыстану ғылымдарыныңтерминін түзуші

Х.Досмұхамедұлының биология мен зоология, медицина мен жаратылыстану саласындағы алғашқы оқулықтарының тілі, осы салалар бойынша оның қазақ терминологиясына қосқан үлесі әлі күнге арнайы зерттеу объектісі болған емес. Оған бір жағынан біздің де «кінәміз» бар. Өйткені кезінде Халекеңнің мұрасын жинастырып, оны араб хәрпінен қазіргі жазу үлгісіне көшірген жылдары біз аталған оқулықтардың алғашқы 10-15 бетін ғана қайталап  жариялаған болатынбыз. Кезінде уақыт жетімсіздігі мен кітап көлемін белгілеген баспа талабына құлақ асқанымыздың үстіне, ол оқулықтар заманауилық тұрғыдан ескірді, мәнін жоғалтты деген ой-пікірде болғанымыз да жасырын емес. Әйтсе де соңғы жылдары қазақ ғылыми терминологиясына ерекше сұраныс туған кезеңде ғалымның еңбектерін тұтастай оқып-көргісі келушілер, оның төл терминдік жүйесіне қызығушылар көбейді. Бірақ, өкінішке  орай, оны қазіргі жазу үлгісіне көшірем деп ешкім белсеніп суырылып  шыға қоймады. Сондықтан ғалымның биология мен зоология, медицина мен жаратылыстану саласындағы ғылыми терминологиясын зерделеу, талқылап талдау ісі де түпнұсқалар айналысқа түспегендіктен тоқталып тұр.

Ал ағартушы-ғалымның қазақ ғылыми терминологиясына қосқан үлесін арнайы сөз етудің әбден қажеттілігінің тағы бір басты себебі бар. Өйткені Х.Досмұхамедұлы – білгір түркітанушы, тілші-ғалым. Сондықтан да оның термин түзушілік қызметін жай сала маманының  ділгірлігінен ғана туған құбылыс деп емес, ерекше жауапкершілік жүктеген, тіл қамы мен қамытын қоса сүйреген лингвист еңбегі деп бағалаған орынды.

Х.Досмұхамедұлы – түркітанушы дегенде біз алдымен оның «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты кітапшасы  мен «Диуани лұғат ат-түрк» мақаласын  ауызға аламыз. Оның сыртында әлі қолымызға түспеген мұралары мен «Түркі тілдері туралы» сынды авторлығы толық анықталмаған және әліпби ауыстыру мен термин (пән) атауларын қалыптастыру хақындағы талас-тартыстарда айтылған пікірлерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Мамандығы дәрігер ғалым ең алдымен қазақ (түркі) тілінің құрылымы мен жүйесін, оның фонетикасы мен грамматикасын терең меңгеруімен таңғалдырады.

«Түрік тілі – жалғамалы тіл. Жалғамалы тілдегі сөздердің түбірі өзгермейді. Сөз аяғына жалғанған қосымшалар арқылы өзгереді. Қазақ-қырғыз тілі – түрік тілінің бір тарауы. Сондықтан қазақ-қырғыз сөздері де түбірін өзгертпей, аяғына қосылған жалғаумен өзгереді,  –  дейді де, бұл тілдік заңдылыққа анықтама береді.  –  Қазақтың негізгі жалқы сөзінің түбірінде жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар бәрінің бірдей дауыспен (не жуан, не жіңішке) ұйқасып айтылуын білім тілінде «сингармонизм» дейді. Сингармонизм деген сөз, қазақша айтқанда, үндестік, ұйқастық деген мағынада». Оның өзге де түрік тілдерінің жүйе-құрылымымен таныстығына мына жолдар дәлел: «Сингармонизм – түрік тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті. Түрік тілдерінің көбі (Ыстамбұл түріктері, Қазан ноғайы, сарт-өзбек, тағы талайлар) түрік емес халықтардың сөзін көп алғандықтан, жат жұрттарға көп араласқандықтан осы айрықша қасиетінен айырылып қалып отыр. Осы күндерде қазақ-қырғыз секілді шет жұрттармен жарытып араласпай, нағыз түріктікті сақтаған елдердің тілдерінде ғана сингармонизм заңы өзгерместен қалып отыр». Одан әрі тілімізге ертеректе араб-парсыдан, орыс тілінен енген кірме сөздердің (Халекең «жат сөздер» дейді) үндестік заңына бағынғандығын дәлелдейді.    Одан әрі ғалым түрлі-түрлі тілдердің жіктеліс, классификациясына тоқталады. «…Әр топтың бір-бірінен айырмасы түрік тілінің маңғұл иә фин тілінен айырмасындай», – деген полиглот-ғалымның  пікірі оның өз дәуірінің барша ғылыми жаңалығымен таныстығын, әсіресе түркітанудың заманауи білім-біліктерін, ақпарат-мәліметтерін игергендігін танытады. «Сингармонизм заңы – жаңғыз қазақ тілінің емес, түрік тілінің заңы; тек түрік тілінің емес, Орал-Алтай тобына кіретін тілдердің заңы,  –  дейді ғұлама бұдан аттай бір ғасырдай уақыт бұрын.  –  Орал-Алтай тобы мынадай тілдерге бөлінеді:  1) фин тілі, мадиар-оңғар, фин (суами), есті, мордба, тағы талайлар; 2) самойет (қасуами); 3) түрік; 4) маңғұл (қалмақ, бурлат); 5) тоңғыз. Түріктің бұрынғы тарихы қытай, араб, парсы тілдерінде жазылған. Бұлар түрік-маңғұл сөздерін орасан өзгертіп жіберген». Кітапшаның соңында ғалым әрбір жастың ана тілінде сауат ашып, ұлттық білім алуының маңыздылығына ерекше назар аударады. «Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды… Әксент туады, бөтенше сөйлеуге, бөтен елдің адамынан айырылмастай болып сөйлеу бұларға өте қиын болады»; «Орыс мектептеріне кіргендердің есіл-дерті орыс тілін жақсы білу, орысша жақсы сөйлеу болатын еді. Орыс мектептеріндегі оқытулардың да бар тілегі жасөспірімге орыс тілін жақсы білдіріп, орыс тілін ана тіліндей қылып жіберу еді», – деген ескертпесін 70 жыл білмей, бойымызға сіңірмей келгеніміз қандай өкінішті!?. «Біздің айтайын дегеніміз мынау: бөтенше жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек», – деген ғалым ой-тұжырымы да  соңғы 20-25 жылда қайталап жарық көргенімен,  азат өмірдің ұранына айналмай, көп көбік сөзге көміліп  қалғаны өкініш үстіне өкініш….

Әдебиеттанушы-фольклорист,

махамбеттанушы

Х.Досмұхамедұлы рухани-мәдени өміріміздегі тағы бір шыңы, өшпес тарихи ізі – қазақ поэзиясының классигі,  жыраудың соңы, ақынның басы Махамбеттің алдаспан жыр-толғауларын жинап,  хаттап, арнайы кітап құрастырып, бүгінгі ұрпаққа мирас қылуы. Өткенін қастерлеген халықтар үрдісіне ден қойсақ, ол  осынау жалғыз-дара ерлік-еңбегімен – махамбеттанушы ретінде,  оның бастау-көзінде тұруымен ғана өз-өзіне мәңгілік ескерткіш орнатып, ұлттың ұлы көшті шежіресіне атын алтын әріппен жазып қалдырды.  Алаш арыстарының атын атауға тыйым салынған кеңес кезінің өзінде махамбеттанушы әрбір ғалым-зерттеуші оның еңбегін айналып өте алмады.  Академик Қажым Жұмалиевтен бастап зерделі зерттеуші Қабиболла Сыдиықұлына дейін оның жазбаларына табан тіреді, аты-затын айта алмаса да Махамбет мұрасын жарыққа шығару мен зерттеуде оны Темірқазық тұтынды. Ол тек махамбеттанушы ғана емес, қазақ әдебиеттануы мен фольклористикасында айрықша орны бар зерттеуші. Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз шешен, Ығылман жырау, Абай, Мағжан, Бернияз шығармалары мен  «Қарасай-Қази», «Қыз Жібек», «Кенесары-Наурызбай» жырлары туралы салиқалы пікір айтты, көпшілігін алғаш рет хатқа түсіріп, арнаулы редактор ретінде ықтияттап тасқа бастырды.

Халық ауыз әдебиетінің жидашысы сонымен бірге күні бүгінге дейін маңызын жоймаған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі теориялық зерттеуін жазды. Осы тұста ғалымның жан-жақтылығына, ғұламалығына, ой-тұжырымының өміршеңдігіне, заманалардан асыра айтылғандығына еріксіз таңданасыз. Ол сол кездің өзінде асыл қазына, фольклорлық мұраларды тек өлең-жыр, сөз өнерінің үлгісі деп қана танымайды, ұлттың мәдени-рухани «паспорты»-тұрмыс-салт қалпы, наным-сенім айнасы, тәлім-тәрбие ұлағаты екендігін дәлелдейді.

Сол себепті де ырым-сырым, түс жору, жын шақыру, арбау-оқу, көшіру, үшкіру, дем салу, кітап ашу, бойтұмар, құмалақ ашу, қағу және т.б. ұсақ формаларды тұңғыш рет фольклорлық әдеби үлгі ретінде қарастырады. «Аруақпен айтыс» сияқты реликтілік мұра-құбылыстарды іздеп тауып, жариялайды. Жалпы бұл мақала-очеркте баяндалған теориялық және практикалық қағидат-тұжырымдар, біздіңше, күні бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Өйткені ғалым-фольклорист В.В.Радлов, Ә.Диваев, Ы.Алтынсарин, Г.Потанин, Лютш, т.б. зерттеушілер жариялаған мұралармен бірге, Түркреспубликасының Қазақ-қырғыз Ғылыми комиссиясы экспедицияларының  Жетісу және Сырдария облыстары бойынша жинақтаған қолжазба материалдарын түгелдей сүзіп шыққан. Осылайша телегей-теңіз мол мұраға алғаш рет тұтас дүние ретінде қарап, жинақты, түйінді көзқарас қалыптастыруды мақсат тұтады. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін  46 түрге, тармақ-тарамға бөліп, жіктеп, яғни  қазақ фольклорлық мұраларының «халелдік классификациясын» түзеді. Жетпіс жыл бойы жұрт көзінен жасырылып, әдеби айналысқа түспеген «халелдік классификация» бүгінгі әлемдік түркітану мен фольклористика жетістіктеріне иек арта отырып арнайы талдап, тарқатуды қажет етеді.

Х.Досмұхамедұлының баспагер-редактор ретіндегі еңбегі де арналы сала. Оның әдеби-мәдени мұраға деген ерекше көзқарасын, Ығылмандай ақындарды, Ә.Диваевтай  жидашыларды жеке қамқорлыққа алуын, мәтіндерге текстологиялық зерттеу жүргізуі мен ғылыми түсініктер жазу әдістемесін алдағы уақытта кеңінен сөз етеміз. Осы тұста тек баспагер-ғалымның  құрастырушы, редактор, «дұрыстаушы» (өз сөзі), «түзетуші», ғылыми комментатор ретінде Абайдың таңдамалы өлеңдерін (Ташкент, 1922), «Кенесары-Наурызбай» (Ташкент, 1923), «Мұрат ақынның сөздері. Бірінші бөлім» (Ташкент, 1924), «Исатай-Махамбет. Бірінші бөлім» (Ташкент, 1925), «Терме» (Ташкент, 1925), «Аламан. Қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздер» (Ташкент,1926) сынды жинақтарды құрастырғанын және олардың қай-қайсысының да қазақ мұратануында өзіндік орны барын айта кеткіміз келеді.

Орны  толмас  өкініш

1930 жылдың 15 қыркүйегінде ол кінәсіз қамауға алынып, 19 ай Алматы түрмесіне жабылды. 1932 жылы 20 сәуірде Қазақстандағы ОГПУ «үштігінің» шешімімен бес жыл концлагерьге қамауға алыну жөнінде үкім шығарылып, кейін ол үкім Воронеж қаласына жер аударылумен ауыстырылды. Осы айдаудағы жылдарында ол дәрігерлік қызметімен отбасын асырады: 1932-34 жылдары – Воронеж қаласындағы  Орталық қаратопырақты облыстық денсаулық сақтау бөлімінің Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі; 1934 жыл, сәуір – Воронеж қалалық балаларды емдеу-профилакториялық амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары; 1934 жыл – Воронеж қаласының Орталық ауданының учаске дәрігері; ЮЖВД санучаскесінің санитарлық дәрігер-эпидемиологы; 1934-38 жылдары – аудандық денсаулық сақтау бөлімінің балалар бақшасында дәрігер; пионер лагерінде дәрігер (қызы Сәуленің естелігінен).

1937-38 жылдардағы өршіген репрессия жалыны алыс Воронежде жүрген Халекеңді де тыныш қоймады: туған жерге жете алмай зарығып, арып-ашып, әрі денсаулығына байланысты әбден қалжыраған Алаш көсемдерінің бірі тағы да тұтқынға алынып, Мәскеу түрмесіне жеткізіледі. Науқас, жүруге халі жоқ дәрігер, ғұлама ғалымды Алматы түрмесіне әкеліп, әбден азаптап, жауаптап, 1939 жылдың 24 сәуірінде Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатының әскери трибуналы «ату жазасына кесілсін» деген үкімін шығарады. Әдетте сталиндік репрессия үкімінің іске аспаған, орындалмаған кезі жоқ. Десек те, ҰҚК-нің мұрағатында мынадай бір құжат сақталып қалған (оның орысша түпнұсқасының көшірмесі жарияланып отыр).

Әрине, нәубет жылдардың  құжаттарына сенім аз. Бірақ, бір нәрсе айқын: советтік сызды түрме Халекеңнің денсаулыған құртып, жүйкесін әбден тоздырған еді. Мәселен, Воронеж қаласының Жүйке аурулар клиникасының меңгерушісі професор Б.Маркович 1933 жылы 10 желтоқсанда оның денсаулығы туралы мынадай анықтама береді: «Профессор Досмухамедов Х.Д. страдает токсикозом вегетативной нервной системы в резко выраженной форме на почве туберкулеза легких. Нуждается в немедленном отправлении на лечение в Сухуми, в саниторной обстановке».

Әрине, дәрігер, қоғам қайраткері һәм ағартушы-ғалым ретінде Қазақ тарихына өшпестей болып аты жазылған Х.Досмұхамедұлының өзіне көзі тірісінде-ақ қойып кеткен мәңгілік ескерткіші – оның келер ұрпаққа аманаттап кеткен ғылыми-мәдени мұрасы.  Осы тұста «проф. Х.Досмұхамедұлының ғұмыры ұзақ болғанда (яки зорлықпен өлтірілмегенде), сол ғұмырында тек ғылыммен айналысқанда – қандай биік жетістіктерге, шыңдарға жетер еді» деп қиялдайсың. Тіпті жазықсыз өмірі қиылғанның өзінде рухани мұрасына қиянат жасалмағанда, яғни 1989 жылға дейін аты аталмай, еңбектері ғылыми айналысқа түспей, өртеліп, өшіріліп келгені қандай обал-өкініш… Осындай ғұламаның мұрасын игермеген, одан әрі дамытпаған төл ғылымымыз – қазақтанудың (түркітанудың) жолы қандай ауыр, жалтыр-жадағай… Қалайша сол бір басты да кескен, тілді де кескен заманға лағнет айтпассыз… Сондықтан да Х.Досмұхамедұлы сынды ғұламаларымыздың атын ардақтау, еңбегін ұлықтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің қасиетті борышымыз болып қала бермек.  

Осы бағыттарда Х.Досмұхамедұлының қаламынан туған әрбір ғылыми еңбек, оқулықтарды талдау, зерделеу, қажеттісін игеру – кезек күттірмейтін шаруа.

Ғарифолла Әнес,

филология ғылымдарының

 докторы, алаштанушы,

 Әбілхан Сейтімұлы,

ҚР Мәдениет қайраткері,

саясаттанушы, Қазақстан

Журналистер Одағының

мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button