Кескекті ердің сойы
Қазақтың өр рухты ақыны, халық батыры Махамбет Өтемісұлына батыр атындағы аудан орталығында ескерткіш қойылды.
Махамбет ауылының орталық алаңынан бой көтерген нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысып, бұл қасиетті де киелі орын ұрпақ санасын сілкінтіп, рухани жаңғыруға жол бастайтынын айтты.
– Өшкеніміз қайта жанып, рухани жанымыздың шамын қайта маздатқан жаңғыру кезеңінде ұлыларымызды қастерлеу – қасиетті борышымыз. Еңселі ескерткіш рухымызды оятып, ұлы мұраттарға жетелеп, елжандылыққа, отаншылдыққа үндейтін қастерлі де қасиетті жерге айналарына сенеміз. Бірқатар іс-шаралар осы монументтен бастау алып, Махамбет Өтемісұлының батырлығы мен ақындығы, айбыны мен ерлігі туралы талай айтылатын болады, — деді.
Батырдың төртінші ұрпағы Бағыт Ғабдуллин тарихи тұлғаларға ескерткіш орнату бүгінгі ұрпақтың оларға деген шексіз құрметі екенін айтып, Махамбеттің рухы бар қазақты қолдап жүрсін деп тілек білдірді.
Айта кету керек, ескерткіштің авторы – Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Серік Мәтениязов. Тұғырын темірбетоннан құйып, гранитпен қаптаған – «Батыс Альянс строй» мекемесі. Жалпы биіктігі 10 метр 80 сантиметрді құрайды. Салмағы бес тонна болатын мүсін қоладан жасалған.
Алтыншаш Құрмашева
Махамбет ауданы.