Жарнама
Қоғам

КЕУДЕСІ КҮМБІР КҮЙ ТОЛҒАН…

 

1952-53 оқу жылында Орпа ауыл кеңесіне қарасты «Папанин» жеті жылдық мектебін бітіріп, Тұщықұдық ауылдық кеңесінде орналасқан М.Горький орта мектебіне оқуға бардым. Бізден үш класс кейін – 5 класта оқитын кішілеу сары бала – Ғатауды бірінші көруім сол кезде. 1958 жылы  мектеп бітіргеннен кейін Алматы малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, оқу басталарда Ғатаумен сонда тағы кездестік. Ол 10 класты бітірген бойда біз жұмыс жасап барып түстік. Сөйтіп, институт қабырғасындағы  домбыра тартуға әуестігі бар балалардан оркестр құрамы жинақталды. Ғатау бастапқыда оның әрі ұйымдастырушысы, әрі көркемдік жетекшісі болды. Оркестр өнерін шыңдап, Алматыдағы көптеген институттардың оркестрлерінің ішінде бірінші орын алып жүрді. Оркестр 1960 жылы Қазақ телестудиясының бірінші ашылуына байланысты эфирден тікелей концертін беру құрметіне ие болды. Әрі өнерлі, әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Ғатау консерваторияға шақырылып, сонда оқу туралы ұсыныс жасалды. Бірақ, оны өзі қол көрмеді.

Мен Ғатаудың өнердегі қандай да бір жетістіктеріне куәмін. Соның ішінде оның күйді орындаудағы шеберлігіне тәнтімін. Ғатаудың домбырасының үнін бірден танып, перне дыбыстарының толыққанды,  орындаса да оның тақырыбына, мазмұнына қарай айтпақ ойын дәл жеткізуге тырысады. Күйлерді өзіндік ерекшелікпен орындап, суреттеп береді. Сонда түр мен мазмұн және орындаушылық шеберлік сабақтасады. Орындаушылық шеберлік дегенде Ғатаудың екі қолы да бірдей аса кербездікпен сұлу қимылдайтын еді. Бұл оның шебер және эстет күйші екендігін дәлелдейтін.

Әрине, Ғатау мұндай шеберлікті арнаулы оқу орнынан үйренген ештеңесі жоқ, халықтың өзінен, елдің ерен шеберлерінің қағысынан үйренді. Асылы мұндай шеберлікті кейде қанша оқысаң да игере алмайтының  бар. Ендеше Ғатау – елдің өзі оқытып түлеткен қас шебері, шын дарыны.

Оның орындауындағы Құрманғазының «Айда бұлбұл Айжан-ай», Дәулеткерейдің «Аңшылық», Баламайсаның күйлерін ешкім қайталай алмайды-ау деп ойлаймын.  Ғатау халық композиторларының күйлерін, соның ішінде төкпе күйлерді музыкалық сауаты бар домбырашылардан әлдеқайда артық, нақышына келтіре орындайды.   Ол күй орындағанда, күйдің тақырыбына, мән-мағынасына қарап, ол күй не деп тұр, осы жағына баса мән беріп, орындау стилін соған қарай ұйымдастырады.              

Кәсіби маман музыкант емес, елдің өз ішінен шыққан өнер жанашыры, күйдің «құлы» ретінде Ғатауды еліміздің төкпе күй өнерінің шын шебері дер едім. Ол әр шығарманы кербез алып, кең көсіліп, иін қандыра орындайтын. Жүрекке жеткізетін, сезім қылын шертіп, тұла бойыңа қан ойнататын еді.

Райхан  ҚҰСПАНОВ,

Индер ауданының Құрметті азаматы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button